ШҚО-да қайталап қылмыс жасайтындардың саны көбейіп барады

Әлеуметтік бейімдеу шараларына қарамастан қайталап қылмыс жасаған азаматтар саны облыста жылдан-жылға артып келеді. Айталық, 2016 жылы олардың саны 52 болса, былтыр 195-ке көбейген, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Облыс прокуратурасы пробация қызметіндегі бірқатар заң бұзушылықтарды анықтап отыр. Ол мәселелер құқықтық тәртіпті, қылмыспен күрес, заңдылықты күшейту жөніндегі үйлестіру кеңесінде талқыланды.
– Көптеген бұзушылықтар профилактикалық жұмыстың жеткіліксіздігін, әлеуметтік-құқықтық көмектің үстірт берілетінін көрсетуде. Мысалы, инспекторлар есептегі тұлғаларға психологиялық көмекті жиі тағайындайды, ал олар медициналық көмекке, жұмысқа орналасуға мұқтаж. Немесе керісінше жұмысы барларға жұмыспен қамту орталығына жолдама беріледі. Сондай-ақ нақты көмек қажет ететін тұлғаларға қатысты жеке бағдарламалар уәкілетті органдарға мүлде жолданбайды, – деп хабарлайды облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Әлеуметтік-құқықтық көмекті жүзеге асыруға, оның сапасын бағалауға кедергі – осы қызмет стандарттарының жоқтығы. Азаматтығы не жеке құжаттары, тіркелуі жоқ тұлғаларды құжаттандыруда көптеген мәселелер туындайды. Заңнаманың олқылықтары да жетерлік.
Сонымен қатар, қылмыстық атқару жүйесі мекемелері мен пробация қызметі арасында, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен полиция арасында өзара іс-қимылдар да тиісті деңгейде емес.
Соның салдарынан жауапты құрылымдар қабылдайтын шаралар тиімсіз, ал профилактикалық жұмыс жеткіліксіз. Әлеуметтік бейімдеу және ресоциализациядан кейін есептегі тұлғалар қайталап қылмыс жасайды. Жазасын өтеп шыққандар көп жағдайда ұрлық пен қарақшылық қылмыстарды жасайды.