KZ
Өскемен
+4°
пасмурно жел 3 м/с, СБ
444.32 473.33 4.76

Шекарадағы ауылдарда өзге елдің ұялы операторлары жұмыс істеп тұр

Фото: inbusiness.kz

5.06.2023, 17:02 255 Оразай Жеңісұлы

Бұл мәселені Үкімет сағатында Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров көтерді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

Депутат шетелдік ұялы операторлардың ел ішінде жұмыс істеуі Ұлттық қауіпсіздікке кесірін тигізетінін жеткізіп, Цифрлық даму министрлігінің өкілінен түсіндірме сұрады.

"Шекаралық аудандардағы Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне кері әсер ететін ең негізгі мәселе – шетелдік ұялы телефон операторларының жұмыс істеп тұрғаны. Мысалы, Қытайға қарайтын болсақ, Зайсан, Марқакөл, Тарбағатай, Мақаншы, Алматының Нарынқолында Қытайдың ұялы телефонының операторы істеп тұр. Ресей жақта Ресейдің ұялы телефонының операторы істеп тұр. Бұл – біздің еліміздің тұтастығына, ұлттық қауіпсіздікке тікелей әсер ететін мәселе", – деді Сайыров.

Депутат осы мәселе көтерілген соң Зайсан мен Тарбағатайда министрлік пен жергілікті әкімдік бірігіп ұялы телефонның стансалары қойылып жатқанын айтты. Жақын арада аталған аудандарда ел операторлары пайда болғанымен бұл мәселе Қазақстанның бүкіл периметрінде бар екенін атап өтті.

 Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек шекаралардағы радио толқындарын шектеу мүмкін емес екенін айтты. Сондықтан байланыс саласындағы өңірлік байланыс әкімшіліктері басшылары кеңесімен, 2009 жылдың шешімімен шекара арқылы радиосигналдарды таратудың максималды арақашықтығы 15 км-ге дейін белгіленгені жөнінде ақпарат берді.

"Облыс әкімдіктерінің ақпаратына сәйкес, Қазақстанның шекара аумағында 770 ауыл орналасқан. Оның ішінде 228 ауылда шетелдік операторлардың ұялы байланыс сигналдары бар. Ол рас. Сондықтан қазір "Қолжетімді интернет" ұлттық жобасына сәйкес 2024-2027 жылдарда осы ауылдарды жай байланыспен емес, сапалы интернетпен қамтамасыз етеміз", – дейді ол.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив