KZ
Өскемен
+9°
небольшая облачность жел 1 м/с, С
439.43 473.31 4.82

Зайсандықтар көгілдір отынның қызығын қашан көреді?

17.08.2018, 04:19 147

Зайсан ауданының тоғыз елдімекеніне көгілдір отын қашан жетеді? Бұған дейінгі өткен әкімдік жиындарында есеп берген аудан басшысы Темірбек Қасымжанов 1 қыркүйекке дейін аталған ауылдар газбен толық қамтылады деп мәлімдеген болатын. Алайда, қазіргі күнде Зайсан қаласындағы автоматтандырылған газ таратқыш стансаның құрылысы (АГТС) және ауданның тоғыз ауылына газ құбырын тарту жұмыстары аяқталып қойғанымен, жергілікті халық көгілдір отынның қызығын әлі де көрмей отыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


Жуырда өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте белгілі болғандай, газды қосуға барлығы да дайын тұр, тек оны қосу үшін қосымша тағы 58,6 млн теңге қаржы қажет.


Зайсан ауданының әкімі Темірбек Қасымжановтың мәлімдеуінше, биыл ауданның Қарабұлақ, Кеңсай, Қайнар, Айнабұлақ, Жамбыл, Көгедай, Шалқар, Қаратал, Үлкен-Қаратал секілді тоғыз ауылында ауылішілік газ желісінің құрылысы аяқталаған. Бұл ауылдар газбен жабдықтауға толықтай әзір. Алайда, ағымдағы 26 маусымда сыйға тарту шартының негізінде автоматтандырылған газ таратқыш станса және тоғыз ауылға тартылған газ құбырлары «Тарбағатай Мұнай» ЖШС-нен Зайсан ауданы әкімдігінің коммуналдық меншігіне берілген.


Қазіргі уақытта пайдалануға беруші ұйымдар «ҚазТрансГазАймақ» АҚ мен «Интергаз Центральная Азия» АҚ-на сенімді басқаруға беру шарты әзірленген. Қол жеткізілген келісімге сәйкес газбен қамту нысандарын қолданысқа беру және ұстап тұруға жыл сайын 227,0 млн теңге қаражат қажет.


– 25-30 шілде аралығында нысандарды толық техникалық зерттеу жүргізілді, есебі жасалды. Ағымдағы жылдың соңына дейін АГТС мен газ құбырларын іске қосу және ұстап тұру шығындарын өтеу үшін 58,6 млн теңге қажет. Осыған байланысты бюджеттік өтінім әзірленіп, қарауға ұсынылды. Егер ол қолданған жағдайда, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-мен жекелеген шарттар бекітілген соң ауылдар орталықтандырылған газбен қамту жүйесіне қосылады, - деп түсіндірді аудан басшысы Темірбек Қасымжанов бұл мәселені.

Зайсан ауданының елдімекендерін газбен қамту шаруасы мұнымен шектелмек емес. Облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Мұсатаев Зайсанның тағы сегіз ауылын газбен қамту мақсатында магистралды және ауылішілік газ желісінің құрылысына 89 млн теңгенің екі жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып жатқанын жеткізді. Яғни, алдағы уақытта Дайыр, Көкжыра, Қуаныш, Біржан, Сартерек, Жарсу, Бақасу және Саржыра ауылдарының тұрғындары көгілдір отынның қызығын көретін болады.


Басқарма басшысы Мұрат Мұсатаев айтып өткендей, газдандыру тек Зайсан ауданымен ғана аяқталмайды. Оның айтуынша, Зайсандағы Сарыбұлақ кен орны арқылы өңірдің оңтүстік аудандарын газбан қамту үшін автоматтандырылған газ таратқыш стансаның (АГТС) және Зайсан, Күршім, Тарбағатай, Үржар аудандарының 60 елдімекеніне магистралды желі тартудың құрылысы қарастырылуда.


– Жоба төрт бағытта инфрақұрылымды дамытуды көздейді. Ол бойынша Зайсан ауданында сегіз елдімекен, Тарбағатай ауданында – 24, Үржарда - 14, Күршім ауданында – 14 ауыл газбен қамтылады. Аталған ауылдарда 95 314 адам тұрады. 24 мың үйді газбен қамту жоспарланып отыр, - деді Мұрат Мұсатаев.


Төрт бағыт бойынша алдын ала болжамды жылдық газ тұтыну көлемі 47,7 млн текше метрді құрап отыр. Жоғарыда аталған аудандардың ауылдарына газ құбырын жеткізу және кварталішілік газ құбырын тарту құрылысының құны жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп болғасын нақты белгілі болмақ.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив