KZ
Өскемен
+8°
переменная облачность жел 6 м/с, З
444.32 473.33 4.76

«7-20-25» бойынша баспана алам деушілердің саны неге аз?

9.10.2018, 06:38 133

«Бүгінде «7-20-25» бағдарламасы бойынша Өскемен, Семей, Курчатов қалалары мен Ұлан ауданының Қасым Қайсенов кентінде барлығы 1 375 пәтер пайдалануға берілуге дайын. Бұған жыл соңына дейін тапсырылуы тиіс тағы 613 пәтерді қосыңыз», дейді облыстық құрылыс және сәулет басқармасының басшысы Ернар Мәулетханов.


Облыстық басқарма басшысының қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында негізінен өңірдегі «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы сөз болды. Журналистермен кездесуге, сонымен қатар Ұлттық банк өкілдері келіп, қыркүйек айының соңындағы баспана нарығындағы жағдаймен таныстырды. Олардың мәлімдеуінше, бүгінде облыс бойынша екінші деңгейлі банктерге тұрғындар тарапынан ипотека алу жөнінде 180-ге жуық өтініш келіп түскен. Сол өтініштердің 120-дан астамы қанағаттандырылыпты.


– Қазір «7-20-25» бағдарламасы бойынша ипотеканы сегіз банктен алуға болады. Олардың қатарында «Центр кредит банкі», «Forte Bank», «Цеснабанк» сияқты қаржы ұйымдары бар. Жалпы, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген жаңа бағдарламаның түпкілікті мақсаты да сол, яғни, халықтың екінші деңгейлі банктер арқылы ипотека алуына барынша жағдай жасау болған, – деді Е.Мәулетханов.


Дегенмен Ұлттық банк өкілдерінің хабарлауынша, тамыз айынан бері бұл бағдарлама арқылы баспана алуға ниет білдірген тұрғындардың саны жоспарлағандай көп болмай тұр екен. Мұны банктің облыстық филиалының бөлім басшысы Гүлшат Ыдырысова жеткізді.


– «7-20-25» бағдарламасының артықшылығы көп дегенмен де, әзірге тұрғындар тарапынан біз күткендей белсенділік көре алмаудамыз. Оған ақпараттық-насихат жұмыстарының өз деңгейінде ұйымдастырылмауы да өз әсерін тигізгені анық. Сол себепті, қазір жер-жерде осындай түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Бұл іске екінші деңгейлі банктер де жұмылдырылды, – деген Г.Ыдырысова жиналған бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне тағы бір мәрте «7-20-25» бағдарламасының артықшылықтарын тізбектеп шықты.


Айта кетейік, аталмыш бағдарлама Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуінде көрсетілген «Әр отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» міндетін орындау мақсатында әзірленген-ді. Оған сәйкес, 2030 жылға дейін әрбір қазақстандық азамат 30 шаршы метр тұрғын үймен қамтылуы тиіс.


Ал облыстық құрылыс және сәулет басқарамасынан хабарлағандай, қазіргі уақытта аймақта жалпы ауданы 380 мың шаршы метрді құрайтын 57 несиелік және коммерциялық негіздегі үйлер салынып жатыр екен. Бұл құрылыс жұмыстары аяқталған соң, 4 400-ге жуық жаңа пәтер өз иелерін таппақ.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив