KZ
Өскемен
+11°
облачно с прояснениями жел 4 м/с, Ю
448.15 483.46 4.86

Өскеменде сарбаздар ант қабылдады

29.05.2023, 11:58 160 ALTAINEWS

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов атындағы 27943 әскери бөліміне Отан алдындағы борышын өтеуге келген 400-ге жуық сарбаз ант қабылдады.

Ант қабылдау рәсімі Өскемендегі облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығында ашық аспан астында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Қарулы күштердің қатарына іліккен жас сарбаздар бабаларымыздан мұра болып қалған ұлан-байтақ жері мен елін ақтық демі қалғанша қорғауға салтанатты түрде ант берді. Салтанатты шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеру рәсімімен басталды.

 – Жас сарбаздар, сіздер бүгін Әскери ант қабылдап, Отан қорғаушылардың қатарына қосылғалы тұрсыздар. Осы уақыттан бастап сіздерге жүктелген міндеттің жүгі ауыр болмақ. Себебі Әскери ант – әскери өмірдің өзгермейтін заңы, әскери өмірдің басталғанының нышаны. Әскери өмір дегеніміз – жарғымен белгіленген талаптарды орындау. Ал оны бұлжытпай орындау – парыз және қасиетті міндет, – деді 27943 әскери бөлім командирі полковник Азамат Әбікенов.

Әскери ант. Офицерлер пәрмені. Бұл жолғы Ант қабылдау рәсімі бұрынғыдан ерекше өтті. Табиғаты әсем, көрсе көзтоярлық жасыл-желектің ортасында мұндай шара алғаш рет өткізіліп отыр. Шараға қатысқан ата-аналар қауымы да өзгеше өткен жиынға тәнті болды.

– Бүгін баламның ант қабылдау рәсіміне қатысу үшін арнайы Орал қаласынан келдім. Ант қабылдау рәсімі осындай керемет жерде, ашық аспан астында өтіп жатыр. Бұл да өзіндік бір жаңашылдық болды. Жас сарбаздарға зор денсаулық, бейбітшілік пен амандық тілеймін. Ал әскери қызметшілерге тәуелсіз Қазақстанның қорғаныс қабілетін нығайту ісінде одан әрі табыстар тілеймін, – деді Лариса Петрянко. 

Шара соңында ата-аналар командирлермен тілдесіп, ұлдарының алдағы қызметі қалай өтетіні жайлы сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды.

Отан алдында адал болу үшін ант қабылдаған сарбаздар алдағы уақытта әскери мерзім аралығында жүктелген аса жауапты міндеттерін атқаруға кірісетін болады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив