Өскемендегі эко-орталықта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

Өскемен қаласындағы О.Бөкей атындағы кітапханаға қарасты «Борис Щербаковтың жасыл үйі» эко-орталығында осыған дейін атқарылған жұмыстардың тұсаукесері өтті.
Бұл орталықтағы түрлі жобалардың іске асырылуына және заманауи техникамен жабдықталуына «Samruk-Kazyna Trust» КҚ қаржылай қолдау көрсеткен. Шараға аталмыш қордың өкілдері - әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева, корпоративтік қызметінің бас менеджері Алдаберген Кемпірбаев және Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит қатысты.
«Жасыл үй» деп аты айтып тұрғандай, бұл орталықтың жұмысы өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Тарихшы, ғалым Борис Щербаковтың арқасында «Шығыс Қазақстанның Қызыл кітабы» атты тұңғыш электрондық қор құрылып, экологиялық сабақтар, таныстырылымдар, түрлі кездесулер мен тақырыптық шаралар ұйымдастырылуда. Балаларға арналған электронды микроскоп және қаланың ауасын, суы мен топырағын зерттеу көрсеткіштерінің жиынтығымен жабдықталған сандық үлгідегі эко-зертхана да құрылған.
Бұдан бөлек, жасыл үйге табан тіреген балалар заманауи технология арқылы бағдарламалаудың қыр сырын тәжірибе жүзінде меңгеріп, 3D-принтер арқылы құстардың ұясын, кішкентай жануарларға протездер және өсімдіктерге арналған ыдыстар жасайды. «Digital fashion» IT курстарында эко-киімдер үлгісін жасауды да үйреніп жатыр.