KZ
Өскемен
+11°
облачно с прояснениями жел 5 м/с, Ю
448.15 483.46 4.86

ШҚО-да Ресеймен серіктестік мәселелері талқыланды

24.04.2018, 13:26 124

Кеше облыс әкімі Даниал Ахметов Ресей Федерациясының Өскемен қаласындағы бас консулы Михаил Королевты қабылдады.


Аймақ басшысы Шығыс Қазақстан облысы мен Ресей Федерациясы арасында тауар айналымы жыл сайын артып отырғанын және қос тарап барлық салаларда өзара тиімді қарым-қатынас орнатқанын атап өтті. Өткен жылы Шығыс Қазақстан Ресейден 0,5 миллиард АҚШ долларының өнімін импорттаған.


– Біздің Ресеймен әріптестік орнататын салаларымыз сан алуан, әсіресе ғылым-білім, өндіріс саласы бізді ерекше қызықтырады. Өскемендегі техникалық университетте ресейлік ғалымдардың қолдауымен атомдық физика саласындағы мамандар даярлау жобасы қолға алынған. Бірнеше жылдан соң Шығыс Қазақстан Франция және Қытай елдерімен бірлесе отырып, жылу қондырғыларын шығаратын болады. Бұл іске ресейлік тарапты да тартуға болады, – деді Даниал Ахметов.

Консул өңір мен Ресей арасындағы сыртқы тауар айналымы 10 пайызға өскенін де айтып, екі елді жалғап жатқан жол мәселесін көтерді.


Осы ретте облыс әкімі Риддерден Ресей шекарасына дейінгі жолды қазақстандық тарап баяғыда-ақ салып қойғанын, енді әрі қарай Ресей жағы іске кіріспей отырғанын атап көрсетті.


– Бұл мәселенің шешілмей келе жатқанына 20 жылдай болды. Осы жол ең алдымен Ресей үшін тиімді болар еді. Әлбетте, бізге де аса қажет. Аталмыш төте жол арқылы біз ары қарай Моңғолияға қатынамақпыз. Ол елдің мал өнімдерін Ресей мен Қазақстанның кәсіпорындарында өндеуге болар еді, – деді Даниал Ахметов.

Бас консул Михаил Королев мәселені өздерінің құзырлы органдарына жеткізіп, оң шешілуіне жан-жақты ықпал жасауға уәде берді.


Аймақ басшысы, мұнымен қатар, облыс театры көршілес Моңғолия мен Қытайға гастрольдік сапармен шығып жүргенін айтып, осындай іс-шараны Ресейдің қонсылас өлкелеріне де жасауға болар еді деген ұсыныс білдірді.


 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив