Қарлы боранда 26 адам жолда қалды – ШҚО

ШҚО Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері қарлы боранда жолда қалған адамдарды құтқарды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Барлығы 26 адам құтқарылды.
Көмек туралы алғашқы шақырту Мақаншы-Үржар тас жолынан түскен екен. Онда Тоyota Highlander көлігі жолдан шығып кетіпті. Құтқарушылар көлікті алып шыққан соң, жүргізуші мен екі жолаушы Мақаншы ауылына қарай жол тартты.
Келесі қоңырау Мақаншы-Благодарное автожолында қалып қойған 4 жолаушыдан түсті.
Тарбағатай ауданының Ақжар-Шілікті автожолында да екі автокөлік қар құрсауында қалған екен.
Оларға көмекке келген Өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері 4 жолаушыны қыстаққа жеткізді.
Омбы-Майқапшағай тас жолында 6 автокөлік қалып қойған екен. Оның ішінде «Газель» және КамАЗ көліктері де бар. Құтқарушылар арнайы техникамен келіп, көліктерді қар алып қалған жолдан шығарды. Сондай-ақ, 15 жолаушы Зайсан қаласына жеткізілді.
Төтенше жағдай қызметі тұрғындарды алыс жолға шыққанда ауа райы болжамы мен жолдардың жағдайын «Дәрмен» ұялы қосымшасы арқылы біліп алуға шақырады. Жолға шығарда көліктің аккумуляторын қуаттап, қолшам, жылы киім-кешек, трос, медцииналық дәрі қобдишасын алып жүру қажет. Туыстарыңызға жолдағы бағытыңыз бен межелі жерге жететін уақытты алдын ала ескертіп қойғандарыңыз абзал. Көмек керек болған жағдайда 112 нөміріне хабарласыңыздар. Дегенмен, қолайсыз ауа райында мүмкіндігінше жолға шықпаған жөн екенін ескертеміз.