KZ
Өскемен
+23°
переменная облачность жел 1 м/с, С
447.4 477.55 4.76

Алтайдың етегінде дүркіреген той өтті

14.09.2018, 05:34 193

Әсілі, біздің қазақ «Той дегенде, қу бас домалайды», - деп тегін айтпаған ғой. Аудан орталығы Үлкен Нарыннан бастау алып, түгін тартсаң, майы шығатын жасыл жайлауда жалғасын тапқан ұлы мерекеге келушілердің де қарасы мейлінше көп болды. Тойды сылтау етіп, туып-өскен жерлеріне кеп аунап-қунап, туыс-туған, дос-жарандарымен, кешегі бірге ойнап, бірге өскен көзкөргендерімен шұрқыраса табысып, сағыныштарын сөзбен айтысып жеткізе алмай жатқан перзенттер қаншама?.. Қысы-жазы белін жазбай еңбек ететін еңбекшіл халықтың қабағы жадырап той тойламағанына да біраз жылдың жүзі болғандығы осыдан-ақ байқалып тұрған секілді.

Сонымен, көптен күткен мереке де басталып кетті.


Үлкен Нарынға 7-8 шақырым жетпей оңға қарай жалт беретін күре жолдың бойында Приморский дейтін ауыл бар екен. Той сол ауылда салынған мүмкіндігі шектеулі балаларға, қариялар мен мүгедек жандарға әлеуметтік қызмет көрсету жөніндегі «Арайлы Шығыс» деп аталатын Катонқарағай аумақтық орталығының салтанатты ашылуымен басталды. Бұл нысанды салу идеясының авторы да, бүкіл шығынын көтеріп (150 млн. теңге) алушы да және сол жердегі қызмет ететіндердің (әзірге үш айға) ай сайынғы алатын жалақыларына дейін бір өзі көтеріп алған Ғани Шаймарданов деген атпал азамат екен.



Бізді, бізді ғана емес, бүкіл жиналған жұртты таңғалдырып, сүйсіндіргені өзі Катонқарағай өңірінің тумасы болғанымен, бүгінгі таңда сонау оңтүстік өңірінде кәсіпкерлікпен айналысып, сол жақта тірлік кешіп жатқан жомарт жігіттің елге, жерге деген шынайы сүйіспеншілігі мен құрметі болды. Құдай біледі, тап сол Ғани тапқан-таянған, жиған-тергенін қайда жұмсарын білмей жүрмеген шығар. Бұл мәрттіктің негізінде әке мен шешеден алған тәлім мен тәрбие, елге деген үлкен құрметтің жатқаны айтпаса да түсінікті. Мұндайды біздің бабаларымыз:


«Ақсұңқар құстың баласы,

Тапқан жемін шашып жер,

Қарға-құзғын баласы,

Бауырына басып жер», - деп бір-ақ ауыз сөзбен түйіп тастаған. Жыл он екі ай елге қызмет етуге арналған 55 орындық орталықтың ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Ахметқали Нұрғожин жерлестерін ауданның 90 жылдық мерейтойымен құттықтай келе, шалғайда жүрсе де еліне шапағатын тигізіп жүрген Ғаниға ел атынан алғыс білдіріп, жаңа нысанның ашылу салтанатының лентасын Астанадан келген мейман Парламент Сенатының депутаты, катонқарағайлық Сергей Плотниковке ұсынды.


Жалпы той бағдарламасында дәл осы орталықтай жаңа нысандардың ашылуы көп болмаса да, қайта жөндеуден өткен, төбесін жаңадан шиферлаған маңызды нысандардың біразы болды. Біз олардың барлығын жіпке тізгендей етіп тізбелемей-ақ, негізгі-негізгі деген шараларға және олардың қорытындыларына тоқталсақ дегенбіз.


Осы күнге жеткізген татулықтың арқасы...


Тоқсан жыл тарих үшін түкке тұрғысыз цифр болғанымен, аудан үшін, оның тұрғылықты халқы үшін өте маңызды дата. Осы күнге жеткендер де бар, ал жете алмай кеткендер қаншама? «Су ағады, табанындағы тас қалады» - демекші, осынау 90 жылда бұл ауданға кімдер басшылық етпеді? Осынау ғасырға жуық мерзімде нелер келіп, нелер кетпеді бұл елдің басына? Жыласа бірін-бірі жұбата білді, қуанса тағы да бір-бірінің қуаныштарына ортақтаса білді. Бәрі ауыспалы, бәрі өзгермелі дүние болғасын, «Басқа түссе, баспақшыл», - деп момын ел көнген жоқ па барлығына. Сол көмпістігінің, сол момындығының, табандылығы мен татулығының арқасында жетті ақыры осы күнге.



Орталық мәдениет үйінде үш сағатқа созылған конференцияда сөз алған облыстық мәслихаттың депутаты, белгілі меценат Ұлықбек Тұмашинов, аудандық мәслихаттың хатшысы Дүйсен Бралинов, ардагер ұстаз Гүлбаршын Ағажаева, сондай-ақ белгілі ғалым, С.Аманжолов университетінің профессоры Бердібек Бияров сынды азаматтар ауданның 90 жылдағы өткені мен кеткеніне тоқталып, бүгінгі тәуелсіздік заманындағы жеткен жетістіктерін зерделеп, зерттеген мәнді де, мағыналы баяндамаларын жасады.

Жиын барысында аудан әкімі Ахметқали Ахашұлы әр жылдары ауданның экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамуына өз үлестерін қоса білген бірқатар азаматтар мен азаматшаларға облыс әкімі Даниал Ахметовтың арнаулы дипломы мен мерейтойлық медальдар табыс етті.



Елді елең еткізген мына бір жақсылық хабарды айтпай кетуге болмас. Той барысында ел алдына шыққан Катонқарағай өңірінің тумасы, белгілі кәсіпкер Серік Толықбаевтың «Катонқарағай жерінде халықаралық туризмді дамытуға өз еркімен аянбай еңбек етемін деген адамға ай сайын өз қалтасынан 500 мың теңге айлық жалақы тағайындаймын», - деген іскерлік ұсынысы біраз адамдарды ойлантып-ақ тастады. Туып-өскен жерінің, сол жерді мекендеген халқының болашағына алаңдаған азаматтың осы бір мәрттігі өзгелерге де өнеге болса қанекей...


Айтыс, күрес, аламан қанымызға тараған


Қазақтың кез келген тойын ақындардың айтысынсыз, сәйгүліктердің шабысы мен балуандардың белдесуінсіз көз алдыңа елестету мүмкін емес. Ауданның атқамінерлері бұл жағын да тап-тұйнақтай етіп ұйымдастырған екен.


Негізі Катонқарағай әйгілі балуандарымен, кешегі Бошай ақсақалдай атбегілер баптаған жүйріктерімен, Ақтан Нұрбаев сынды ақиық ақындарымен аты шыққан ел. Осы тойға 90 жылдығын тойлап жатқан Катонқарағай ауданын айтпағанда, облысымыздың бірқатар аудандарынан аузымен құс тістеген ақындар, бура санды, бұқа мойын балуандар мен шашасына шаң жұқтырмас сәйгүліктер қатысып, көптің делебесін қоздырды.



Тоғыз ат шапқан 25 шақырымдық аламанда алдына қара салмаған Көкпектінің «Изумруд» атты көкмойыны бапкері Руслан Шайырғазиннің еңбегін ақтады. Шабандоз бала Д.Писелевский де аттың жалына жабысып туғандай екен. Мәре сызығын екінші боп Самар ауданынан Қ.Еділбаевтың баптап қосқан «Көкдауылы» қиды. Бұл қашықтықтағы екі бәйге сырттан келгендердің қанжығасында кетіп, тек үшінші орынға Өрнек ауылынан келген Б.Шегебаевтың жүйрігі ілінді.



Ат бәйгесінде сәйгүліктер 25, 15 және 5 шақырымдық қашықтыққа шапса, су төгілмес жорға аттарына 7 шақырымдық меже белгіленген екен. 15 шақырымдық бәйгеде тағы да Көкпектінің, бұл жолы «Гранит» атты жүйрігінің алдына шығар ат болмады. Екінші боп мәре сызығын Қ.Қабдығалиев баптап қосқан Алтынбел ауылының «Ерке жирен» атты жүйрігі қиып өтті. Ал жорға жарысындағы алғашқы үштікті топқайыңдық Д.Ахметовтің, үшбұлақтық А.Төлембаевтың және Катонқарағай ауылынан қосылған Ж.Қабдөшевтің қылқұйрықтары өзара бөлісті.



Біздің қазақтың өзі біреумен белдеспесе де, белдескендерге қиқулап, аруақтап дем беріп отыратын әдеті бар емес пе. Өңіріміздің 6 ауданы мен Өскемен, Семей және Риддер қалаларынан келген ұзын ырғасы 70 балуанның белдесуі де жиналғандарды немқұрайлы қалдырмағаны анық. Кілемге шыққан палуандардың қай-қайсысы болмасын жеңілем деп келмесі белгілі. Алайда «Күш атасын танымас», - деген, әлі жеткен алып та, шалып та жықты. Бұған дейін аты шыққан кәнігі палуандардың арасында «Қап!» - дегендері де болмай қалған жоқ. Болашағынан зор үміт күттіріп, жарқ етіп көрінген жаңа есімдер де аталып жатты.


Өз заманында халықаралық бәсекелерде еліміздің туын тік көтере білген білекті бауырымыз Марат Мұзапаров бас-көз бола білген палуандар бәсекесін бірауыз сөзбен түйіндер болсақ, екі күнге созылған Алтайдың абызы атанған ардақты ағамыз Бошай Кітапбаев атындағы палуандар сайысында «Абсолюттік чемпион» атағын Катонқарағай ауданының тумасы Жанболат Мағзұмов қанжығасына байлап, елдің құрметі мен ақшалай сыйлыққа ие болды.



Той бағдарламасындағы ақындар айтысы көпшілік көпке дейін айтып жүрер нағыз сөз додасы болды. Айтыс демекші, Катонқарағайдың тап өзінде соңғы рет ақындар айтысы 2003 жылы жазушы Оралхан Бөкейдің 60 жылдық тойына арналып өткізілген екен. Арадағы 15 жылда ақын көрмеген, ақындардың құйқалы сөздерін естімеген жырсүйер қауым әбден шөлдеп-ақ қалған екен. Облысымыздың әр аудан, қалаларынан келген 10 ақын сахна төріне көтерілген сәттегі ел қошеметі құлақ тұндырғандай болды. Халықтың дүркірете соққан шапалағы арқаландырып жіберді ме, сақадай сайланып келген 10 ақын Катон сахнасында ойран салды десек те болады.


Осы өңірдің тумасы, қарымды қаламгер Қаңтарбаев Әлібек ағамыз төрағалық еткен бұл айтыс ақындарды әу бастан халықтың көз алдында жұптауымен және сөз жүйріктеріне қылдай қиянат жасамауымен ерекшеленді. Ортадағы үстелге қойылған шыны вазадағы ақындардың аттары жазылған тілдей қағазды залда отырған көрермендер өздері суырып, кімнің кіммен айтысатындығын анықтап отырды. Айталық, алғашқы жұпты сағат тоғызда басталатын айтысқа сегізден келіп алған ақсақал анықтап, сайысқа түскелі тұрған сайыпқырандарға төгілдіріп тұрып батасын берді.



Жалпы, сөз құдіретін қазақтай түсініп, қазақтай қастерлеп, орнымен айтылған аталы сөзге дәл қазақтай тоқтай білетін халық, әй, ілеуде біреу ғана болар жер бетінде.


Басқаны айтпағанда:


- Көздің құнын сұрамасаң, сұрама,

Сөздің құнын сұрау сенің міндетің, дегенді қазақтан басқа қай ұлт айтты десеңізші.


«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда», - демекші, алғашқы бес жұп айтыстан суырылып үш жұп, яғни, алты ақын шықты. Олар Алматыдан келген Ақсуат өңірінің тумасы Дәурен Сембаев, Зайсан ауданының намысын қорғай келген Ардабек Ақбабаұлы, Семейден кеп қалған Манарбек Сатыпалды, Глубокое ауданының атынан сайысқан Қуаныш Еркінұлы, Көкпектіден келген Фархат Маратұлы мен аягөздік ақын Нұржан Жолбарысов болатын. Ақтық сынға шыққан алты ақынның бірі мықты, бірі осал дейтін емес. Барлығы да нағыз сен тұр, мен атайындар. Жалпы дайындықтарын айтпағанда, сахнада отырып табан астында суырып салғандарының өзі қандай. Айтыс барысында ақындар елдің мұңын да, қуанышын да, тіпті тамыры тереңде жатқан тарихынан бастап, бүкіл Қаратай жұртының шежіресіне дейін жырмен өрнектей білді. Халық күлетін жерінде күліп, жылайтын жерінде жылап ап та отырды.



Біз бұл айтыста «Анау ақын алай дегенде, мынау ақын былай деді», - деп жеке-жеке талдауға бармадық. Өйткені, ол жеке талдауды қажет ететін дүние. Ал екінші айналымға өте алмай қалған ақындар осал болды деуге де қақымыз жоқ. Айталық, Ұлан ауданынан келген Ержанат Расылхан, өскемендік Гүлнұр Зұлқаршын осы уақытқа дейін үлкенді-кішілі біраз айтыстарға қатысып, әжептәуір ысылып қалған тәжірибелі ақындар болса, Тарбағатай атынан додаға түскен жас ақын қызымыз Жұлдызай Маратбекқызы, осы жолы Катонқарағайдың намысын қорғай келген өжет қызымыз Гүлжан Ықыласқызы айтыс додасына енді-енді қосылып, әр сайыстан өзіндік тәжірибе жинап жүрген, болашақтарынан үлкен үміт күттіретін өнерпаздар.



Арадағы болмашы ғана үзілісті есептемегенде, бас-аяғы 7-8 сағатқа созылған жыр бәсекесінің ақтық сайысына арнайы қатысқан аудан әкімі Ахметқали Ахашұлы Алматыдан келген өнерпаз, Ақсуат ауданының тумасы, екпінді де, ерке ақын Дәурен Сембаевқа айтыстың бас бәйгесін өз қолымен табыстады. Бірінші жүлделі орынды терең де, мағыналы әрі астарлы сөздерімен тыңдарманын селт еткізе білген зайсандық ақын Ардабек Ақбабаұлы жұлып әкетті. Глубокое ауданының атынан сайысқа түскен Қуаныш Еркінұлы да бұл жолы әжептәуір айтыс көрсетіп, екінші орынды місе тұтса, Семейден келген Манарбек Сатыпалдыұлы үшінші орынның тұғырына табан тіреді. Ақтық айтысқа шыққан тағы бір екі ақынымыз көкпектілік Фархат Маратұлы мен аягөздік Нұржан Жолбарысовтар да көп көңілінен шығарлық өнер көрсетіп, сый-сияпатқа ие болды.



Тоқсан сөздің тобықтай түйінін түйер болсақ, Алтай төрінде үш күн бойы дүбірі дүйім елді дүрліктіріп өткен Катонқарағай ауданының 90 жылдығына арналған ұлан-асыр той өте жоғары дәрежеде ұйымдастырылып, айта жүрерліктей тамаша әсерлер қалдырғаны анық.

Тойдан тарқаған халық осы тойды өз биігінде өтуіне басшылық жасап, жан-жақты атсалысқан аудан басшысы Ахметқали Ахашұлына, қаржылай қолдау білдірген катонқарағайлық белгілі меценаттар Ұлықбек Тұмашинов пен Серік Толықбаев сынды елжанды азаматтарға, сондай-ақ елдің өзге де атпал азаматтарына ризашылығын білдіріп, алғыстарын жаудырып жатты.


Ауылдағы аңқылдаған ағайынмен қош айтысып, біз де ат басын Өскеменге бұрғанбыз. Шыңдарына әлден қар түсіп, онсыз да түксиіп тұратын түсі суық асқақ шыңдар сол баяғы тәкәппар қалпы... Ешнәрсені көрмеген, байқамаған секілді... Баурайына тұтаса біткен тал-қарағайлар мен биік самырсындар желмен баяу тербеліп, тойға келген меймандарға қол бұлғап тұрғандай...

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив