Маусымда +42°С ыстық болады – Қазгидромет

«Қазгидромет» РМК синоптиктері маусымға арналған консультативтік ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Маусымда Иран жақтан келетін жылы ауа массаларының әсерінен еліміздің басым бөлігінде күн ысиды. Тіпті орташа айлық температура нормадан 1 градусқа жоғарылап кетуі ықтимал.
– Айдың басында циклон әсері көбірек байқалады. Сол себепті кейбір өңірлерде 15-25 метрге дейін жел соғып, найзағай, бұршақ және дауыл болады. Солтүстікте, Орталықта және Шығыста күн аздап салқындайды. Түн мезгілінде термометр +2...+ 10 градусқа дейін, күндіз +12...+17 градусқа дейін, – төмендейді дейді синоптиктер.
Мамандардың айтуынша, кейінірек жылы ауа массасының келуіне байланысты күн жылынады.
– Айдың ортасына қарай Қазақстанның солтүстік, орталық және шығыс өңірлеріндегі күндізгі ауа температурасы +30...+38 градусқа дейін көтеріледі, кейбір аудандарда + 42 градусқа дейін; елдің оңтүстік-батысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында +35..+43 градусқа дейін, кейбір аудандарда +45 градусқа дейін, – деп хабарлады Қазгидромет.
Алайда "Қазгидромет" РМК мәліметі бойынша, Солтүстік Атлантика аудандарынан келетін суық ауа массасы әсерінен суық ауа райы орнауы мүмкін.
"Маусымда негізінен қысқа мерзімді жауын-шашын, секундына 15-20 метрге дейін екпінді жел, құмды дауыл күтіледі, бұршақ жаууы ықтимал. Жауын-шашын мөлшері Қазақстан аумағының басым бөлігінде нормаға жуық, республиканың оңтүстік-батысында және орталық бөлігінде нормадан аз. Елдің басым бөлігінде норма 25-49 миллиметр, елдің оңтүстік-батыс жартысында 4-24 миллиметр, Қазақстанның оңтүстік-шығысы мен шығысының таулары мен таулы аудандарында 53-99 болады деп болжанып отыр", - деді ведомство өкілі.
Синоптиктер бір айға арналған болжамды консультативтік болжам ретінде пайдалану керек екенін айтты. Ол кейіннен синоптикалық жағдайдың өзгеруіне қарай түзетіледі және онкүндікке арналған ауа райы болжамдарымен нақтыланады.