2022 жылы 6,7 млн қазақстандықтың табысы өседі

Ең төменгі күнкөріс деңгейі мен айлық есептік көрсеткіш мөлшері инфляцияға байланысты жыл сайын көтеріліп тұратыны белгілі. Алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде ең төменгі күнкөріс деңгейі мен айлық есептік көрсеткіш мөлшері артады екен. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайтында жарияланып отыр, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Бұл мемлекеттік бюджеттен зейнетақы мен жәрдемақы алатын 5,1 млн адамның кірісінің өсуіне әкеледі екен. Ал ең төменгі жалақының ұлғаюы экономиканың барлық салаларында жұмыс істейтін 1,6 млн адамның кірісінің өсуін қамтамасыз етеді.
Биыл ең төменгі күнкөріс деңгейі 34 302 теңгені құраса, бір айлық есептік көрсеткіш 2 917 теңге көлемінде бекітілген. Енді 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейі 36 018 теңге, ал айлық есептік көрсеткіш 3 063 теңге болады.
2022 жылға республикалық бюджеттен әлеуметтік міндеттемелерді орындауға 4 триллион теңге бөлінбек. Оның ішінде зейнетақы мен барлық әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшерін индексациялауға 190,4 миллиард теңге қарастырылған. Нәтижесінде 4,2 миллион адамның табысын артады екен. Нақтырақ айтқанда, 2,3 миллионға жуық зейнеткердің ынтымақты зейнетақы мөлшері 7 процентке және базалық зейнетақы төлемі 5 процентке көбейеді, 1,9 миллион адамның әлеуметтік жәрдемақысы 5 процентке көтеріледі, Сондай-ақ, таулы әлеуметтік көмек алатын 900 мыңнан астам адамның кірісі өседі.
Бұдан бөлек, мемлекет басшысының келесі жылдан ең төмен жалақыны 42,5 мың теңгеден 60 мыңға дейін көтеру бойынша берген тапсырмасы бар. Осылайша ең төменгі жалақы мөлшерінің өсуі 41%-ды құрайды.
"Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс берушілер еңбекақыны ең төмен жалақыдан кем емес деңгейде төлеуге міндетті. Бұл шараның арқасында әртүрлі меншік нысанындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1,6 миллион адамның ақшалай табысы өседі", - деп мәлімдеді министрлік.
Сонымен қатар, Үкімет бюджет саласы қызметкерлерінің жалақы деңгейін арттыру жөнінде дәйекті шаралар қабылдауда. Мәселен, 2020 жылдан бастап педагогтардың жалақысы кезең-кезеңімен артып, 2023 жылға қарай ол 2 есеге артады. 2021 жылы медициналық және әлеуметтік қызметкерлердің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру басталды, нәтижесінде 4 жыл ішінде олардың жалақысы 2 есеге артады.
Ал 2022 жылдан бастап мұндай жоғарылау әсер етпеген санаттардың жалақысы ұлғаяды. Олар – мұрағатшылар, кітапханашылар, мұражайтанушылар, орманшылар, техникалық қызметкерлер және т.б., шамамен 588 мың адам. Қазіргі уақытта дайындық жұмыстары жүріп жатыр.
Жалпы 1,2 миллионға жуық азаматтық қызметшінің жалақысы жоғарылайды.