Күршім өзені ластанып жатыр – ШҚО

Әлеуметтік желілерде Шығыс Қазақстан облысындағы Күршім өзенінің ластанып жатқаны туралы бейнеролик тарады, деп хабарлайды, Алтайньюс тілшісі.
Экология министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, оқиға орнына Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экология департаменті жергілікті ІІБ және прокуратура қызметкерлері барды.
Күршім өзенінің арнасын Маралды ауылына қарай тексеру барысында өзеннің Қиынсу өзені ағатын жерде (Маралды ауылынан шамамен 12-15 км) ластану фактісі тіркелді. Бұл ретте Күршім өзенінің суы Қиынсу өзені ағатын жерден жоғарысы, таза. Жедел топ Маралды ауылының маңында орналасқан «Маралихаголд» ЖШС бағалы металдарды барлау және өндіру орнын қарап шықты.
Жүргізілген тексеру 2-3 тұндырғышта кенді байыту кезінде бұрын пайдаланылған су жоқ екенін көрсетті. «Маралихаголд» ЖШС жұмысшыларының айтуынша, 14 қазанда өндірісте пайдаланылған су «Васильевский» бұлағына түскен. Васильевский бұлағының суы «Бугуль» бұлағына құяды, ол Қиынсу өзеніне, ал ол өз кезегінде Күршім өзеніне құяды.
«Аталған факті АІІБ ақпаратты есепке алу кітабында тіркелген. Жиналған материал Экология департаменті мен Ертіс бассейндік инспекциясына жіберілді. Қабылданған шаралар туралы ақпарат қосымша хабарланатын болады», делінген хабарламада.