KZ
Өскемен
+6°
ясно жел 1 м/с, С
439.43 473.31 4.82

Балуандарымыз Еуразия кубогінде үшінші орынды қанағат тұтты

28.12.2018, 05:54 121

Нидерланд Корольдігінде қазақ күресінен Еуразия кубогі сарапқа салынған командалық жарыс мәресіне жетті. Әдеттегідей, бұл сында да отандастарымыз жақсы өнер көрсетіп, жүлделі орыннан көріне білді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


Турнирге Еуропадан Беларусь, Германия, Грузия, Нидерланд құрамалары, ал Азиядан Қазақстан, Қырғызстан Моңғолия мен Өзбекстан командалары қатысып, екі топқа бөлініп өзара мықтыны анықтады. Командалық форматта өткен жарыста біздің құрама алдымен өзбек, артынша қырғыз балуандарын тізе бүктірді. Алайда, финалға берілер жолдаманы Моңғолия құрамасымен сарапқа салған отандастарымыз қарсыластарына 2:3 есебімен есе жіберіп қойды. Өкінішке қарай, бұл кездесуде Жақсылық Мұсырманов пен Қуаныш Мұратовтың жеңісті жолын өзге жігіттеріміз жалғай алмады. Ал еуропалықтар сайысында Грузия құрамасы топ жарды. Гүржістандықтар финалда да тамаша белдесіп, Моңғолия балуандарынан айласын асырды. Осылайша, Грузия құрамасы Еуразия кубогының иегері атанды. Ал қазақстандықтар жарыс иелерін ұтып, жүлделі үшінші орынға ие болды.


Айта кетейік, ұлттық құрама сапында қос бірдей жерлесіміз өнер көрсетті. Олар: 60 келіге дейінгі салмақта белдескен Өскен Төлеубеков пен аса ауыр салмақта сынға түскен Талғат Әміренов.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив