Өскемен
-7°
ясно ветер 10 м/с, С
448.05 486.58 5.82

Қоқыс сұрыптайтын зауыт қалай жұмыс істейді, тұрғындар нені білуі керек?

21.07.2021, 18:01 33 0 Оразай Жеңісұлы

Өскемен мен Семейде қоқыс сұрыптайтын екі зауыт салынып жатыр. Зауыт іске қосылғаннан кейін тұрмыстық қалдықтардың кемінде 30 пайызын қайта өңдеуге жөнелтіп отырады деп жоспарланған. Біз зауыт қалай жұмыс істейтінін, тұрғындар бұдан қалай пайда таба алатынын және қаладағы даулы қоқыс полигонының мәселесі қалай шешілетінін анықтауға тырыстық.

Автоматтандырылған жабдықтар алынды

Өскеменде салынып жатқан зауыттың құрылысын республика бойынша қалдықтарды жинау, тасымалдау, қайта өңдеу және кәдеге жаратуды ұйымдастырушы «ӨКМ Оператор» компаниясы мен қала басшылығы  таныстырды. Кешен қоқыс полигонына жақын аумақта 4.2 гектар алаңда салынып жатыр. Жоба жетекшісінің айтуы бойынша, ғимараттың іргетасы құйылып, коммуникация жүргізілді. Қазір металл конструкциядан жасалған корпусты монтаждауға дайындық басталды. Кешен жылына 100 мың тонна тұрмыстық қалдықты сұрыптай алады. Пайдалануға 30 тамызда, қала күніне орай берілмек. Ал Семейдегі зауыт 29 тамызда қолданысқа өтеді.
Зауыт қоқысты автоматты түрде сұрыптайды. «Өскеменспецкоммунтранс» компаниясының директоры Қазез Махамбетовтің айтуы бойынша, зауытқа келген қоқыстың пакеті арнайы мәшинеде ашылады. Сосын төрт адамдық кабинада өңдеуге келмейтін тек ірі қалдықтар қолмен алынып тасталады. Одан ары барабан сепараторда ұсақ, ірі қалдықтар електен өтеді, баллистикалық сепараторда қалдықтар тойтарылады, магнит сепараторда қара металлдар алынып тасталады, құйын ток сепараторында алюминий металлдар алынып тасталады, оптика сепараторында қалдықтар сәуле арқылы жеке-жеке (мысалы, қағаз, пластик, целлофан) бөлінеді де соңғы кезең – пресстеуге жіберіледі. Бұл бөлімде сұрыптаудан өткен қалдықтар жиналып, бункерге сақтауға қойылады. Қойма толғанда қалдықтар пресстеліп, пакеттеледі де басқа облыстағы өңдейтін зауыттарға жөнелтіледі. 
– Автомат жабдықтарды басқаруға, шамамен, 30 адам жұмысқа алынады. Одан бөлек төрт-бес адам күзетші ретінде жұмыспен қамтылуы мүмкін. Айта кетейік, біз Грекияға екі рет бардық. Бірінші рет осы аталған жабдықтарды таңдадық. Екінші рет олармен жұмыс істеуді үйреніп қайттық, – деді Қазез Махамбетов.
Оның айтуы бойынша, бұл автоматтандырылған Sabo брендінің жабдықтары Грекиядан 1,35 миллиард теңгеге сатып алынған. Қазір қалаға оптикалық және баллистикалық сепараторлар жеткізілді. Тізбекті және таспалы конвейерлер, алдын ала сұрыптау кабинасы мен барабан сепараторы келесі партиямен алдырылады. Жабдықтар қала әкімдігінің балансына беріледі.

a4dc9afa-6aa3-47d6-8ed6-0b0a1f0d7a6e.jpg

Тұрғындар нені білуі керек
және полигон мәселесі қалай болады?


– Өскеменде тұрғын үй аулаларына сары, көк және жасыл түсті қоқыс контейнерлері қойылып жатыр. Әрқайсының сыртында қандай қалдықтарды тастау керегі жазылған. Сары контейнер қағаз, пластик қалдықтарға, көк контейнер шыны ыдыстарға, ал жасыл контейнер тамақ қалдықтарына арналған. Мұны StopMusor жобасы аясында еріктілер де халық арасында насихаттап, түсіндіріп шығады, – деді StopMusor жобасының үйлестірушісі Асыл Оқапова.
«ӨКМ Операторы» компаниясының директоры Медет Құмарғалиев халық бұл істі дұрыс түсінеді және қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға атсалысуға даяр деп сенеді. Оның айтуы бойынша, алдыңғы қатарлы елдер қалдықты сұрыптап, өңдеуге әлдеқашан кірісіп кеткен. Экологиялық ахуал әлемде қатты ушығып тұрғандықтан, қоршаған ортаны таза ұстау, табиғи өнім тұтыну өте өзекті болып отыр. Егер тұрғындар қалдықтың бәрін бір контейнерге салса немесе тасымалдаушы жүк мәшинелері тағам қалдықтарын өзгесіне қосып алып келсе, жоба құрыды деп айта беруге болады. Сондықтан әр контейнердегі қоқысты әртүрлі жүк көлігі зауытқа жеткізіп тұрады.
– Тұрғындар макулатура, пластик, шыны және металл қалдықтарын бізге тапсырып, табыс таба алады. Тамыздан бастап EcoQolday HOME жобасын жүзеге асырамыз. Тұрғындар осы жобаның қосымшасын смартфонға жүктей отырып, сауда-саттық тәсілімен жинаған қалдықтарын өткізе алады. Айта кетейін, елімізде қағаз, шыны қалдықтарды өңдейтін зауыттар бар. Олар шикізатқа зәру. Сондықтан зауыт жұмысы нәтижелі болары анық. Біз қоқыс жинау, сұрыптаумен айналысқысы келетін бизнесмендерге де қуана-қуана қолдау көрсететінімізді хабарлаймыз, – дейді Медет Құмарғалиев.
Сонымен, зауыт қалада жиналатын қалдықтың 30 пайызын өңдейді. Өңделмейтіні – тағам қалдықтары. Ол, шамамен, бір жыл көлемінде қолданыстағы полигонға тасталады. Ал келесі жылы қоқыс өртейтін зауыт салынады.
– Қолданыстағы полигон толып, пайдалану мерзімі асып тұрғаны бәрімізге белгілі. Келесі жылға дейін онда тағам қалдықтары пресстеліп тасталады. Келесі жылы дәл осы маңда қоқыс өртейтін зауыт салынады. Өңделмейтін қалдықтар сонда өртеледі. Қазір полигонда жиналған қоқыс та сонда өртеледі. Демек, болашақта бізге қоқыс полигоны мүлде керек емес, – дейді қала әкімінің орынбасары Денис Федченко.
Қалада қоқыс полигоны мәселесінің шешімі бірнеше жылдан бері табылмай келген. Аулалар мен аялдамаларға түрлі қоқыс жәшіктері және контейнерлер бұған дейін де қойылғанымен, оның ақыры түсініксіз күйде қала берген. Дегенмен биыл сұрыптайтын зауыт салынып жатқандықтан қала басшылығының жаңа контейнерлерді қоюы мен халыққа айтқан сөзі сенімдірек шығып отыр.

c71cb2a8-3e34-4e51-afcc-e733e58781e3.jpg

33
0
00

Біздің Instagram-ға жазылыңыз

Жаңалықтарды жылдамырақ көріңіз

Жазылу

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив