KZ
Өскемен
+13°
пасмурно жел 1,9 м/с, СБ
446.49 475.38 4.79

Жазушылар Одағының Семейдегі филиалына басшы тағайындалды

8.06.2018, 08:14 172

Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет 7 маусым күні алаштың рухани астанасы – Семей қаласының зиялы қауым өкілдерімен, шығармашылық жастармен кездесті.


Белгілі қаламгер Медеу Сәрсеке, Жазушылар Одағының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының жетекшісі, ақын Әлібек Қаңтарбаев, қоғам қайраткері Түсіпхан Түсіпбеков қатысқан кездесуде Ұ.Есдәулет шаһардағы зиялы қауымға Одақтың қолға алып жатқан жұмыстарын, алдағы жоспарларын таныстырды. Бүгінде Одақтағы 800-ден астам жазушының 500-і зейнеткер екендігін, сондықтан ұйымға талантты жастарды мүшелікке алу жағына көңіл бөлініп жатқандығын айта келіп, семейлік жас ақын Мерей Қартовқа Жазушылар Одағының мүшелік билетін табыс етті.


Жазушылар Одағының Семей қалалық филиалын көп жылдар көрнекті абайтанушы Төкен Ибрагимов басқарғаны белгілі. Жиында осы филиалды жандандыру, оған жаңа басшы тағайындау жайында да сөз қозғалып, қазақтың талантты ақыны Тыныштықбек Әбдікәкімов, драматург Айбек Сапышев филиал жетекшілігіне жас ақын Мерей Қартовтың кандидатурасын ұсынды. Басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет еліміздің бірнеше облыстарында Одақ филиалдарының басшылары өз тілектерімен ауыстырылып жатқанына тоқталып, Семей қалалық филиалының жетекшісіне қатысты ұсынысты қолдайтындығын жеткізді.


Басқосуда сөз алған филология ғылымдарының докторы Арап Еспенбетов: «Семейде Жазушылар Одағының филиалы болуы керек дегенге дұрыс қараймын. Дәстүрлі жер ғой бұл. Сабақтастық үзіле қоймас. Қалада талантты жастар аз емес. Олардың кітаптарын шығарып, Жазушылар Одағына мүшелікке өтулеріне қолғабыс жасағанымыз жөн. Қазіргі жағдай нені көрсетеді? «Мен жазушымын» дегеннен ештеңе шықпайды. Қазір ұйымдастырушы керек. Жазушыға жағдай жасайтын адам керек. Менеджер керек» дей келе, Семейде қолға алынып жатқан «Абай әлемі» атты кітаптар сериясының бір кітабына талантты жастардың дүниелері топтастырып берілсе деген ұсынысын алға тартты.


Шығыс Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулетті 8 маусымда Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов арнайы қабылдады. Кездесуде Ұ.Есдәулет Одақтың Семейдегі филиалының жаңа басшысы Мерей Қартовты әкімге таныстырды.  Е.Сәлімов филиалға қолдан келген көмегін аямайтынын тілге тиек етті. Кездесу барысында осындағы Абай музейінің директоры Болат Жүнісбеков филиалға музей ішінен конференция залы бар жайлы да қолайлы орын беруге әзір екендігін, ал Шәкәрім университетінің басшылығы филиалды қажетті жабдықтармен жабдықтауға жәрдемдесетінін айтты.


Реті келгенде айта кетейік, 7 маусымда Семейдегі Шәкәрім атындағы университетте Ұлықбек Есдәулеттің «Аққу сыр, қауырсын наз, қанатты өлең» атты жастармен кездесу кеші өтіп, кеш аясында оқу орының ректоры Мейір Ескендіровтің ұйғарымымен биыл мектеп бітірген үш талантты жасқа ақын атындағы білім гранты салтанатты түрде тапсырылды.


Азамат Қасым


qamshy.kz

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив