KZ
Өскемен
+19°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, З
447.4 477.55 4.76

Өскеменде Ораза айтта орталық мешітке жамағат лық толды

15.06.2018, 04:39 202

Бүгін жыл сайын жыл құсындай сағынтып жететін айлардың төресі қасиетті Рамазан айы да аяқталып, күллі мұсылман қауымның ұлық мерекелерінің бірі ораза айт басталды. Бұл күні айт намазына асыққан өскемендіктер мен қала қонақтары таңертеңгі алтыдан бастап облыс орталығындағы Халифа Алтай мешітіне қарай ағылды. Жамағаттың көптігі соншалық, зәулім Алла үйі жамағатқа лық толып, ине шаншар орын болмай қалды. Әсіресе, өзге ұлт өкілдерінің айт намазына көптеп жиналғаны, кішкентай балалалардың да құбылаға бет түзеп, намазға жығылып жатқаны қуантты бізді.


Жиналған қауымның алдына шыққан Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Өскемен өңірі бойынша өкіл имамы, облыстық Халифа Алтай мешітінің бас имамы Ермек қажы Мұқатай айт намазының алдында сағатқа жуық уақыт мұсылман бауырларға ислам дінінің асыл құндылықтары жайлы арнайы уағыз айтып, Ораза айт мейрамының мәні мен маңызын жиналған көпшілікке түсіндіріп берді.


– Ораза айт сөзі араб тілінен алғанда «мерекелеу» «хал сұрасу», «бір-бірін қуанту», «қуанышқа топталу» деген ұғымды білдіреді. Яғни, адамдарды бір-бірімен жақындастырады, татуластырады. Қасиетті Рамазан айының аяқталғанын білдіретін Ораза айт – мейірімділіктің, игіліктің, бірліктің, ізеттіліктің, қайырымдылықтың мерекесі. Бұл мейрам барша халықты ізгілікке ұйытады. Бұл күні тек мешітке келумен ғана шектелмей барлық жақындарыңызға, отбасы мүшелеріңізге сыйлық жасаңыз, қуантыңыз. Ораза айт мерекесімен құттықтаңыз. Дұға оқып, тілек тілеңіз. Қазір жұмысқа барғанда да бір-бірлеріңізді құттықтап мейрам екендігін сездіріңіз. Білген, үйренген, тоқығаныңызды өзіңіз ғана біліп, пайдаланбай өзгелерге де үйретіңіз, Исламдай асыл діннің құндылықтарын айналаңызға таратыңыз. Исламның өзін тарау-тарауға бөліп алып, адасып жүрген бауырларды ортамызға тартайық. Оларға да бұл мейрамның сауабы тисін. Бүгін екі бірдей мейрам – бірі ораза айт болса, екіншісі қасиетті жұма. Әр жұмада осы құрамда жиналып тұрайық. Ораза айт мерекесі құтты болсын. Аллаһ тағала барлық тілектеріңіздің орындалуын нәсіп етсін, - деді Ермек қажы Мұқатай құттықтау сөзінде.


Мұнан соң Алла үйіне жиналған жамағат қаз-қатар сапқа тұрып, бас имамға ілесіп ораза айт намазын оқыды. Артынан өткендердің рухына арнап Құран бағыштады.


Ораза айт мерекесіне арналған шаралар мұнан соң мешіт үйінің алдындағы алаңда жалғасып, арқан тартудан сайыс ұйымдастырылды. Ауызашарға арнайы әзірлеп әкелінген түрлі тәтті тағамдар мен ыстық шай, жаңа піскен бауырсақ мұсылман бауырларға тегін таратылды.



Сондай-ақ, студент жастардан құралған «Өскемен жанашырлары» қайырымдылық тобы қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастырып, қымыз, құрт-ірімшік және нан, кондитер өнімдерін қолжетімді бағамен келушілерге ұсынды. Топ жетекшісі Жасқанат Тазабекұлының айтуынша жәрмеңкеден, қайырымдылық концерттерінен түскен қаражат мұқтаж жандардың, балалар үйлерінің, жағдайы төмен отбасылардың қажеттіліктеріне жұмсалады.


– Топта тоғыз адамбыз, екі ай бұрын ашылдық. Ал «Өскемен жанашырларының» негізгі үлкен тобы ол мешіт жамағаттары ол осыдан екі жыл бұрын ашылған. Кешегі уақытта облыстық мешіт екі жүз отбасыға қайырымдылық пакетін берді. Соған қатыстық. Адамдарды қатарымызға көптеп тарту үшін инстаграмм желісінде арнайы парақшамызды да аштық, - дейді ол.



– Адамдар ауызашарда тәтті тағамдарды жегені дұрыс қой. Сол үшін жыл сайын Ораза айт кезінде мешіт алдына келіп жамағатқа өз өнімдерімізді тегін таратамыз. Бүгін де екі мың данадан астам «Шекерпара» тәтті тағамын әкеліп отырмыз. Одан бөлек кәмпиттер беріп жатырмыз. Жыл сайын оразадан оразаға жете берейік. Халқымызға зор денсаулық, тыныштық тілеймін. Халқымызда, Отанымызда бірлік, ынтымақ болсын. Бізге ең керегі осы, - дейді қаладағы «Искандер» дәмхана желісінің қожайыны Нүриддин есімді кәсіпкер түрік азаматы.


Бұл күні Ораза айт мерекесі облысымыздың барлық аудан-қалаларында кеңінен мерекеленді.



Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив