KZ
Өскемен
+6°
переменная облачность жел 5 м/с, СБ
446.49 475.38 4.79

Ресейдегі доп додасында тіркелген ерекше оқиғалар

16.07.2018, 11:40 263

Бір ай бойы бүкіл жаһан жұртшылығын өзіне қаратқан Ресейдегі доп додасы мәресіне жетті. Ақтық сында Хорватия аяқдопшыларын 4:2 есебімен тізе бүктірген Франция құрамасы өз тарихында екінші мәрте Әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Сөйтті де, Уругвай және Аргентина құрамаларымен теңесті.


Рас, француздар төрткүл дүниенің мықтылары жиналатын додаларда екі реттен топ жарған латынамерикалық қос құрамамен қатарласты. Енді «үш жолақтылар» Әлем кубогін бес мәрте иеленген Бразилия құрамасы мен төрт реттен Мундиальдің үздігі атанған Италия және Германия командаларынан ғана қалып тұр. Ал Хорватия футболшылары болса, өз тарихында тұңғыш рет финалға шығып, Әлем біріншілігінің күміс жүлдегерлері атанды. Халқы төрт миллионнан сәл ғана асатын шағын ғана балқандық мемлекет үшін бұл шын мәнінде мақтануға тұрарлық нәтиже болды.


Жалпы, биылғы доп додасы несімен есте қалды? Турнирде қандай рекордтар тіркелді? Бұл ретте, өткен Мундиаль алдымен ең көп пенальти белгіленіп, ең көп автогол соғылған біріншілік ретінде тарихта қалатынын айта кеткеніміз жөн болар. Ресейдегі чемпионатта қақпаларға 12 автогол кірді. Бұған қоса пенальтиден 22 доп соғылды. Бұл тек соғылғандары ғана.


Жетістіктер мұнымен таусылмайды. Мәселен, Криштиану Роналду Испанияға қарсы ойында жүгірудің жаңа рекордын орнатты. Аталған ойында Португалия құрамасының капитаны сағатына 38,6 шақырымға тең жылдамдықпен жүгірген-ді. Бұған дейінгі ең үздік көрсеткіш сағатына 36,9 шақырымды құрап, Уэльс құрамасының ойыншысы Гарет Бэйлге тиесілі болатын. Сондай-ақ Хорватия құрамасының футболшысы Марцело Брозовичтің жетістігін де атап өткеніміз абзал. Миландық «Интердің» жартылай қорғаушысы бір ойын барысында 16 шақырым 339 метрге тең қашықтықты жүгіріп өткен екен. Мұндай нәтиже Әлем біріншіліктері тарихында бұрын-соңды тіркеліп көрмепті.


Ал енді жанкүйерлер үмітін ақтамағандар туралы сөз қозғалғанда, ең алдымен Германия құрамасы мен Лионель Месси ойға оралады. Аргентина құрамасы мен «Барселонаның» капитаны үшін Әлем кубогы қол жетпес арман болып қалатын сияқты. 31 жастағы Месси осымен төртінші Әлем біріншілігіне қатысып отырса да, бірде-бір рет Аргентина халқының төбесін көкке жеткізе алмады.


Жә, Мессиді қойшы, Германияның жеген таяғын айтсаңызшы. Мақтаулы «неміс машинасы» не қара басқанын қайдам, Әлем кубогына таласпақ түгелі, өз тобынан шыға алмай қалғаны, расымен де, қызық болды. Шаппай бәйге сұрап үлгерген «Бундестим» бұл жолы өз тобында анау айтқандай азулы емес Швеция, Мексика және Оңтүстік Корея елдерін алға жіберіп, соңғы, төртінші орында қалып қойды емес пе!


Есесіне, жоғарыда айтылған Хорватия, Бельгия, Уругвай, Жапония, Ресей, Швеция сияқты құрамалардың жетістіктерін атап өтуге әбден болады.


Тағы бір айтуға тұрарлық мәселен, биылғы біріншілікке ең көп турист алыстағы Бразилия мен Франциядан емес, іргедегі Қытайдан келіпті. Аспан асты елінің құрамасы аталған жарысқа қатыспаса да, қаптаған қара қытай үшін бұл жайт та тосқауыл бола алмаған сияқты.


Өздеріңіз білетіндей, биылғы Мундиальдің үздік жас футболшысы болып Килиан Мбаппе танылды. 19 жастағы франциялық шабуылшы чемпионат барысында төрт гол соғып, командаластарымен бірге Әлем чемпионы деген атаққа ие болды. Осы ретте, оқырмандарымызда доп додасының ең кәрі футболшысы кім болды екен деген сұрақ та туындауы мүмкін. Бұл сұрақтың жауабы – Эссам Эль-Хадари. Мысыр құрамасының қақпашысы тарихта жасыл алаңға 45 жасында шыққан футболшы ретінде қалайын деп отыр.


Міне, бір айға созылған доп додасы осындай болды. Кеше ғана ала доп жанкүйерлерін елеңдеткен футболдан 21-ші Әлем чемпионаты бүгін-ақ тарихқа айналып үлгерді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив