KZ
Өскемен
+13°
переменная облачность жел 8 м/с, С
445.66 474.58 4.78

Асыра дінге берілген азаматпен сұхбат

20.11.2018, 06:31 149

Ислам дінінің қазақ даласына келуі күні кеше ғана емес. Тарихы тым ертеден басталады. Жаугершілік заманда аттың үсті, түйенің қомында жүрсе де ата-балаларымыз әділетті, ақжол деп дәл осы «Ислам» дінін қабылдаған. Араб тілінен аударғанда «Бейбітшілік, бағыну, мойынсұну» деген мағынаны білдіретін ислам жер шарын мекен етуші халықтың көпшілігі мойындаған діннің бірі.


Алайда ата дініміз санап келген мұсылманшылығымыздан қызыл Кеңестің кесірінен ажырап та қалар сәттің болғанын жасырмаймыз. Даламыздағы мешіт атаулы жабылып, қол жайып, бет сипау дегеніңіз «нағыз қылмыстың» қатарына жатқызылды. Еліміз Тәуелсіздігін жариялаған тұста ұлттық болмыс, санаға салынған құрсаумен қатар діндегі бұғауда босатылып сала берді.


Аяғын қаз-қаз басқан жас мемлекетімізге түрлі ағымдағы діни бірлестіктердің ағылғаны да осы тұс. Олар алғашқы кезде еліміздің әр түкпірінде қайырымдылық қорлар, діни сауат ашу курстарын, араб тілін үйрететін оқу орындарын ашып, көптеген жастардың санасын улады. Қала берсе орыс тіліне аударылған тегін діни әдебиеттер таратумен діни сауаты жоқ қандастарымызды өз қатарларына тарта білді. Дінге сусап қалған елдің ертеңіне баланған жастарымыздың алды өткен ғасырдың 90 –шы жылдары діни білім алу мақсатында араб елдеріне бет алды. Бірақ бұл сапарларының Алланың жолында турашыл жол емес, адамның қолымен жасалған адасу екенін көпшілігі біле бермеді. Нәтижесінде теріс бағыттағы идеологияның шырмауына іліккен кейбір жастар елге оралысымен сол теріс діни ағымның ұстанымдарын насихаттауға көшкендігін байқамай да қалды. Ақ пен қараның ара –жігі ажырар уақыт өтсе де, әлі де адасып жүрген отандастарымыз аз емес. Олардың алды істеген әрекеттеріне опық жеп, бармақ тістеп, соңы темір тордың арғы жағында жазасын өтеп шыққандар. Осы материалды жазарда солардың бірімен болған сұхбат есіме еріксіз оралып отыр. Облыс тумасының басынан өткен бұл оқиғалар көпке сабақ боларына сенімдімін. Аты-жөнін құпия қалдыруымды өтінген жерлесіміздің қойылған сұрақтарға берген жауаптарын қаз-қалпында ұсынылды.


- Дінге бет бұру үшін де үлкен дайындық керек. Оған атүсті келе салу жарамайды. Сіз қалай келдіңіз, не түрткі болды?


- Өз басым дін жайында алғаш білім ала бастағанымда молда болмаса имам болайын деген мақсат қойғаным жоқ. Менің бар ойым дін жайында жалпы мағлұмат алу еді. Құран жаттап, намазға жығылуды көздедім. Бірақ 90-шы жылдардың орта тұсы бүгінгідей ел жаппай мешітке барып жүрген кез емес. Алғашында 2 жылдай қала мешіттеріндегі жұма намаздарына үзбей қатысып жүрдім. Сондағы байқағаным – мешіттерде, имамнан бөлек, қариялар ғана отыратын. Жастар жағы тым аз. Бірде мешітке келген өзім қатарлас жастармен танысып, олардың сол кезде қаламызда шетелдіктер ашқан медреседе білім алып жүргендерін естідім. Содан, жалпы, діннің не екенін білмекке, ілім үйренуге медресеге шәкірт болып бардым. Бардым дегенімнің өзі жай сөз. Үзіп–жарып 1 жылдай сол жерден білім алдым. Мен ол кезде әліппені жаңа ашып, қолына қаламды алғаш ұстаған баладай ештеңеден хабарсыз едім. Мен үшін дінде аражік бар деген түсінік, ой болмады.


- Діни сауатыңыз аз, өзіңіз қалаған ілімді медреседен ала алмадыңыз. Ары қарай іздендіңіз бе?


- 2000-шы жылдардың басында Шымкентте білім алып келген ескі танысыммен кездестім. Ол жоғарыда өзім айтқан медреседен бірге кеткен жігіт еді. Сол маған таухид дегеніміз не екенін түсіндіріп, ширктен сақтану амалдарын үйретіп, «дінге көптеген жаңалықтар енді, сен де үйреніп ал» деп біраз мағлұматтар берді. Мен сол жігіттікі дұрыс, бізде көп ағаттық бар екен деп түсіндім. Оның үстіне оңтүстікке сол кез-де шетелден әсіресе БАӘ мен Пәкістаннан дін мамандары жиі келіп жатты. Маған насихат жүргізген жігіттің сөзіне қарап отырып, түрлі сұрақтар туды. «Неге біз барлығымыз намазға жығылмаймыз, неге Құранмен ғана шектеліп, өлімге ғана барамыз? Жылына бір келетін


оразамызды ұстасақ қана мұсылманбыз ба?» деген сауалдар жиі мазалайтын болды. Міне, осыдан келіп мен Әбу – Ханифа мазһабын емес, сол мазһабты ұстанатын адамдардан алыстай бастадым. Бірақ маған Әбу–Ханифа мазһабының ұстанымы қате деп ешкім айтқан емес. Ал жаңағы танысым арқылы шетелден келген ханбали, шафиғи сынды мазһабтардың бар екенін білдім. Бірақ бәрібір олардың қандай айырмашылығы бар екенін, нені көздейтінін, қайсысының дұрыс, қайсысының бұрыс екенін ажырата алмадым. Оның бір себебі – бүгінгідей білімді мамандар жоқтың қасы еді.


- Әбу–Ханифа мазһабын ұстанған адамдардан алыстай бастадым дейсіз. Оны қалай білдіңіз?


- Өзіңіз де жақсы білесіз, 2001 жылдан бері қарай әлемнің әр бұрышында түрлі жарылыстар бола бастады. Ең сұмдығы – сол жарылыстарды ұйымдастырушы мұсылмандар деген жаңсақ пікір пайда болды. Жамандық атаулының бәрін соларға әкеп теліді. «Лаңкестік ұйым, лаңкес» деген сөздер пайда болды. Осыны желеу еткен кейбір мемлекеттер мұсылман елдерінде соғыс өртін тұтатты. Міне, осы жайлы көптеген ақпараттарды өзімнің бауырластарымнан естіп-біліп отырдым. Олар маған түрлі бейнероликтер көрсететін. Ол бейнероликтерде кинодағыдай оқиғалар тізбектелетін. Мен: «Бұл - мұсылмандарға жабылған жала, олай болуы мүмкін емес, біз қалай лаңкес боламыз?»- деумен болдым. Бұл шынымен жаныма бататын, жасыратыны жоқ, ашуға да берілетінмін. Міне, дәл осы кезде Шымкентте бір адамдармен танысып, олар маған жиһад жайлы әңгіме қозғай бастады. Сондағы олардың айтқаны: «Бұл жерде барлығы бейқам отыр. Ал ана жақта біздің бауырларымыз жапа шегіп жатыр, біз оларға сөзбен емес, іспен қол ұшын берелік». Менде оларға қояр ешбір сұрақ болмады. Сондықтан бұл дұрыс па, жоқ па, саралап жатпадым, бар болғаны эмоцияның жетегінде кеттім.


- Сізді жиһадқа шақырып, үгіт–насихат жүргізгендер кімдер? Қандай тапсырма берді, қаржылай көмектесті ме?


- Мен жиһад дегенді бейбіт халыққа қару кезенген әскерлерге қарсы шығу деп түсіндім. Үгіт-насихатшылар біздің елдегі әрекеттерін өте құпия түрде жүргізген өзге мемлекеттің азаматтары болды. Араларында Өзбекстан, Қырғызстан, Пәкістан, Ауғанстаннан шыққандар да бар. Олардың негізгі мақсаты мені өздерінің базаларына тарту еді. Ал базалары шетелде орналасқан екен. Маған: «Бізге баруға келіссең, біздің айтқан бұйрығымызды бұлжытпай орындайсың, айтқанымыздан шықпауға уәде беруің керек»,- деп ескертті. Мен оған да келістім. Сөйтсем, олардың негізгі көздегендері Өзбекстан екен. Араға уақыт салып сол жақта өздерінің тілінде «операция» деп жүрген лаңкестік әрекеттер орын алды. Бірақ мен оған қатысқан жоқпын. Маған «әзірге жүре бер, өзімізден хабар күт» деген ақпарат қана келді. Бірақ сол күйі байланысымыз үзіліп қалды. Ал қаржылай ешкім көмектескен емес, ұсыныс та жасамады. Керісінше, мүмкіндік болса, өзім көмектескім келді оларға.


- Білуімше, сіз осы әрекеттеріңіз үшін істі болған екенсіз...


- Иә, 2004 жылы «Лаңкестік әрекеттерді насихаттау, ұйымдастыру және қатысу» айыбымен 12 жылға бас бостандығымнан айырылдым. Жазамды толық өтеп шықтым.


- Қазір әсіре діншіл емессіз. Ел қатарлы өмір сүріп келесіз. Осы «фанатизмнен» қалай арылдыңыз, өткенге өкініш бар ма?


- Түзеу мекемесінде жазамды өтеп жүргенімде, діни кітаптар, теологтер, білікті имамдар келе бастады. Соларды тыңдап, кітапта жазылған дүниелерді оқып, жүрген жолымның жаза басу екенін ұқтым. Жиһад атын жамылып, түрлі лаңкестік әрекеттерді ұйымдастыруға ешкімнің пәтуа бермегенін, дінде оны қолдамайтынын осы кезде алғаш естіп, оқыдым. Осыдан кейін айналамдағыларға біздікі қате, түзу жолға түсу керек екенін жиі айта бастадым. Әрине, өткенге неге өкініш болмасын? Сол кезде өзім Семейде болсам да, бүкіл ой-санам сол жақта еді. Бала-шаға, туған-туысқа қарамай кеттім. Бәріміз де қателесеміз. Мен де шалыс бастым. Қазір, Аллаға шүкір, бала-шағамның ортасында ел қатарлы өмір сүріп жатырмын. Аздаған кәсібім бар, сонымен жан бағудамын. Сөз соңында оқырман қауымға айтарым - егер діни білім алғыларыңыз келсе, ғаламторға


болмаса біреу айтты дегенге ілесе көрмеңіздер. Қажет діни білімнің барлығы мешіттегі имамдарда. Соларға барыңыздар, сонда адаспайсыздар.


Міне, біреудің сөзіне еремін деп есіл өмірінің біразын жоғалтып алған жігіт ағасының ішкі сыры осы.


Осы сұхбат мені түрлі ойларға жетеледі. Расында, дін болсын, өзгесі болсын, білместіктен адасып, өз жолын дұрыс таба алмай жүргендер қаншама? Неге олар шалыс басады? Оларға ықпал етушілер кімдер? Өз еркімен бара ма әлде біреулер мәжбүрлей ме? Меніңше осы сұрақтардың бір – ақ жауабы бар. Ол қажетті ілімді тиісті адамдардан алмай, көлденең келген көк аттыға сену. Солардың айтқанына еліту. Ақиқатына жетуге талпынбау.


Сөз соңында ислам діні еліміз тәуелсіздік алған жылдан бері қарай ғана бар дегендер үшін бірер мысал келтірсем деймін. Арысы Әл-Фараби, Ахмет Яссауиді қойып, берісі Хәкім Абай, дана Шәкәрім бабаларымыздың шығармашылығында ислам мәселелері ерекше көтеріліп, дін мен дәстүрдің қатар дамып отырғандығын сөз етеді. Қоғамдағы әлеуметтік мәселелердің барлығынан қалам тартқан Абай шығармашылығы – мұсылман дінінің көкейкесті, зәру мәселелеріне арналған құнды туындыларды да қамтиды. Көпшілікке пайғамбарларға, әулиелерге, хакімдерге тән әділеттілік, шапағаттық, ғылымды сүю сияқты ізгі қасиеттердің әр адам бойында табылу керектігінде айтқан дәл осы Абай болатын. Ұлы ақынның жолын жалғаушы Шәкәрім болса, дінге терең бойлап, үлкен-үлкен еңбектер жазған. Мәселен, оның 1911 жылы Орынборда басылып шыққан «Мұсылмандық шарты» атты еңбегі Ислам дінінің басты қағидаларын, иман шарттарын қазақ тілінде қарапайым халыққа түсінікті етіп жазып шығуды мақсат етеді. Осы нақты мысалдар арқылы – ак қазақ даласында ата дәстүріміз бен дініміздің аражігі ажырамай ғасырлар бойы жасасып келе жатқандығын анық көруге болады. Сондықтан дінімізден дәстүрімізді болмаса керісінше бөле жара қарамағанымыз жөн.


Ақмарал Тоқтаева,


"Салауат" ШҚО жастар қоғамдық бірлестігінің жоба координаторы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив