Өскемен
+5°
плотный туман ветер 1 м/с, С
474.47 503.51 4.88

Шығыстың әскери оркестрі топ жарды

6.06.2023, 14:23 233 0 Оразай Жеңісұлы

Шығыстың әскери оркестрі Мемлекеттік рәміздер күні және елорданың 25 жылдығына арналған плац-концертке қатысып, Гран-приге қол жеткізді.

Дәстүрлі фестиваль осымен оныншы мәрте ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Мәдени іс-шараға ҚР Ұлттық ұланының оркестрлері, Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі ансамблі, Қорғаныс министрлігінің Орталық оркестрі және Төтенше жағдайлар министрлігінің оркестрі қатысты. Сондай-ақ түрлі шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті.

Плац-концерт барысында музыкалық ұжымдар әлемдік классика мен халық арасында кең тараған рухты әндерді орындап, шеберлік байқасты.

Ұлттық ұланның әскери оркестрлері арасындағы байқауда Ұлттық ұлан Академиясының оркестрі (Петропавл қ.) үшінші орынды иеленді. Екінші орынды «Орталық» (Қарағанды қ.) және «Батыс» (Орал қ.) өңірлік қолбасшылықтарының жиынтық оркестрлері иеленді. Бірінші орынды «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының жиынтық оркестрі (Алматы қ.) иеленді. «Әскери керней» байқауының Гран-приін «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының жиынтық оркестрі (Өскемен қ.) жеңіп алды.

 

«Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығы атынан және өз атымнан барлық әскери дирижерлер мен музыканттарға конкурсқа қатысқаны үшін алғысымды білдіремін. Іс-шараны ұйымдастыруда көрсеткен қолдауы үшін Астана қаласының әкіміне ерекше алғыс айтамын. Соның нәтижесінде Қазақстанның үздік әскери оркестрлері елорданың мәдени алаңдарында өздерінің музыкалық шеберліктерін көрсетті. Барлық музыкалық ұжым мүшелеріне зор денсаулық, шығармашылық табыс тілеймін. Жаңа биіктерге жете беріңіздер! Сондай-ақ еліміздің өркендеуі жолындағы әскери қызметтеріңізге зор табыс тілеймін», – деді ішкі істер министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақанов.

Ұлттық ұланның бастамасымен әскери оркестрлер арасында фестиваль өткізу дәстүрге айналғанын айтуымыз керек. Бұған дейін бұл мәдени іс-шарада еліміздің ғана емес, Қытайдың, Ресейдің және басқа да шет мемлекеттердің жетекші ұжымдары өнер көрсетті.

233
0
00


Біздің Instagram-ға жазылыңыз

Жаңалықтарды жылдамырақ көріңіз

Жазылу

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив