KZ
Өскемен
+17°
ясно жел 11 м/с, СБ
446.49 475.38 4.79

Аягөзде жол жұмыстарының қарқыны жоғары

7.09.2022, 15:13 176

Аягөз ауданында жол жөндеу және көшелерді жарықтандыру мәселесі біріздентіріліп келеді. Бұл туралы бұған дейін жаздық. Соңғы уақытта ауданда атқарылған жұмыстар осы тақырыпқа қайта айналып соғуымыға ықпал етті.

Қазақ жерінің дархандығынан болар, облыс түгілі аудан жолдарының ұзындығы құс қанатын талдырғандай. Айталық Аягөздегі тек аудандық маңызы бар автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы  411 шақырым. Өткен  жылы осы жолдарды күтіп ұстауға 90 миллион теңге жұмсалды.

Ал Аягөз қаласындағы  жолдардың ұзындығы – 108 шақырым. Оның ішінде 56 шақырымы  қара жол болса, 40,5 шақырым асфальттанған. Өткен жылы 13 көшеге, 11,4 шақырым жерге  асфальт төселіп, 319,7 млн. теңге қаражат жұмсалды. Сондай-ақ тағы 13 көшеге қиыршық тасты құм жайылды. Мұның өзі тұрғындар тарапынан жоғары бағаланғандығын айтқан дұрыс. Көптеген көшелер жаңбыр жауғаннан соң лай-батпаққа айналып, балалардың мектепке баруына әжептәуір кедергі келтіретін. Бүгінгі күні ата-аналар да, мектеп жасындағы балалар да аудан басшылығына алғыс айтуда.

Сол сияқты, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы  аясында Мамырсу ауылының үш көшесіне 120 млн. теңгеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

– Жалпы, ауданымызда соңғы жылдары жол жөндеу жұмыстары дұрыс жолға қойылғандығын аңдап келеміз, – дейді Аягөз қаласының тұрғыны А.Беспаев. – Өз басым бұл мемлекетіміздің жүргізіп отырған әлеуметтік саясатының дұрыстығы деп білем. Шүкір, қазір ауданымызда көптеген игілікті істер қолға алынып, дер кезінде лайықты атқарылып келеді.
Жырақтағы елді мекендер мен ауыл округтерінің орталықтарында да тәп-тәуір жұмыстар жүрізілуде. Мәселен, жеті ауылдық округтің 10 көшесіне 18,1 млн. теңгеге ағымдағы жөндеу жүргізілді.
Аудан тұрғындарының көптеген сұраныстары мен өтініштеріне орай балалар мен жастарға арналған ойын алаңдары мен денешынықтыру нысандары салынуда.  Бұл жұмыс былтырғы жылы да жүргізілген болатын.  Мәселен, Аягөз қаласында 96,5 млн. теңгеге 12 нысан, ауылдық округтерде 72,9 млн. теңгеге барлығы 13 нысан тапсырылды.

Қала көркін кіргізу үшін көшелердің гүлзарларға айналып тұрғанын барлық аягөздіктер қалайды. Өткен жылы  10,5 млн. теңгеге Абай бульвары № 63-65 және  М.Әуезов көшесі №12 көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында сапалы абаттандыру жұмыстары  жүргізілді. Биыл да бұл жұмыс нақты қолға алынып, бүгінгі күні өзінің сәулеті мен салтанаты арта түскен. Қазіргі күні 16 аула аббаттандырылуда. Олар: Серғазин 28, 6 пункт, Кудерин 29, Дүйсенов 102, Дүйсенов 39, Дүйсенов 41, Дүйсенов 108, Дүйсенов 110, Ы.Сүлейменов 15, 17,  Уәлиханов 31, 33, Б.Момышұлы 66, 68, 70, 72 секілді аулалар.  Бұдан өзге қаладағы 11 көшеге жарық бағандарын орнату көзделіп отыр. Мәселен, Жаңа көше-1, Жаңа көше-2, Шынқожа батыр, Дүйсенбаев, Маңғазбаев, Байғабылов, М.Әуезов, Актюбинская, Би Боранбай, Зенин, Чкалов көшелеріне жаз айының соңына дейін жарық тартылмақ.
– Бұдан өзге Аягөз қаласының 7-квартал ықшам аумағындағы тұрғындар арасында «Питомник» деп аталатын жерге, Гагарин көшесінде  жаңа саябақтар құрылысы жүргізілмек.  Сол сияқты, Әріп Тәңірберген, Мұхтар  Әуезов  көшелеріне арбат құрылысы, Қабанбай батыр көшесіне (Битан тауы маңайындағы) аллея салу жұмыстары жоспарлануда, – дейді Аягөз қаласының әкімі Медет Нығматуллин. –  Өткен жылы қалада жалпы ұзындығы төрт шақырым болатын 139 жарық бағандары орнатылды. Сондай-ақ  Шөкімұлы, Сүлейменов, Ғаббасов, Терешкова, Школьная, Сейфуллин, Тоқсанғазин көшелері де бүгінгі күні заман үрдісіне сай жарықтандырылды.

Иә, ауқымды жұмыстар барлық ауылдық округтерде қызу жүруде. Мәселен, 12  ауылдық округте 388 бағандар орнатылды. Қорыта айтқанда төрт ауылдық округте 18 млн. теңгеге орнату жұмыстары, 10 ауылдық округте құны 10,9 млн. теңгеге бағандарды ауыстыру жұмыстары жүргізілді.

Аудан орталығы тоғыз жолдың торабына орналсқандықтан, келімді-кетімді жолаушылардың да көп болатыны анық. Сондықтан қаланың гүл жайнап, әсем болып тұруы аягөздіктер үшін тым маңызды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив