KZ
Өскемен
+22°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, З
447.4 477.55 4.76

Өскеменде жетіген аспабының үйірмесі бар

20.06.2018, 11:30 144

Өскеменде жетіген аспабының үйірмесі бар дегенді естіп, жерден жеті қоян тапқандай қуандық, рас. Тізгін ұшымен «Алтын ұя» зияткерлік білім беру орталығын бетке алып келеміз. Бұған дейін қаладағы қара домалақтардың домбыраның құлағында ойнағанына неше мәрте куә болып, марқайып жүргенбіз. Қобыздың қадірін білетін жас буынның қалыптасып келе жатқанынан да хабардар көңіліміз көк еді. Ал мынау – жетіген... Иә, сол бір аңыздан жаралған ғажайып аспап.


Орталыққа бара жатқан бойда сол бір аңыз еріксіз есімізге орала берді. Кезекпе-кезек жеті ұлынан айырылған қарияның қайғылы күйлері құлақ түбінде ойнап тұрғандай еді. «Қарағым» мен «Қанат сынардан» басталған күйді, «Құмарым» мен «От сөнер» жалғап әкеп, «Бақыт көшті» мен «Күн тұтылуына» ұластырды. Ақыр соңында қарияның «Жеті баламнан айырылып құса болдым» деген зары анық естілді. Әлбетте, бүгінгі күнге «Жетігеннің жетеуі» деген жалпы атаумен жеткен күй-пьесаны білетініміз болмаса, аңыздағы күйлерді кім естіген? Бұл бір толқыныстан туған тылсым болар дедік...


«Алтын ұяның» табалдырығынан аттаған бізді сызыла шыққан қоңыр дауыс пен сазды әуен екінші қабатқа жетелей берді. «Қарағайлы, ендеше, қарағайлы бүлдірген, Қарағайды көп жылқы аралайды, бүлдірген»... Иә, халық әні «Бүлдірген». Сөз жоқ, сазды әуен – жетігеннің үні. Халық қалт айтқан ба, сырлы саз десе, сырлы саз. Жетелеген күйде, қажетті жерге адастырмай апарды. Есігі ашық тұрған бөлме төрінде жетіген ойнап отырған үйірме жетекшісі деп топшыладық. Әнін аяқтаған ұстаз қарсы алдындағы бір топ бес-алты жас мөлшеріндегі балақайларға аспап туралы әңгімелей бастады. Балдырғандардың бұл аспапты алғаш көруі, сірә, әр жерін бір шұқылап, айналсоқтап шығар емес.


Топшылағанымыздай, бұл – үйірме жетекшісі Маржан Баекина болды. Қолы қалт еткен сәтті пайдаланып, жазғы лагерде жүрген ботақандарды жинап алып, жетігеннің қыр-сырымен таныстыру үстінде екен.


– Иә, бұл балақайлар тым кішкентай. Алайда қызығушылық осы кезден бастау алады ғой. Болашақта бәрі бірдей жетіген ойнап кетпесе де, қыр-сырын біліп-өскені, ұлттық асаптың қадір-қасиетін танығаны жақсы емес пе? Ал бойында жылт еткен талпынысы бар балақайлар өздері іздеп келер алдағы уақытта, – деп жауап қатты алғашқы сұрағымызға үйірме жетекшісі.

Маржанның жетігенді мейілінше кеңінен насихаттап, жас буынға жете таныстырғысы келетіні бірден аңғарылды. Ұлттық өнерге деген құрметі ғой. Бұл қасиет қайдан келді?


– Алғаш рет музыкалық білім алу үшін қаламыздағы ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер училищесінің есігін аштым. Әу баста шертер аспабын үйренуге талпындым. «Шертер – ең қиын аспап» деген сөз қайратымды жанығандай болған. Ештеңе жоқ, меңгеріп кеттім. Сол кездегі ұстазым, Құрманғазы атындағы консерваторияның түлегі – Жанерке Сайлауханқызының негізгі аспабы жетіген еді. Уақыт өте соған қызығушылығым артты. Қыз балаға ерекше жарасымды секілді көрінетін. Мен ұстазымнан көп дүние үйрендім ғой.


Бір басшы, бір ұстаз – бірегей өнер


Маржан Ғабиденқызы «Алтын ұяда» жетіген үйірмесін жетектеп келе жатқалы жылдың жүзі ғана болыпты. Игі бастаманы бірге қолға алайық деп орталық директоры Ерлан Мағданов өзі ұсыныс тастаған көрінеді. Яғни бұл – қандай да бір мемлекеттік бағдарлама аясында емес, ұстаз бен парасатты басшының ізгі ойнан бастау алған жоба. Зияткерлік білім беру орталығы ментальді арифметика, физика-математика, қазақ тілі және әдебиет сынды бағыттарда оқушылардың білімін арттыру мақсатында жұмыс істейді. Іргелі білім салаларымен бірге жетіген үйретеді. Орталық басшылары әлемнің екінші ұстазы әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қос жауы» деген сөзін қаперден тыс қалдырмапты. Оқушыларға жеті түрлі біліммен қатар ұлттық құндылықтарды жетігеннің үнімен сіңіріп отыр.



– Көрдіңіздер, зияткерлік білім беру орталығы он шақты бағытта жұмыс істейді. Нәтиже бар. Ойша есептеуге жүйрік шәкірттер ел көлемінде топ жарып жүр. Өзгелері де қарқынды. Білім жолын қуған ұрпақтың белін буып келеміз. Бір сәт шығармашылық қабілеті бар балаларға неге қол ұшын бермеске деген ой келді. Шығармашылық адамдары негізінен қолдауға мұқтаж ғой. Бастама ерекше болу керек еді. Ұлттық аспаптарды жетік меңгерген ұстаздар іздестірдім. Маржанмен кездейсоқ кезіккенде, жетігенде ойнайтынын естіп, іздегенім табылды дедім. Біздің өңірге таңсықтау аспап қой. Ендеше бұны облыс орталығында жаңғыртамыз деп шештік. Нәтижесі жаман емес. Ертең-ақ жетігенде ойнайтын қаракөздердің қатары көбейеді, – дейді Ерлан Мағданов.


Бас шаһарда бір шәкірт


Маржанның бұл жерде жолын қуған жалғыз шәкірті бар. Біздің әуелгі көңілімізге су сепкендей болған осы жайт еді. Бірақ ұстаздың Ұлан ауданында 11 шәкірті барын естігенде, көңіліміз жайланды. Жетігеннің тұңғыш үйірмесі осыдан екі жыл бұрын Қасым Қайсенов кентіндегі балалар музыка мектебінде ашылған екен. Аталмыш мектептің директоры Бақытжан Аханова жетігенге ықылас танытқан жасөспірімдерге тікелей қолдау көрсетіп, Алматыға ат шалдыртып, бала басына жетіген алдыртқан көрінеді.


– Бұл аспапқа жасөспірімдердің қызықпауы мүмкін емес. Сырлы саз деген аты бар ғой. Өзім де бала кезден сазды үнін жақсы көргем, – деген үйірме жетекшісі күн санап қанаты қатайған балапандарымен бірге «Сырлы саз» ансамблін құрады.


– Жетіген – қазақтың көне аспаптарының бірі. Ол жайында әжелерімізден естіп өстік. Оның ғажаб үні өткен күннен сыр шертеді. Көшпенділіктің керемет көрінісін көз алдыңа әкелмей ме. Қазіргі уақытта сырлы саз Түркия, Моңғолия сынды елдер де көп таралған. Қытай елі оның электронды түрін де шығарып қойды, – деді бір сөзінде ұлтжанды ұстаз.


Біздің елдегі жетігеннің ең шебері – Нұрлан Абдрахманов. Маржанның «Сырлы сазы» ансамблі әйгілі шебердің шәкірті Еркебұлан Уәлиевтің «Дала сазы» шеберханасынан шыққан жетігендерде ойн айды.


Маржан алдағы уақытта қала мектептерін аралап, талапкерлерді өзім іздеймін деп отыр. Жалпы облыс көлемінде жетігенде ойнайтындар Тарбағатай өңірінде көбірек кезігеді екен, ұстаздың айтуынша. Өзге аудандарда бәленше деген жетіген үйірмесі бар дегенді естімеген көрінеді. Себебі, Маржан 11 шәкірті жасақтаған «Сырлы саз» ансамблімен республикалық, халықаралық бәйгелерде облыс атынан талай сынға түсіп жүр ғой.


ТҮЙІН


Маржан Ғабиденқызы өңірде жетіген үйрететін ұстаздардың жоқтығын айтып отыр. Мектеп қалыптаспаған. Біз осы уақытқа дейін қала мектептеріндегі «Мұрагер» бағдарламасы жайында жазған едік. Бала біткен білім ошағының табалдырығынан аттай сала домбыра ойнауды үйренеді дегенбіз. Соның арқасында қаламызда Құрманғазы мен Динаның ізбасарлары өсіп келе жатыр деп жар сала қуандық. Яғни, домбыра жолға қойылды. Қарапайым музыкалық білімі мен талабы бар адамға жетігінді меңгеру анау айтқандай қиын шаруа емес. Сондай жастардың бір жерге басын қосып, семинар-тренингтер өткізу арқылы жетіген ұстаздарының «институтын» неге қалыптастырмасқа? Әрине, біз Америка ашып отырған жоқпыз. Жаңағы «мұрагерліктердің» игі шарасы осылай бастау алған. Осы бастамаға біздің өңір бірінші мұрындық болса, нұр үстіне нұр еді. Он ұстаз он өңірде он шәкірт тәрбиелесе де үлкен жетістік қой. Бастапқыда айтқан сан-салалы «Алтын ұя» орталығының директоры Ерлан Мағданов та бұл ойды құп көріп отыр. Игілікті іс дәл осы ортада-ақ бастау алар еді. Әйткенмен, жалғыздың үні шықпайтыны белгілі.


Жетігеннің жеті шегі әу баста қайғылы күйлерді шертті. Жұт жылдары жеті ұлынан айырылған қарияның зары туралы айтып отырмыз. Бүгінде нәубеттен өтіп, «тәубалаған» заманға жеткен елміз. Жетіген енді қазақтың қуанышты сәттерінен ғана сыр шертер. Осыны түсінген ұрпақ қана соған жеткізбек. Солардың қатары көбейсін деген ниет!

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив