KZ
Өскемен
+9°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, С
449.58 486.94 4.86

Саяси реформалар ел өміріне жаңару әкелді – Әскерхан Ақтай

30.05.2023, 10:46 370 Оразай Жеңісұлы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары туралы ақын, Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі, Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Әскерхан Ақтай пікір білдірді.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өткен жылы басталған саяси реформалар ел өміріне елеулі жаңару әкелді. Ата Заңға енгізілген сайлау жүйесіндегі өзгерістер халқымыз күткен әділдікке жол ашты. Биылғы наурызда өткен Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы ашық, әділ болды. Ең бастысы, барлық саяси партияларға тең мүмкіндік берілді. Бұрынғы сайлаулардан қарағанда бәсекелестер өте көп болды. Сонымен қатар бақылаушылардың қызметіне жағдай жасалды. Өткен сайлау әділ, ашық, бәсекелестікке толы, шынайы өтті деп айта аламын.
Билік ұстаушы AMANAT партиясынан халық зор үміт күтіп отыр. Партияның "Халықпен бірге" атты сайлауалды бағдарламасына енізілген уәделер орындалуы тиіс. Ол үшін сайланған депутаттар барынша мүдделі болуы керек. Ең бастысы – халықтың табысын арттыру, әлеуметтік жағдайын жақсарту және қоғамда әділдік орнату. Осы мәселелерді басты назарда ұстау керек деп ойлаймын.
«Әділетті Қазақстан» деген сөз – қоғамның барлық саласында әділет болуы керек деген сөз. Барлық азаматтар заң, әкімшілік, т.б. алдында тең болып, мемлекеттің игіліктеріне барлығы бірдей қол жеткізуі тиіс деген сөз. Өкінішке қарай, қоғамда әділетсіздік белең алғаны жасырын емес. Заңдар байлардың, лауазымды адамдардың мүддесін емес, барлық халықтың, қарапайым адамдардың мүддесін әділ қорғауы керек. Қоғамда әділет орнату – әлдеқашан кезегі жеткен мәселе.
Қазіргі уақытта жастардың барлық салада белсенділігін байқап отырмын. Жастарға бизнесте зор мүмкіндік беріліп отыр. Жас кәсіпкерлерге арналған несиелер, басқа да бағдарламалардың болуы – оларға жасалып отырған үлкен мүмкіндік.
Сонымен қатар сайлау жүйесінде жастарға арналған квотаның болуы жастардың билік жүйесіне, сайланбалы орындарға сайлануына жол ашты. Жастар қазір сауатты. Ойлау жүйесі жаңаша. Сондықтан жастарға зор үміт артып, оларға барынша мүмкіндік беру керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен жүргізілген өткен жылғы конституциялық реформа адам құқықтарының қорғалуына айтарлықтай бетбұрыс әкелді. Атап айтсақ, адам құқығы жөніндегі уәкіл тағайындалды. Тағы да айтар болсақ, митингілер өткізу, әр адам өз ойын ашық айтуға құқық беріліп отыр.
Елімізде азаматтық қоғам айтарлықтай дамып келеді. Қоғамдық ұйымдарды қолдау мәселесіне басымдық беру керек деп ойлаймын.  Азаматтық қоғам жетілген сайын елде демократия үрдісі дамиды, – деді Әскерхан Ақтай.


 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив