KZ
Өскемен
+24°
ясно жел 4 м/с, ОШ
440.92 475.36 4.82

Өскеменнің көшелері: Қай жерде не өзгереді?

17.08.2018, 04:31 202

Өңірдің бас қаласының бас жоспары өткен ғасырда жобаланғандықтан, көшелері мен жолдардың өлшемі де сол замандағы көліктер санына сәйкес салынғаны белгілі. Одан бері қаншама уақыт өтіп, көлік саны да бірнеше мың есеге көбейді, кептелістер жиі көрініс берді. Сондықтан Өскемен қаласының көшелерін кеңейту бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің біріне айналды. Осыны дер кезінде байқаған облыс басшысы Даниал Ахметов тікелей бастама көтеріп, миллиардтаған теңге қаржы бөлуінің нәтижесінде қазір облыс орталығындағы негізгі көшелердің дені кеңейтіліп, қайта құрылып жатыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


Мәселен, қазір жөндеу, кеңейту, қайта құру жұмыстары қаланың Сәтпаев даңғылында, Жібек жолы, Астана, Протозанов көшелерінде, Понтон көпірінен Ахмер ауылына, Меновное ауылынан Ахмер ауылына дейінгі жолдарда жүріп жатыр. Алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасын тауып, көлік ағынын барынша азайту үшін қазіргі кіші «Бәйтерек» монументі тұрған аумақта және Сәтпаев пен Жібек жолы көшелерінің қиылысында заманауи жолайрықтар салынатын болады.


Қазіргі кезде осы аталған көшелердің барлығында да шаруа қызу жүруде. Өскемен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі мамандарының айтуынша, негізгі бөлігі үш жарым шақырым болатын Сәтпаев даңғылын қайта жаңғырту өткен жылдың қыркүйек айында басталған. Алғашында алты жолақты болып жобаланғанымен, облыс басшысы енгізген өзгертулерден соң сегіз жолақты жолға айналған. Яғни, қарама қарсы бағытта төрт жолақтан болады. Жол ортадағы көгалдың есебінен және екі шетінен қосылып, кеңейтілуде. Сегіз жолақ Жібек жолы көшесімен қиылысқа дейін созылмақ. Ал одан Ертіс көпіріне дейін екі деңгейлі жол болмақ. Оның жобасы қазір техникалық экономикалық негіздеме жасалған, қазір сараптамадан өтуде. Ертіс үстіндегі жаңа көпір де сегіз жолақты болмақ.


– Қазіргі күні жұмыстар Байбатшин көшесі мен Қазыбек би даңғылы аралығында жүріп жатыр. Дәлірек айтсақ, жолшылар жолдың астыңғы негізін төсеу, ескі асфальт жабындыны алу, жарықтандыру, жол бойындағы қосымша жолдарды салу, жаяу жүргіншілер жолын жөндеумен айналысуда. Сондай-ақ, аудан тұрғындарына қолайлы демалыс туғызу мақсатында даңғылдың жұп жағында № 50 үйден №2 үйге дейінгі аралықта жол бойында балалардың ойын алаңшасы, дене шынықтыру алаңы қоса салынады. Сонымен бірге даңғылды бойлай ағып жатқан Шешек өзенінің жағалауы көріктендіріледі. Орындықтар орнатылып, сейілдейтін соқпақтар салынады. Даңғылдың құрылысында Өзен вокзалына дейін созылған веложол да қарастырылған. Ол біткенде өскемендіктер Жібек маталар комбинаты ауданы жақтан Ертістің жағалауына дейін велосипедпен келіп, емін-еркін сейілдеп, демалатын болады. Қазіргі кезде қала тұрғындары мен қонақтары Славский атындағы жағалау бойынша салынған веложолдың қызығын көріуде, - дейді жоғарыда аталған бөлімнің көріктендіру және автокөлік жолдары секторының меңгерушісі Бауыржан Сүлейменов.


Сондай-ақ, Сәтпаев даңғылы Самар тасжолына дейін ұзартылып жатқанын да атап кеткен орынды.


Бір сөзбен айтқанда жолдың бойы қалалықтардың демалыс орнына айналады. Жол құрылысы аяқталғанда ЖМК және жаңадан салынып жатқан 19, 20, 21 тұрғын аудандарды қаламен жалғап жатқан негізгі даңғылдағы көлік жүктемесі айтарлықтай жеңілдемек. Атап өтерлігі, мұндай жол Өскеменнің тарихында бұрын-соңды болмаған. Келер жылдың соңына қарай бітетін ауқымды жобаның құрылысына «Востоквзрывпром» ЖШС бастан аяқ мердігерлік етуде.


Сектор мамандарының берген мәліметтеріне сүйенсек, қайта жаңғырту  Менавное ауылына апаратын, ұзындығы 2200 метр болатын Жібек жолы көшесінде де жүріп жатыр. Мұнда төрт жолақты жол түседі. Жоба екі кезеңге бөлінген. Біріншісі, «Арзан» сауда үйінен Менавное ауылына дейін болса, екіншісі, қиылысқа салынатын жолайрықтың жобасына байланысты болады. Мердігер  - «Шығыс жолдары» мекемесі.


Қаланың ішіндегі Астана көшесін де «Промстройавтоматика» мекемесі төрт жолаққа кеңейтіп жатыр. Тәуелсіздік даңғылынан бастап 500 метр жерге асфальт төселіп, жаяу жүргіншілерге арналған көшелік жаңа шам бағандары орнатылуда. Бұл көшенің бойында да балалар, спорт алаңдары болады, көгалдандырылады.


Бұл айтылғандардан бөлек қаладағы ұзын көшелердің бірі Протозанов көшесі де қайта жаңғыртуға іліккен. Онда Орджоникидзе көшесінен Стрелка шағын ауданына дейінгі аралықта үш жолақты жол құрылысы салынуда, ал жол қиылыстарында төрт, бес жолаққа дейін кеңейеді. Естеріңізде болса, осыған дейін бұл аумақтағы жол жөндеу жұмыстарының әсерінен Үлбі көпірінің үстінде көліктер кептелісі пайда болып біраз қиындықтар туындаған еді, сонымен бірге Протозанов көшесіндегі № 67, 65 бес қабатты тұрғын үйлердің иелері жөндеу жұмыстарының дірілі, техникалардың дүрсілі мазаларын қашырғандығын айтып шағымданған болатын. Мұны ескерген мердігер мекеме мамандары мұндағы жұмысты мерзімінен әлдеқайда ертерек бітіруді ұйғарып отыр. Яғни, бірінші қыркүйектен бастап Үлбі көпірінен Қрылов көшесіне дейінгі бөлікте көліктердің жүруіне жол ашылмақ.


– Мұндай шаруаны жүргізгенде нормаға сәйкес екі дірілді каток қолданылуы қажет. Біз тұрғындар шағымын ескере отырып, біреуін ғана шығардық. Ол машинасыз мүлдем жұмыс істелмейді, - дейді мердігер компания «Алаш Нұр групп» ЖШС директорының орынбасары Мадияр Мәдиев. – Үлбі көпірі маңындағы шаруа біткесін дірілді каток Қайсенов көшесі маңына, одан әрі Крылов көшесі жаққа жіберіледі.


Айта кетерлігі, Протозанов көшесін қайта құрылымдау жобалық сметалық құжаттамаға сәйкес желтоқсан айында бітуі тиіс. Алайда, мердігерлер облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жөндеу жұмыстары ерте аяқталады.


– Жағалау көшесіндегі қозғалысты, көліктер кептелісін ескере отырып, бұл бағыттағы жолдытолық аяқтап үлгермесек те қыркүйек айында ашуды жоспарлап отырмыз, - Мадияр Мәдиев.


Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі берген деректерге сүйенсек, биыл орташа жөндеу жұмыстары Тәуелсіздік даңғылында, Энтузиастар, Бажов («Самал» шағын ауданы маңы), Пограничная және Карбышев көшелерінде біткен, «Өскемен Тәртіп» мекемесі арқылы орындалатын ағымдағы шаруаның бәрі аяқталған.


Сондай-ақ, қазір Спорт сарайы маңында құрылысы қызу жүріп жатқан жаяу жүргіншілердің әуе жолы да облыс орталығында бұған дейін болмаған жаңа жобалардың бірі.


Тағы бір айта кетер жайт, осыған дейін өскемендік оқырмандарымыз 19, 20 тұрғын аудандардағы жаңадан салынған көпқабатты және жекеменшік үйлерге негізгі жолдан ары қарай апаратын жолдарды салу жайын да газет арқылы көп көтерген болатын. Өскемен қалалық құрылыс бөлімінің берген ақпараттары бойынша биыл ол жақтарға да жол құрылыстары басталған. Олар жоспарланған мерзіміне сай, кезең-кезеңмен іске қосылатын болмақ.


Бұл айтылғандар Өскемен қаласының жолдары ғана, ал облыс аумағында аудандық, облыстық, республикалық маңыздағы көптеген жол учаскелері ағымдағы орта жөндеуден өтіп, қайта құрылып жатыр. Оларлара алда жеке тоқталатын боламыз.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив