KZ
Өскемен
+4°
переменная облачность жел 5 м/с, СБ
444.32 473.33 4.76

Нағыз қызық әлі алда

4.07.2018, 10:04 206

Ресейдегі доп додасы шарықтау шегіне таяды. Бастапқыда Әлем кубогы үшін тартысқа түскен 32 құраманың бүгінде сегізі ғана жарысты жалғастыруда. Алда футболсүйер қауымды ширек финалдық ойындар күтіп тұр. Енді осы төрт кездесуге жеке-жеке тоқталсақ.


Уругвай – Франция


Бұл ойынды чемпиондар айқасы десек те артық айтпағанымыз. Себебі, ширек финалға жолдама алған сегіз құраманың тең жартысы осыған дейін кемі бір рет Әлем чемпионы атағын жеңсе, оның екеуі аталмыш Уругвай мен Франция командалары болған-ды. Рас, 1998 жылғы Мундиальда топ жарған Франция мен сонау 1930 және 1950 жылдарғы доп додаларында жеңіске жеткен Уругвай арасындағы матч қызықты болайын деп тұр. Сөйте тұра, бұған дейін жасыл алаңда алты рет кездескен қос құрама сол ойындарда бар болғаны төрт-ақ доп соққанын да айтпасқа лажымыз жоқ. Қарсыластар арасындағы голдарға ең бай ойын 2:1 есебімен латынамерикалық команданың пайдасына аяқталған. Ол матч 1966 жылғы Әлем чемпионатында ойналған. Қалған бес кездесудің төртеуінде 0:0 есебі тіркеліпті. Тағы бір ойында 1:0 есебімен Уругвай құрамасы басым түскен. Демек, жеке кездесулер бойынша латынамерикалықтар алда.

Алайда, алдағы кездесуде Дидье Дешам бапкер бастаған Франция құрамасы жеңіске жетеді деп отыр, футбол сарапшыларының көбі. «Үш жолақтылардың» осының алдында ғана мақтаулы Аргентинаны қалай тізе бүктіргенін көрген жанкүйер қауымның дені де мамандардың бұл пікірімен келісуі тиіс. Дегенмен, уругвайлықтардың да бір ойлағаны бар екені анық. Осы ретте, Оскар Табарес жетекшілік ететін ұжымның биылғы Мундиальда әзірге өз қақпасына ең аз доп өткізген құрамалардың бірі болып тұрғанын да айта кеткен жөн шығар. Поль Погба, Антуан Гризманн және Килиан Мбаппе сияқты Франция елінің маңдайына біткен жұлдыздар тісқаққан Луис Суарес пен Эдинсон Кавани сынды Уругвай саңлақтарына қаншалықты қауқар көрсете алар екен? Мұны алдағы кездесуде көреміз.


Бельгия – Бразилия


Футболсүйер қауым асыға күтіп отырған тағы бір ойын Бельгия мен Бразилия арасындағы матч болмақ. Тәжірибесі толысып, шеберлігі әбден ширыққан қос ұжым да биылғы доп додасының негізгі фавориттеріне балануда. Бұл ойынды тіптен мезгілінен бұрынғы финал деп те атап үлгергендер бар. Мұнымен келіспеуге де болмайды. Мәселен, Бразилия құрамасы осыған дейінгі төрт ойында қарсыластар қақпасына жеті гол соғып, өз қақпасына бір-ақ доп өткізді. Неймар, Филиппе Коутиньо, Фернандиньо, Роберто Фирмино, Каземиро сияқты кіл мықтылардан құралған команданың мақсаты айқын, ол – ел құрамасын алты дүркін Әлем чемпионы атандыру.


«Пентакампеондардан» «Қызыл сойқандар», яғни Бельгия құрамасы да қалысар емес. Қазір шабуылы ең өткір құрамалардың бірінен саналатын еуропалық ұжымның да Әлем кубогынан дәмесі зор. Қалай дегенде де, бұл кездесу көпшіліктің көңілінен шығатын нағыз футбол спектакліне айналайын деп тұр.


Ал енді екі ұжым арасындағы ойындар статистикасына келсек, Бразилия мен Бельгия құрамалары бұған дейін алты рет бір-біріне қарсылас атанып, оның бесеуінде латынамерикалық команданың мерейі үстем болған екен. Тағы бір ойында бельгиялықтар жеңіске жеткен. Бұл ойындардағы доп айырмасы 17:8, бразилиялықтардың пайдасына.


Ресей – Хорватия


Әлем біріншіліктерінің плей-офф кезеңіне өз тарихында тұңғыш рет жолдама алған жарыс қожайындары Ресей құрамасы ширек финалда Хорватиямен шеберлік байқаспақ. Мамандар аталған ойында хорваттардың жеңіске жететініне көбірек сенуде. Балқандық команданың Лука Модрич, Иван Ракитич, Иван Перишич, Марио Манджукич сияқты беткеұстар футболшыларының бәрі жарақаттан дін аман, алдағы кездесуге сақадай сай. Футбол сарапшылары Хорватияны ойын өрнегі жағынан Уругвай құрамасына көбірек ұқсатады. Ал сол уругвайлықтар топтық кезеңде Ресей құрамасын қалай жеңгені бәріміздің көз алдымызда. Дегенмен, бұл – футбол болғандықтан, жасыл алаңда кімнің жеңетінін дөп басып айту мүмкін емес. Бәрі де бақ пен бапқа байланысты.ъ


Ал енді екі құраманың бір-бірімен өткізген ойындарына тоқталсақ, бұл тұрғыда сәл де болса басымдыққа хорваттар ие. Бүгінге дейін үш рет кездескен қарсыластар екі матчты 0:0 есебімен тең аяқтаса, тағы бір ойында 3:1 есебімен Хорватия құрамасы жеңіске жеткен.


Швеция – Англия


Қазақтың «Ескі жау атыспаққа жақсы» деген аталы сөзін Англия мен Швеция құрамалары арасындағы кездесулерге де қарата айтуға болады. Осыған дейін футбол алаңында 23 рет жолыққан ағылшындар мен шведтер бір-бірін әбден таныған, қыр-сырын жақсы біледі. Дегенмен бұл ойында қос ұжымның да қарсыласына дайындаған тосынсыйлары болады деп үміттенеміз.


Ал енді сол өткен 23 матчтың нәтижелеріне келсек, аталған кездесудің жетеуінде скандинавиялық елдің командасы жеңіске жетсе, тағы жеті ойында британдықтар басым болған. Қалған тоғыз кездесуде тең нәтиже тіркелген. Доп айырмасы 31:35 Англияның пайдасына. Бір қарағанда қарсыластардың терезесі тең бе деп те қалуға болады. Алайда, футбол білгірлері бұл жолғы кездесуде Тұманды Альбион аяқдопшыларының асығы алшысынан түседі деген болжам жасап отыр. Бірақ, бұл бар болғаны болжам ғана. Ал іс жүзінде қалай болатынын ойынның өзі көрсетеді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив