KZ
Өскемен
+6°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, ОШ
446.78 481.81 4.84

Төрт ойында төрге кім шығады?

9.07.2018, 12:19 187

Ресейдегі Әлем біріншілігінде бар болғаны төрт-ақ ойын қалды. Оның біріншісі ертең түнде Санкт-Петерборда ойналмақ. Мундиальдің алғашқы жартылай финалында ежелгі көрші Франция мен Бельгия құрамалары кездесіп, ақтық сынға берілетін жолдаманы сарапқа салатын болады.


Франция – Бельгия


Статистикаға көз жүгіртсек, бұл екі құрама арасындағы 15-ші ойын болайын деп тұр. Бұған дейінгі кездесулердің бесеуінде француздардың мерейі үстем болса, төртеуінде жеңісті бельгиялықтар тойлаған. Ал қалған бес мачта тең нәтиже тіркелген. Доп айырмасы да тым алшақ емес, 27:19 француздардың пайдасына.


Сөйте тұра, командалардың жасыл алаңда жеткен жетістіктері екі бөлек. Наполеонның жерлестері осыған дейін бір рет Әлем, екі рет Еуропа чемпионы атақтарына ие болса, бельгиялықтардың жетістіктері 1980 жылғы Кәрі құрлық доп додасының финалымен және де 1986 жылғы Мундиальдің төртінші орынымен шектелуде. Ең қызығы, сол 86-шы жылғы Әлем біріншілігінде үшінші орын үшін өткен ойында бельгиялықтар Мишель Платини бастаған Франция құрамасынан 2:4 есебімен жеңіліс тапқан болатын.


Француздар бүгін де сол бір нәтижені қайталауға әзір. «Үш жолақтылар» Гризманн мен Погба секілді серкелеріміз жарақаттан аман болса, онда финалға берілетін бір жолдама біздікі деп қос алақанын уқалап отыр. Кім білсін, солай да болып қалуы мүмкін. Ондай жағдайда француздар сонау 1812 жылы Мәскеуге дейін жеткен Наполеонның «Ұлы армиясының» жетістігін қайталауы ықтимал. Өйткені, биылғы доданың финалы да Мәскеуде өтпек.


Алайда, мұнымен бельгиялықтар келісе қояр ма екен, әй қайдам?!. Доп додасына өз тарихындағы ең аудынды құраманың бірін жасақтап әкелген «Қызыл сойқандар» финалға шығуға ниетті. «Осының алдында Бразилия жеген таяққа енді француздарды тойдырамыз» деген сыңай танытатындай Бельгия аяқдопшылары. Осы ретте, Наполеонның жеңіліс тапқан соңғы шайқасы да Бельгияның Ватерлоо деген жерінде орын алғанын айтпасқа лажымыз жоқ.


Қалай десек те, бұл ойын нағыз мықтылардың айқасы болайын деп тұр. Мамандар аталған жұп жеңімпазының артынша Әлем чемпионы атануға да мүмкіндігі зор екенін айтып отыр.


Хорватия – Англия


Финалға берілетін екінші жолдамаға Хорватия мен Англия құрамалары таласпақ. Бұл ойын бүрсігүні Мәскеудің «Лужники» стадионында өтеді.


Әзірге Ресейдегі доп додасы екі құрама үшін де сәтті болып тұр деуге толық негіз бар. Себебі, бұған дейін өзге мықтылардың көлеңкесінде қалып келген ағылшындар мен хорваттар биыл көп жылдан бері алғаш рет үздіктер қатарынан табылуға жақын. Рас, Хорватия құрамасы соңғы рет 1998 жылғы Мундиальда жарқ етіп көрінсе (үшінші орын), ағылшындардың жетістігі тіптен ескі деуге болады. Сонау 1966 жылы өз жерінде өткен Әлем чемпионатында топ жарған британдықтар содан кейін үздік төрттіктен бір-ақ рет (1990 жылы) көрінген-ді.


Ал енді аталған екі құраманың бір-біріне қарсы өткізген ойындарына тоқталар болсақ, Хорватия мен Англия футболшылары осыған дейін бес рет кездесіп, оның үшеуінде Тұманды Альбион өкілдері басым түссе, екеуі балқандық команданың пайдасына аяқталған. Бір айта кетерлігі, бұл ойындарда 24 гол соғылыпты. Демек, орта есеппен алғанда әр кездесуде 4-5 голдан соғылып отырған. Қарсыластар бұл дәстүрден танбаса, алдағы матч та футбол сүйер қауымның көңілінен шығуы тиіс.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив