KZ
Өскемен
+3°
дождь жел 2,5 м/с, ОШ
448.15 483.46 4.86

Ресей құрамасы - төртінші «жорықтың» соңы не болмақ?

21.06.2018, 05:34 271

Ресейде  той. Бұл тойдың орны бөлек. Күні кеше Мысыр құрамасын 3:1 есебімен жеңген футболдан ел құрамасы өз тарихында тұңғыш рет Мундиальдің плей-офф кезеңіне шықты. Жалпы, солтүстік көршіміздің бұған дейінгі Әлем кубогы үшін «жорықтары» қалай аяқталып еді, соған көз жүгіртіп өтсек.


Футбол статистикасы Кеңес Одағы ыдырағаннан бергі уақытта Ресей ұлттық құрамасы жеті Әлем біріншілігінің төртеуіне қатысқанын хабарлайды. Бір қызығы, бұл жарыстардың қай-қайсысында да ресейліктерге қатысты ерекше жайттар орын алып отырған. Мәселен, 1994 жылы АҚШ-та өткен доп додасында болашақ Әлем чемпиондары Бразилия, қола жүлдегер Швеция және Камерун командаларымен бір топта өнер көрсету «бақыты» бұйырған Ресей құрамасы алғашқы екеуіне сәйкесінше 2:0 және 3:1 есебімен жол беріп, бар өшін африкалық командадан алған. Пало-Алто қаласында өткен топтық кезеңнің соңғы матчында камерундықтарды 6:1 есебімен талқандаған Павел Садырин бапкердің шәкірттері, дәлірек айтсақ, команданың бір ойыншысы күні бүгінге дейін мұрты бұзылмай тұрған рекорд орнатқан. Бұл ойында ресейліктердің шабуылшысы Олег Саленко қарсылас қақпасын бес мәрте дәл көздеп, осының арқасында алты доппен (тағы бір голды Швеция қақпасына соққан) чемпионаттың үздік мергені атанып кеткені бар. Дегенмен бұл айтулы жеңіс те, Саленконың жарқын ойыны да команданы топтан алып шыға алмады.


Ал сегіз жылдан кейін Оңтүстік Корея мен Жапонияда жалауын желбіреткен Мундиальда орекеңдер тіптен сүреңсіз ойнады. Ә дегенде Тунис құрамасын 2:0 есебімен тізе бүктірген сол кездегі бас бапкер Олег Романцевтің командасы артынша екі мәрте жеңіліс тауып, жарысты ерте аяқтауға мәжбүр болды. Ресей құрамасының әсіресе Жапониядан жеңілуі тарихи оқиғаға айналды. Олай дейтініміз, бұл жапондардың Әлем біріншіліктері тарихындағы алғашқы жеңісі болатын. Тағы бір жеңіліс Бельгия құрамасымен ойында тіркелді, есеп 2:3.


Осыдан кейін араға 12 жыл салып қайтадан әлемдік футбол мейрамына жолдама алған ресейліктер бұл жолы да отандастарын жарқын жеңістерімен, таңдай қақтырар ойынымен қуанта алмады. Қайта өз қақпаларына гол соғып (қақпашы Акинфеевтің Оңтүстік Корея командасымен өткен ойындағы «шеберлігі» арқасында), үш ойында екі ұпай жинап, біріншілік бел ортасынан аумай жатып, отандарына қайтуларына тура келді. Бразилия жерінде өткен сол бәсекеде Ресей құрамасы Бельгия, Оңтүстік Корея және Алжир командаларына қарсылас атанып, топта небәрі үшінші орынға ие болғанын көзі қарақты жанкүйер жақсы білер.


Сөйткен ресейліктер, енді міне, өз жерінде өтіп жатқан доп додасының келесі кезеңіне өтейін деп тұр. Десек те, Ресей құрамасының бұдан кейінгі жағдайы қиындай түспек. Себебі, бұл топтан шыққан командалар 1/8 финалда В квартетінің қос мықтысымен шеберлік байқасатын болады. Ал ол топта Испания, Португалия, Иран мен Марокко құрамалары өнер көрсетуде. Яғни, фавориттер ұпайдан қағылмайтын болса, плей-офтың бірінші кезеңінде ресейліктердің жолы не португал не испан футболшыларымен түйісуі мүмкін. Дегенмен, әліптің артын бағалық.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив