KZ
Өскемен
+2°
небольшой дождь жел 3,1 м/с, В
448.15 483.46 4.86

Шығысқазақстандық спортшылар жүлделі оралды

Шартты сурет (syrboyi)

3.03.2023, 19:02 240 Нұржан Кенжеұлы

Екі алтын және екі қола медаль. Қарағандыда мәресіне жеткен дойбыдан ардагерлер арасындағы ел чемпионатында шығысқазақстандық спортшылардың жетістіктері осындай болды.

Кеншілер қаласында өткен республикалық біріншілікке Қазақстанның 11 облысы мен қаласынан 40-қа жуық спортшы қатысып, дойбы ойынының екі түрінен сынға түсіпті, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Дәлірек айтсақ, биылғы чемпионатқа қатысушылар осынау үстел ойынының классика (45 минутқа созылатын ойын) және рапид (10 минуттық ойын) деп аталатын екі түрінен өзара мықтыны анықтаған екен. Мұны дойбыдан облыс құрамасының аға жаттықтырушысы Аман Ибраимовтан сұрап білдік.

– 10 күнге созылған биылғы жарысқа 50 жасқа дейінгі және жасы 60-тан асқан спортшылар қатысты. Жалпы, бұл жолғы дода өте тартысты әрі жоғары деңгейде өтті. Оны қатысушылардың тізіміне қарап-ақ аңғаруға болады. Мәселен, ерлер бәсекесіне қатысқан 27 спортшының 10-ы спорт шебері атағына ие болса, бір дойбышының тіптен халықаралық дәрежедегі спорт шебері деген атағы бар еді. Сол сияқты, әйелдер арасындағы жарысқа қатысқандар да шетінен мықты болды. Міне, осындай үздіктердің үздігі қатысқан сайыста жерлестеріміз намысты қолдан бермей, төрт медаль жеңіп алды. Негізі, биылғы жарысқа біздің облыстан үш-ақ спортшының қатысқанын ескерсек, жерлестеріміздің жетістігі шынымен де айтуға тұрарлықтай болғанын түсінеміз. Былайша айтқанда, біздің команда санмен емес, сапамен алды, – дейді Аман Ибраимов.

Белгілі болғандай, биылғы ел чемпионатында облысымыздың атынан Сәуле Бейсембаева, Юрий Соколков пен Максим Оспанов өнер көрсетіпті. Сондай-ақ жерлестеріміздің үшеуі де жүлделі орындарға ие болған екен. Әсіресе әйелдер арасындағы жарысқа қатысқан С.Бейсембаеваның жетістігі ерекше болды. Шығысқазақстандық спортшы дойбының екі түрінен де, яғни классика мен рапидтен өткен сайыстарда қарсылас шақ келтірмей, бірден екі алтын медаль жеңіп алды. Ал ерлер бәсекесінде бақ сынаған Ю.Соколков (жасы 60-тан асқан спортшылар) пен М.Оспановтың (50 жасқа дейінгілер) еншісінде бір-бір қола медаль бар. Екеуі де рапидтен өткен жарыстың жүлдегері атаныпты.

Осы ретте, А.Ибраимов спортшыларымыздың жарысқа қатысуына жан-жақты қолдау білдірген денешынықтыру және спорт басқармасының, сондай-ақ облыстық спорт ардагерлері кеңесінің басшылықтарына ерекше алғыс айтуды да ұмытпады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив