Өскемен
-4°
небольшой снег ветер 0,6 м/с, Ю
458.69 501.3 6.52

Дүниежүзі және Қазақстанда коронавирусқа қарсы жасалған вакциналар туралы не білеміз?

7.08.2022, 00:37 80 0 Оразай Жеңісұлы

2020 жылдан бастап дүниежүзі бойынша коронавирусқа қарсы 200-ден астам вакцина жасалды. Бүгінге дейін екпенің кейбірі клиникалық кезеңнің бірнешеуінен сәтті өтсе, енді біреулері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мақұлдауын алып үлгерді.

ДДҰ-ның мәлімдеуінше, коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның көп болғаны маңызды, өйткені эффектісі жоғары әрі ең қауіпсізі халық арасында жаппай қолданысқа еніп, пандемияны тоқтатуға көмектеседі.

Қазақстанда қазір COVID-19-ға қарсы Спутник V, Спутник Лайт, Sinovac-CoronaVac, Sinopharm, QazVac, және Pfizer вакциналары пайдаланылады. Бұл вакциналар COVID-19-дан қорғағанымен, олар бір-бірінен ерекшеленеді. Медицина ғылымдарының докторы, профессор Павел Дерябиннің айтуынша, вакцинаның бірнеше типі бар. Оның ішінде коронавирусқа қарсы екпе жасағанда инактив, векторлық және генетикалық материал негізіндегі вакцина типтері қолданылған.


Вакцина типтері


Өлтірілген немесе инактив вакцина — жасанды ортада өсіріліп, кейін химиялық, термиялық немесе радиациялық жолмен өлтірілген микроб бөлшегін, бактерияны немесе вирусты пайдаланып жасайтын вакцина түрі. Белсенді емес қалыпқа түскен микроорганизм немесе вирус кейін адам ағзасында ауру тудырмайды, дегенмен ифекцияға қарсы иммунитет қалыптастырады. CoronaVac, QazVac, Sinopharm екпелері инактивті тип бойынша жасалып өндірілген.

Векторлық вакцина – вектор қолдану арқылы жасалатын екпе. Мұндағы вектор дегеніміз — қауіпсіз вирус. Вектор ретінде суық тию сияқты ауруды тудыратын аденовирустарды қолданады. Бұл вакцина түріне «Спутник V» және «Спутник Лайт» екпелері жатады.

Векторлық вакцинаны түсіндіру үшін көзімізге пойызды елестетейік. Оның вагондарын тарту үшін пойыздың тепловозы, паравозы, электровозы бар. Дәл сол секілді бұл екпе түрінің векторы бар. Вектор — аденовирус, бұл вирус каркас, яғни паровоз сынды тасымалдаушы рөлін атқарады. Ол вирусқа COVID-19 вирусының генетикалық кодын енгіземіз. Кейін дайын вакцина адам ағзасына түскенде, вирус жасушаға енеді және онда адам қорғануы керек вирус ақуыздарын түзеді. Келешекте бұл ақуыздар ағзаға вирусты тануға және онымен күресуге мүмкіндік береді.

Генетикалық материал негізінде жасалған вакцина – нуклеин қышқылына негізделіп жасалған екпе. Вакцина құрамында тірі вирус жоқ, сол себепті одан COVID-19 инфекциясын жұқтыру мүмкін емес. Онда SARS-CoV-2 вирусының омыртқалы ақуыз деп аталатын маңызды бөлігінің генетикалық коды бар. Вакцинациядан кейін адам денесі соның көшірмесін жасайды. Кейін адамның иммун жүйесі SARS-CoV-2-ні танып, онымен күресуді үйренеді.

Биотехнология, генетика және иммунология салалары кейінгі 20-50 жылда көп жетістікке жетті. Бұрын мүмкін емес, ертегі сияқты көрінген құбылыстар бүгінде қалыпты жағдайға айналды. Қазіргі кезде рекомбинант ДНҚ технологиясының арқасында вирусты өсіруді, оны қажетімізге пайдалануды үйрендік. Сонымен бірге пандемия кезінде вакцина дайындауда ДНҚ және мРНҚ арқылы вакцина жасаудың жаңа әдістері қолданылды. Бұлар — өте күрделі әдіс.

Спутник V - ресейлік векторлық вакцина. Оны Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология институты әзірледі. Бүгінде бұл екпе 71 елде мақұлданған. Бір қызығы, ғалымдар вакцинаның атауын алғашқы кеңестік ғарыш спутнигімен байланыстыруды жөн көріпті. Олардың айтуына қарағанда, 1957 жылы кеңестік «Спутник-1» жер орбитасына шығып, адамзаттың жаңа ғарыш дәуірін ашса, «Спутник V» «коронавируссыз» жаңа дәуірді қалыптастырады. Оған қоса атаудағы «V» — рим цифры емес, «ви» дыбысы. Бұл Victory (виктори) «жеңіс» және Vaccine «вакцина» деген мағынаны арқалайды екен.

Pfizer/ BioNTech — BioNTech неміс компаниясының америкалық Pfizer және қытайлық Fosun Pharma компаниясымен бірлесіп жасаған коронавирусқа қарсы вакцинасы. Оған қоса, бұл екпе түрін Comirnaty деп те атайды. Бүгінде Pfizer вакцинасын 159 мемлекет қолданады, оның ішінде Қазақстан да бар. Бұл екпе Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мойындаған ең алғашқы вакцина болып саналады.

Sinovac-CoronaVac және Sinopharm

Sinopharm – Бейжің биология өнімдері институтында әзірленетін Sinopharm компаниясының инактивті вакцинасы. ДДҰ оны 2021 жылғы 7 мамырда мақұлдаған. Екпенің 21 күн аралықпен салынатын екі дозасы бар.

QazVac — қазақстандық инактив вакцина. Оны білім және ғылым министрлігінің биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты жасаған. Қазір бұл вакцина Қазақстанда сәтті қолданылып келеді. QazCovid-in 2021 жылы Қырғызстанда да ресми тіркелді. Эффективтілігі — 82%, бірақ ДДҰ оны мақұлдамаған.

Біздің Instagram-ға жазылыңыз

Жаңалықтарды жылдамырақ көріңіз

Жазылу

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив