KZ
Өскемен
+7°
переменная облачность жел 4 м/с, ОШ
449.58 486.94 4.86

Өскеменнің 19-шы шағын ауданын абаттандыру жұмыстары аяқталды

22.10.2020, 08:54 152

Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің тапсырмасымен қолға алынған облыс орталығының 19-шы шағын ауданын абаттандыру жұмыстары биыл соңына жетті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі. 

Жалпы жаңа шағын аудандарды абаттандыру екі-үш айдың айналасында біте салатын шаруа емес. Оның үстіне тұрғындарға қатысты мәселеде тиянақтылық танытпай болмайды. Әрине кей-кейде жобалар ұзақ уақытқа созылып, тіпті соңы сиырқұйымшақтанып кететін жағдайлар да кездесіп жатады. Біраз уақыт бұрын осы бір тұрақты сөз тіркесі Өскемен қаласының 19-шы шағын ауданына да қатысты ма деген жорамалдар болғаны рас. Тұрғын ауданда мектеп, балабақша, емхана мен басқа да әлеуметтік нысандар бірінен соң бірі бой көтергенімен, аудандағы тұрғын үй кешендерінде жайлы жағдай жасауға байланысты жұмыстар ақсап келді. Осыған орай аймақ басшысы Даниал Ахметовтің тапсырмасымен өткен жылы тұрғын ауданды абаттандырудың кешенді жоспары әзірленіп, 2020 жылы оның кескін-келбетін түбегейлі өзгерту жоспарланды. Жоспар бойынша абаттандыру жұмыстарын екі кезеңде жүргізу ойластырылды. Биыл бұл мақсат толық орындалып, ұзақ мерзімді жоба жұмыстары соңына жетті.

Абаттандыру жұмыстарының бірінші және екінші кезеңдерін жүргізу мақсатында «АбаданҚұрылыс» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, жөндеу жұмыстарын 2020 жылдың қараша айының соңына дейін жүргізу көзделді. Алайда қала әкімдігі абаттандыру жұмыстарын 15 қазанға дейін аяқтау міндетін қойды.

Сонымен қатар жаяу жүргіншілер жолдарының бойын жарықтандырып, жерасты сулары ағатын каналдар маңын абаттандыру да көзделді. Жобаның екінші кезеңінде тұрғын ауданның 1-ші және 2-ші кварталдарының қалған бөліктерін абаттандыру жоспарланды. Қос кезеңде атқарылған жұмыстар нәтижесінде тұрғын ауданда бірқатар істің басы қайырылып, көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары абаттандырылып, балалардың ойын және спорт алаңдары салынды. Атап айтсақ, бөлінген қаржыға 12 аула толықтай абаттандырылды. Сонымен қатар тротуарлар мен аула жолдары қалпына келтірілді. Тұрғын аудандағы аллея мен аула ішіндегі және квартал ішіндегі жолдар, сондай-ақ балалардың ойын және спорт алаңқайлары жарықтандырылды. Сметалық құжаттамаға сәйкес, аудан бойынша 381 дана жарық бағандарын орнату жоспарланып, мақсат толық орындалды. Бүгінгі таңда орнатылған жарық бағандарының басым бөлігі аулаларды жарықтандыруға арналса, қалғаны аулаішілік және кварталішілік жолдар мен аллеяны жарықтандыруға арналды. Бұдан бөлек, абаттандыру жұмыстарымен жарты шақырымнан астам жауын суы ағатын канал жасалып, мыңға таяу жас ағаш көшеттері отырғызылды.

Жалпы, тұрғын ауданды жасыл желекпен көмкеру жұмыстары мұнымен тоқтап қалмайтын сыңайлы. Қаланың құзырлы органдарының хабарлауынша, әлі де 1600-ден астам көшет отырғызылмақ. Сонымен қатар 20 мың шаршы метрден астам аумаққа газон егіліп, тұрғын ауданның аллеясындағы 5,4 мың шаршы метр аудан жасанды жасыл шөппен көмкерілді. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде бөлінген қаржы мақсатты жұмсалып, толық игерілді. Жалпы, биыл Өскемен қаласы бойынша «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 55 аула абаттандырылды. «Алтайстрой» және «Ремдор» мекемелерімен келісімшарт бекітіліп, аулалар түрленді. Атап айтсақ, қураған ағаштар кесіліп, 24 ойын, бес спорт және жеті тартанды алаңдар орнатылды. Бұдан бөлек, 10 мың шаршы метр алаңға тас тақталар төселіп, төрт мың шаршы метр жерге газон егілді. Сегіз мың текше метр құнарлы топырақ төгіліп, демалыс алаңдары жасалды. Бүгінгі таңда тұрғындардың тілек-талаптарына орай жүргізілген абаттандыру жұмыстары аяқталды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив