KZ
Өскемен
+17°
ясно жел 11 м/с, СБ
446.49 475.38 4.79

Өнер музейінің қоры құнды жәдігерлермен толықты - Өскемен

30.05.2023, 09:06 89 Оразай Жеңісұлы

Шығыс Қазақстан облыстық Өнер музейінің қоры «Арт-Заман» жобасы аясында  отандық кескіндеме мектебінің негізін қалаушы Әбілхан Қастеевтің, Суретшілер одағының басқарма мүшесі Алпысбай Қазғұловтың туындыларымен толықты.

Шығыс Қазақстан өнер музейінің директоры Бекайым Қасымханқызының айтуынша, «Арт-Заман» музей жобасының қызметі облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен 2017 жылы басталып, қазірге дейін жалғасуда.

– Жобаның негізгі мақсаты – музей қорын құнды жәдігерлермен толықтыру. Бес жыл ішінде жетпістен астам картина музей қорын байытты. Бұған еліміздегі ең танымал суретшілердің туындылары кірді. Сатып алынған түпнұсқалар тізімінде әйгілі суретші Әбілхан Қастеевтің, Бақтияр мен Азат Табиевтердің, Мағауия Аманжоловтың кескіндемелері және алпысыншы жылдар тобының негізін қалаушылары мен көшбасшылары – С.Айтбаев, Ш.Сариев, Г.Исмаилова, жерлестеріміз М.Жүнісов, А.Шоқановтың жұмыстары бар, – деді Бекайым Ұябаева.

Биыл музей қорын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері,  Суретшілер одағының басқарма мүшесі Алпысбай Қазғұловтың жұмыстарымен толықтыруға мүмкіндік болып, қылқалам шеберінің алты туындысы музейдің «Кескіндеме» топтамасына орналастырылған. Музей қорындағы әрбір картина сол заманның айнасы іспетті. Өйткені сол кездегі еліміздің ахуалын, даму үрдісін, сол замандағы адамдардың  тұрмыс-тіршілігін бейнелейді.

«Арт-Заман» жобасының бірегейлігі – «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасы аясындағы еліміздегі сурет өнерін дамытудың бүкіл тарихын объективті түрде көрсету мүмкіндігінде. Осы жоба арқылы музей мәртебесі жаңа деңгейге көтерілді.

Өнер музейінің басшысы айтып өткендей, бұл мәдениет ошағы үш бағытта жұмыс істейді: әдебиет, музыка, бейнелеу өнері. Бірақ қазіргі уақытта музейдің бейнелеу өнеріне басымдық беріліп отыр. Музейдің құрылған кезінен бастап бүгінге дейінгі тарихымен таныстыратын бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Бұл республикалық және халықаралық деңгейдегі пленэрлер, көрмелер мен конференциялар, «Дала дидары» өнер фестивалі, «Жастар шығармашылығы», «Алаш асылдары» және «Тарихтағы тұлға» байқаулары.

Сонымен қатар музей мамандары онлайн режиміндегі барлық форматтарды игеріп, қашықтан экскурсиялар өткізіп, нәтижесінде әлеуметтік желі пайдаланушылары музейдегі үздік экспонаттармен танысуға мүмкіндік алды.

Қазір музейде «Қазақтың хан, би, батырлары – Тәуелсіздік тамыры», тарихи жанрдағы көркем шығармалардан «1950-1960 жылдардағы қазақстандық бейнелеу өнері» көрме-байқауы, Ә.Қастеев атындағы  мемлекеттік өнер музейінің қорынан музейде өткізілетін республикалық көрме, Ә.Қастеев атындағы музей қызметкерлерінің қатысуымен «Музей құндылықтарын есепке алу және сақтау» тақырыптық семинары сияқты ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқандығы айтылды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив