Енді Есенберлин арқылы бірден Алматы трассасына шығуға болады – Өскемен

Өскеменнің 19-шы шағынауданы мен Алматы трассасының арасын жалғап жатқан автокөлік жолы қаланың дамуындағы маңызды жобалардың бірі. Қазір бұл жолдың жаңа бөлігіне тегістеуші қабат төселді. Енді Есенберлин даңғылы арқылы бірден Алматы тасжолына шығуға болады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
– Алматы жолына жеткеннен кейін КШТ мен Меновное ауылын айналып жүрмей-ақ, Семей трассасына және Понтон көпіріне тартуға болады, – деп жазды қала әкімі Жақсылық Омар Instagram парақшасында.
Сондай-ақ Алматы трассасы жағынан Күленов кентіне және Самар тасжолына қысқа жол ашылды.
– Ал жалпы ұзындығы шамамен 4,5 шақырым болатын автожолдағы жұмыстар келесі жылы аяқталады. Мұнда асфальттың жоғарғы қабатын төсеу қажет. Сонымен қатар тротуарларды абаттандыру, көше жарықтарын орнату сынды жұмыстар бар, – деп жазды Жақсылық Мұқашұлы.
