KZ
Өскемен
+16°
ясно жел 10 м/с, СБ
446.49 475.38 4.79

Өскемендегі электробустардың бағасының неге қымбат екендігі айтылды

16.05.2018, 10:36 127

Өскеменде электробусты сынақтан өткізіп жатқан Higer Quazar компаниясының өкілдері экологиялық көліктің болжалды бағасын атады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


Higer Quazar компаниясы бас директорының орынбасары Роман Миразимовтың айтуынша, қазір сынақта жүрген электробустың ұзындығы 8 метр. Қала билігі оның қызметін ұнатса, 12 метрлік үлгілері әкелінбек. Бағасы - 280 мың доллар.


«Бұл техникалар еуростандартқа түгелдей сай. Ауа баптағыш, аласа баспалдақ, экологиялық қаптамалар сияқты заманауи дүниенің барлығымен жабдықталған. Осыған сәйкес, бағасы 280 мың доллар болады. Ең қымбат бөлшегі - титан мен литиден құйылған батареялары» - дейді Роман Миразимов.


Оның айтуынша, қазір Өскеменде жүрген электробус былтыр ЭКСПО көрмесі кезінде Астана қонақтарын тасыған екен. Өткен бір жылдың ішінде ол Мәскеу, Астана, Алматы, Қарағанды және Жаңаөзен қалаларында сынақтан өтіпті. Қарағанды мен Жаңаөзенде қысты өткізген электробус өзінің аязға төзімді екенін дәлелдеп шықса керек.


«Аталған қалалардың бірінде де біздің техника сыр берген жоқ. Елімізде Астанадан басқа қалалардың барлығында қоғамдық көлік қызметі жеке бизнестің қолында болғандықтан, оны тұрақты маршруттарға енгізу мүмкін болмай тұр. Егер өзге қалалар да қоғамдық көлік қызметін басқаратын муниципалды орталықтар ашса, автобустар экологиялық техникалармен ауыстырылуы мүмкін. Ал жеке тасымалдаушылар үшін бағасы әлдеқайда арзан дизельді автобустарды сатып алу тиімді. Сондықтан, жеке тасымалдаушыларды жаңашылдыққа ынталандыру үшін даму институттары оларға тиімді ұсыныстар жасауы керек», - дейді Higer Quazar компаниясының өкілі.


Швеция технологиясымен жұмыс істейтін Higer Quazar  компаниясы Алматыда құрастыру цехын ашып үлгерген екен. Өскеменде жүрген 8 метрлік электробус та сол цехтің өнімі Өскеменге келгеннен бері  аталмыш электробустың жол үстінде өшіп қалғаны туралы ақпарат бірнеше рет тараған болатын. Роман Миразимов ондай оқиға ескі трансформатордың кернеуі күрт көтерілуі салдарынан орын алғанын атады.


Электробустың Өскемендегі сынағы енді бір аптадан кейін бітеді. Сынақ сәтті өтіп, Higer Quazar компаниясының ұсынысы мақұлданған күннің өзінде электробустарды қаладағы қай тасымалдаушы компания сатып алатыны белгісіз. Романның сөзіше, бұл электробустар өз бағасын бес жылдың ішінде ақтайды.


Қала билігі де  электробустар жаппай қолданысқа енген күннің өзінде жол жүру бағасы алғашқы бес жылда қазіргі тариф деңгейінде қалатынын айтып отыр.


 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив