Боранда жолда қалып қойсаңыз не істеу керек?

"Қазгидромет" ШҚ филиалының ақпараты бойынша, 23 қарашада қатты жауын-шашын мен көктайғақ болып, боран соғады. Осыған байланысты ШҚО Төтенше жағдай қызметі адамдарды мүмкіндігінше жолға шықпауға шақырады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Боран кезінде көру нашарлайды, жол кептелісі орын алып, көктайғақ болуы мүмкін. Сондықтан мүмкіндігінше елді мекендерден шықпаған жөн. Егер деалыс сапарға шығатын болсаңыз, жолға мұқият дайындалыңыз. Ең әуелі, көліктің барлық жүйелерінің техникалық жарамдылығын тексеру қажет.
Өзіңізбен бірге шыны тазалауға арналған құрал, күрек, қырғыш, жанармай қоры, шамдар, жылы заттар, телефон, зарядталған PowerBank, азық-түлік қоры, ыстық шай құйылған термос, түсті мата алып жүру керек.
Қай жаққа, немен және қашан шығатыныңызды жақындарыңызға, баратын жақтың адамдарына да ескертіңіз. Межелі жерге жеткеннен кейін үйдегілерге хабар беріңіз.
Ал қарлы боранда жолда қалып қойсаңыз, көліктің капотын жел жаққа қаратып қойып, жылы оранып, жанармайды үнемдеу үшін көлікті анда-санда бір жылытып қою керек. Құтқарушылар сізді тез байқауы үшін, ұзын таяқшаға түрлі түсті мата байлап, сыртқа шығарыңыз. Көлікте қозғалтқышты қосуға болмайтынын есте сақтаңыз, себебі мотор жұмыс істеп тұрғанда салонда улы газ жинала бастайды.
Сонымен қатар, елді мекен ішінде автокөлік жүргізушілері жылдамдық режимі мен қашықтықты сақтауы тиіс. Жаяу жүргіншілерге де жарақат алып қалмау үшін аса абай болу қажет.
Қатты жел мен боран кезінде билбордтарды, автобус аялдамаларын, ағаштарды, электр желілерін, металл қоршауларды паналауға болмайды. Автокөлікті ескі ағаштардың астына, билбордтар мен электр сымдарына жақын қоймаңыз.
Ең дұрысы, "Дәрмен"тегін мобильді қосымшасы арқылы автожолдардың жай-күйі, дауылды ескертулер туралы ақпарат алып, мүмкіндігінше үйде қалған абзал.
Төтенше жағдайлар туындаған кезде "112"телефоны бойынша хабарлаңыз.