KZ
Өскемен
+3°
ясно жел 2 м/с, Ю
443.85 474.3 4.8

Өскеменде халықаралық конференция делегациясы тарихи-өлкетану музейіне барды

7.09.2018, 10:47 326

«Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция барысында делегация мүшелері үшін облыстық тарихи-өлкетану музейіне арнайы экскурсия ұйымдастырылды. Мұнда келушілер назарына археология саласында үш жыл бойы жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының кей нәтижелері ұсынылды.


Мәселен, «Бабалар алтыны» деп аталатын залда экспозицияға Шілікті, Берел, Елеке сазы қорымдарынан, сонымен қатар Аблайкит ғибадатханасынан шыққан экспонаттары қойылыпты. Меймандар үшін әсіресе Шілікті жазығынан табылған біздің заманымызға дейінгі 8-6 ғасырларда жасалған алтын бұйымдар қызықты болды. Сол сияқты Берелде жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде қолға тиген сақ заманына тиесілі тұрмыстық заттар мен өзге құнды жәдігерлер де келушілердің қызығушылығын туғызды. Бұл ретте, биыл белгілі археолог Зейнолла Самашевтің басшылығымен Тарбағатай ауданының Елеке сазы жайлауында қазба жұмыстарын жүргізген мамандар тобының жетістіктерін де атап өткен орынды. Бірнеше айға жалғасқан іздестіру жұмыстары нәтижесінде Елек сазынан кезекті «Алтын адам» табылды. Осы орайда, аталған экспонат Шығыс Қазақстан жерінен шыққан бесінші «Алтын адам» екенін де айтқан ләзім.


– Бұл – біздің заманымызға дейінгі сегізінші ғасырға жататын Ерте сақ дәуірінің мұрасы. Тіптен, Алматыдағы Есік қорғанынан табылған «Алтын адамнан» да көне. Екеуінің арасында үш ғасыр айырмашылық бар. Осылайша, араға 50 жыл салып қазақ даласынан екінші рет еш бүлінбей жеткен «Алтын адам» табылды, – деген археолог З.Самашев келушілерге су жаңа жәдігерді таныстыра келе Елеке сазында табылған Алтын адамға қатысты әлі жұмыс көп екендігін тілге тиек етті. Сол себепті Өскеменге шет елден, оның ішінде Мәскеуден антрополог, генетик мамандар шақырылғанын айтты.


Өз кезегінде аймақ басшысы Д.Ахметов зерттеу жұмыстарына қаржылай қолдау көрсетілетініне сендірді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив