KZ
Өскемен
+18°
ясно жел 9 м/с, С
446.49 475.38 4.79

Семейдегі даулы оқулықтарға қатысты интернат басшылығы түсініктеме берді

28.05.2018, 12:03 146

Жуырда Семейге келген Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанындағы арнайы мониторингтік тобы білім саласына қатысты өзекті проблеманың бетін ашты. Нақтырақ айтқанда, қоғам белсенділері есту қабілеті бұзылған балалардың кеңестік замандағы оқулықпен тәлім алып жатқанын әшкерелеген еді.


Дауға қалған мектеп-интернатына арнайы барып, мәселенің мән-жайына қанықтық. Білім ұясының басшылығы, өзегіңді өртейтін проблема бес жылдан бері қаузаланып келе жатқанын айтты. Әйтсе де сең қозғалар емес.


"Егерде отандық мазмұндағы мұндай оқулық шықса, біз бірінші болып алар едік", - дегенді алға тартып отыр мектеп-интернатының ұжымы. Ал мониторингтік топтың қолына түскен кеңестік кітаптар, тек қосымша материал ретінде пайдаланылады деп сендірді мекеменің директоры.


-Әлбетте ол оқулықтарда Ленин және Кеңес үкіметі туралы мәліметтер бар. Бірақ педагогтер мұны балаларға оқытпайды. Бұл кітаптар қосымша тапсырмаларды орындауға қолданылады. Олар негізінен 2010 жылы есептен шығарылған. Балама ретінде ресейлік арнаулы оқулықтар пайдаланылады. Аталмыш еңбектер есту қабілеті бұзылған балаларға арналған. Дегенмен бұл ресейлік өнім. Ал әлгіндегі ата-аналар жария еткен үш оқулықты педагогтер қосымша материал ретінде қолданады. Сабақ процесінде олар мүлдем пайдаланылған емес, - дейді есту қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернатының директоры Сәуле Валиулина.


Бұған қоса, 7 сыныпқа дейін интернат тәрбиеленушілері арнаулы әдебиеттермен тәлім алса, жоғары сыныптарда жалпыға бірдей оқулықтармен білім игеруге мәжбүр. Себебі тиісті кітаптар жоқтың қасы. Болғанның өзінде, жат жұрттың өнімі.


Қош, сонымен түйіндей келгенде елімізде қамкөңіл жандарға арналған әлі бірде-бір кітап шықпаған дегенге саяды. Егемендікті алғанға 30 жылға жуықтаса да, сонда бітіргеніміз шамалы. Бұл мәселеде кінәні мектеп-интернатының басшылығына яки білім басқармасына тағудан аулақпыз. Аталмыш сұрақ тұтастай Білім және ғылым министрлігіне жолдану қажет екені түсінікті.



 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив