KZ
Өскемен
+11°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, Ю
448.15 483.46 4.86

«Қызыл сойқандар» немесе Бельгияның «алтын дәуірі»

25.06.2018, 10:38 208

Биылғы доп додасында ойыны жүріп тұрған команда қайсысы деп сұраса, сөзсіз Бельгия құрамасын көрсетер ем. Бұл күндері түн ұйқысын төрт бөліп, теледидарға телмірген футбол сүйер қауымның дені де менімен келісуі тиіс. Жылдар бойы қандай да бір жүлдеге таласы жоқ қатардағы команда саналып келген Бельгия құрамасы қазір «алтын дәуірін» өткеруде, деп жазады Алтайньюс тілшісі.


Рас, бельгиялықтардың қазіргі құрамына қарасаң көз тояды. Кевин де Брейне, Тибо Куртуа, Венсан Компани, Ромелу Лукаку, Дрис Мертенс, Маруан Феллайни, Эден Азар сияқты азуын айға білеген аяқ допшылары бар Бельгия құрамасы кез келген қарсыласты састырары хақ. Дегенмен аталған еуропалық мемлекеттің футболына шын мәнінде жан бітірген тұлға деп атақты бапкер Ги Тисті айтуға болады.


Көп жыл бойы көршілес Германия, Франция және Нидерланд құрамаларының көлеңкесінде қалып келген Бельгия футболының нағыз өрлеу кезеңі 1976-шы жылы ел құрамасын аталған маманның тізгіндеуінен бастау алады. Дәл осы бапкердің тұсында Ян Кулеманс, Франсуа ван дер Эльст, Рене Вандерейккен және Жан-Мари Пфафф сияқты атақты футболшылардың жұлдызы жанды. Ги Тистің аядай Бельгия үшін де, жаһандық футбол үшін де сіңірген еңбегі ерен. Бүгінде қорғанысқа баса ден қоятын командалардың барлығы пайдаланатын жасанды оффсайд тәсілін алғаш рет дәл осы бапкердің командалары қолдана бастағанын оқырмандарымыздың бірі білсе, бірі білмес. Тистің командаларын тасқамал қорғанысы мен қарсыластарына оқ боп тиетін қарымта шабуылдары айшықтап тұратын. Ол ел құрамасын 15 жыл басқарды. Дәл осы 15 жыл ішінде Бельгия мықтылар мұрнын шүйіре қарайтын ортаңқол ұжымнан, футбол алыптарымен терезесі тең өнер көрсететін командаға айналды. Ги Тистің құрамасы 1980 жылғы Еуропа біріншілігінің ақтық сынына дейін жетіп, онда 1:2 есебімен Батыс Германия құрамасына жол берген-ді. Екі жылдан кейін Испанияда өткен Әлем біріншілігінде де бельгиялықтар ауыз толтырып айтарлықтай ойын өрнегін көрсете білді. Әсіресе, Диего Марадона бастаған Әлем чемпиондары Аргентина командасын ұтуы айтулы оқиға болғаны рас. Сол чемпионатты бельгиялықтар екінші топтық кезеңге жетіп, аяқтағанын айта кеткен жөн. «Қызыл сойқандардың» келесі таңдай қақтырарлық жетістігі 1986 жылғы Мексикада өткен Мундиальда тіркелді. Жарыс барысында бельгиялықтардың 4:3 есебімен азулы КСРО құрамасын қапыда қалдырғанын жасы үлкен жанкүйерлер ұмыта қоймаған болар. Бұдан кейін ширек финалдық кездесуде Ги Тис жігіттері құрамында даңқты Эмилио Бутрагеньосы бар Испания құрамасын пенальти сериясында ұтып кетті. Алайда, жартылай финалда болашақ Әлем чемпиондары Аргентина құрамасына жол беруге мәжбүр болды. Осылайша, Тис шәкірттері төрткүл дүние мықтылары сынға түсетін бәсекеде тұңғыш рет үздік төрттіктен орын алды.


Содан бері біраз уақыт өтсе де Бельгия құрамасының сол бір жетістігі әлі күнге дейін ел футболы тарихындағы үздік нәтиже болып қалуда. Дегенмен 30 жылдан астам уақыт бойы мұрты бұзылмай келген аталған рекордтың биыл жаңарып қалмасына кім кепіл?!. Оған «қызыл сойқандардың» қазіргі буынының ойынына, олардың тасқын шабуылына қарап көз жеткізгендей боласың.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив