Нан алты пайызға қымбаттады – Energyprom

Елімізде нан бір жылда алты пайызға қымбаттады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
– Нан былтырғымен салыстырғанда 5,9 пайызға қымбаттады. Маусым айында баға осыны көрсетті, – деп мәлімдеді Energyprom сарапшылары.
Нан түрлерінің ішінде қарабидай-бидай нанының бағасы 9,2 пайызға өскені белгілі болды. Алайда бағасы бұдан бетер шарықтаған ұн өнімдері бар. Айталық макарон бағасы бір жыл ішінде 10,3 пайызға, ал кеспе 11,6 пайызға өсті. Ұннан жасалған кондитерлік өнімдер 8,2 пайызға қымбаттапты.
Сонымен бірге, биыл бірінші жартыжылдықта нан-тоқаш, макарон және ұннан жасалған кондитерлік өнімдер өндірісі төмендеген. Өндірілген өнім көлемі 111 миллиард теңге болды, бұл 2020 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 11,8 пайызға аз.
Жаңа піскен нан өндірісі 21,3 пайызға, 266,6 мың тоннаға дейін азайды. Макарон өнімдері, кеспе, кускус және сол секілді ұн өнімдері 17,9 пайызға, 75,6 мың тоннаға дейін төмендеді. Тек кептірілген нан мен печенье, кондитерлік өнімдер мен ұзақ сақталатын тәтті нандар өнімі сәл өскен.