Ішіп алып көлік жүргізгендер жауапқа тартылды – ШҚО

Полиция қызметкерлері ішіп алып көлік жүргізген 20 жүргізушіні ұстады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Шығыс Қазақстан облысында «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы жүргізіліп жатыр. Тәртіп сақшылары үш күн ішінде көлік жолдарын қатаң бақылауға алып, ереже бұзғандарды жауапкершілікке тартады. Оған қоса қоғамдық көлік жүргізушілерінің медициналық тексеруден өткен-өтпегендігін де тексереді.
Шараның бірінші күнінде полицейлер 1 854 рет ереже бұзылғанын анықтады. Оның ішінде қоғамдық көліктің 19 жүргізушісі бар. Тағы 20 жүргізуші ішіп алып көлік жүргізген. Жолдың қарма-қарсы жолағына шығып кеткен 12 көліктің иесіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Тәртіп сақшылары жылдамдықты асырып, маневр ережелерін бұзған жүздеген жүргізушіні де жауапқа тартты.
– Сонымен қатар 250 жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпаған. Ал 180-нен астам адам рульде келе жатып телефонмен сөйлескені үшін айыпталды. Тағы 14 автомобиль ереже бұзып, апаттық жағдай туғызды, – дейді ШҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Талғат Нұриев.
Полиция басшысының айтуынша, сақшылар 36 көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірі шешіп алып, 56 машинаны арнайы тұраққа қойған.
Айта кетейік, «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу шарасы 23 сәуірге дейін жалғасады.