Қар тазалау түнде қарқынды жүреді – "Таза Өскемен" басшысы

Екі күн бұрын Өскеменді қасат қар басып қалды. Тұрғындар жолдардың нашар күрелгенін айтып, қар тазалаушы техникалар көзге де көрінбейді деп шағымданған еді. Бүгін жауапты мекеме басшысы жағдайдың анық-қанығын айтты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
«Таза Өскемен» директоры Тимур Екібасовтың айтуынша, қара тазалайтын техникалардың көпшілігі жол қозғалысына кедергі келтірмес үшін түнде шығады.
– Жұмыстың негізгі бөлігі түнде атқарылады. Сондықтан тазаөскемендіктер еңбегі бір сәт тасады қалғандай. Мәселен бір-екі күнде 12 мың шаршы метр қар шығарылды. Әлі де қарқынды жұмыс істеп жатырмыз. Алдағы аптаның алғашқы жұмыс күніне дейін қала іші мұнтаздай болады, – деді ол.
Әдеттегідей сенбіде қала тіршілігін барлауға шыққан әкім Жақсылық Омар «Таза Өскемен» басшысына барлық күшті жұмылдырып, бұдан да ұқыпты жұмыс істеуге тапсырма берді.
– Техника жеткілікті. Тиісті қаражат бөлінген. Кәсіпорынның құзырында бес бірдей мердігер компания бар. Тек ұйымдастыру жұмысы сәл сәтсіздікке ұшырап жатқан сыңайлы. Қарқынды күшейту керек, – деп пікір білдірді қала әкімі.