KZ
Өскемен
переменная облачность жел 2 м/с, СБ
444.32 473.33 4.76

ШҚО-да 15 су қоймасы жөндеуді қажет етеді

17.08.2018, 10:13 122

Биылғы көктемгі тасқын өңір үшін оңайға соққан жоқ. Сондықтан қалалар мен аудандар әкімдері өткен тасқынның зардаптарынан қорытынды шығарып, алдағы уақытта өздеріне тиесілі аумақтағы су қоймаларын, гидротехникалық нысандарды барынша қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етулері керек. Бұл туралы облыс әкімінің қатысуымен өткен кезекті аппараттық кеңесте қаралды.


Облыстық табиғат ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Медет Нұрғалиевтің айтуынша, қазіргі таңда өңірде «Шығыс су қоймалары» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына қарасты 66 гидротехникалық құрылыстар бар. Оның үшеуі – бөгет болса, екеуі – шлюз-реттеуші. Қалған 61 су қоймалары мен тоғандардың қолданылу мерзімі ширек ғасырдан асқан. Бұлардың ішінде қырық нысан ешқандай жобасыз, шаруашылық тәсілімен салынған.


– Облыс басшысының қолдауының арқасында аталған су шаруашылық құрылыстарын қауіпсіз қолдану үшін 2018 жылға облыстық бюджеттен 604 млн. теңге бөлініп отыр. Бұл қаржы 45 нысанға ағымдағы жөндеу жүргізуге (176 млн. теңге), 6 плотинаға қауіпсіздік декларациясын әзірлеуге (72 млн. теңге), жобалық-сметалық құжаттама жасау үшін 4 гидротехникалық ғимаратқа жан-жақты техникалық зерттеу жүргізуге (34 млн. теңге), 54 құрылысқа көп факторлы зерттеу жүргізуге (297 млн. теңге), бақылау-геодезиялық маркасын (61 нысанға), құламалы су өлшегіш таяқша (51 нысанға) және су өлшеуіш ғимарат (36 нысанға) орнатуға (23 млн. теңге) жұмсалатын болады. Соңғылары прокуратура органдарының және Су ресурстары комитеті Ертіс бассейндік инспекциясының берген ұсынысын орындауға негізделген , - дейді басқарма басшысы.


Медет Нұрғалиев қолданыстағы Су кодексінің 111-бабына сәйкес І, ІІ, ІІІ класты плотиналар мағлұмдауға жататындығын айтады. Біздегі кәсіпорынның теңгерімінде қауіптілігі ІІІ класты 6 гидротехникалық құрылыс бар екен.


Жоғарыда тізбектелген жұмыстар кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Гидротехникалық нысандарды ағымдағы жөндеуден өткізуге бағытталған қаржының бүгінде 50 пайызы игерілген.

Сонымен қатар, басқарма басшысы аппараттық жиында айтып өткендей, биыл көктемгі тасқын кезінде аймақтағы 15 су қоймасында қауіпті шектік мөлшерден асып кеткен немесе қарғын судан толып, судың бөгет бойымен асып төгілуі анықталған. Барлық нысандар бойынша қолда бар ресурстар арқылы тиісті шаралар қабылданған. Аталмыш он бес су құрылыстарын алдағы уақытта да қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету үшін жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге 267 млн. теңгеге бюджеттік өтінім жасалған. Медет Нұрғалиев облыс әкімінен 2019 жылға осы бюджеттік өтінімге қолдау көрсетуін сұрады.


Басқарма басшысының айтқандарын мұқият тыңдаған облыс әкімі облыстық мәслихат хатшысы Владимир Головатюкке депутаттардан комиссия құрып, өткен тасқыннан аудан әкімдері қандай қорытынды шығарғандарын, елдімекендер ішінде қандай жұмыстар істеу керектігін мұқият сараптауды тапсырды.


– Мысалы, көктемде Өскемен қаласының көшелерін су басуының себебі тым қарапайым болып шықты. Карл Маркс даңғылында жүргізіліп жатқан құрылыстар кесірінен көше бойындағы су бұрғыш каналдар бітеліп қалған. Нәтижесінде бүкіл су Сәтпаев даңғылына жайылған. Оның зардабын су етікпен кешіп жүріп өздеріңіз де көрдіңіздер. Дер уақытында арықтарды аршып отырғанда түкте болмас еді. Глубокое ауданында да су тасқыны бөгеттің толып кетуі салдарынан орын алды. Сондықтан, мұндай тағы қайталанбас үшін депуттаттық комиссия құрып, су алған ауылдарды түгел-түгел тексеру қажет. Тек тексеру жұмыстарының қорытындысынан кейін ғана хаттамалық дәйекті дәлелдемелер негізінде экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы салалық орынбасарымның қатысуымен 267 млн теңгені бөлу мәселесін қарастыратын болады, - деді аймақ басшысы Даниал Ахметов.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив