KZ
Өскемен
+23°
переменная облачность жел 2 м/с, Ю
440.92 475.36 4.82

Суға құлап кеткен бүлдіршін құтқарушысымен қайта қауышты

24.04.2018, 06:53 197

Өткен жұма күні облыс орталығындағы Ертіс өзеніне құлап кеткен сәби мен оның анасының құтқарылғаны туралы барлық сайттар мен әлеуметтік желілер жарыса жазып жатыр. Біз осы оқиғаның кейіпкерлері Жәңгір есімді бір жарым жастағы сәбидің анасы Перизатпен және суға кеткендерді құтқару үшін суға бірінші секірген Ернар Қадылбековпен тілдесіп, оқиғаның қалай өрбігенін өз ауыздарынан естіген едік.


Әзірге кішкентай Жәңгір дәрігерлердің бақылауында, анасымен бірге ауруханада жатыр. «Қорқынышты түстей болған осы оқиғаны ұмытсам деп едім...» деген Перизат болған жайды баяндады.



Сол күні үш жастағы ұлы Арлан велосипед тебуді үйреніп жүрген. Прокаттан велосипед алып, кішкентай Жәңгірді көтеріп алып, үшеуі Ертістің жағалауына қыдыруға шығады.


- Арлан өзеннің жағасындағы парапеттің ар жағындағы алаңқайда жүрген балаларды байқап қалып, мені сол жаққа сүйреледі. Жүзіп жүрген үйректерді біраз қызықтадық. Бір кезде Арлан  «мен спайдермен» деп, қоршауға өрмелеп шығып кетті. Жәңгірді жерге қойып, үлкен ұлымды түсіріп алайын деп, бір сәтке ғана теріс айналып едім, суға «күмп» еткен дыбысты естідім. Қас-қағым сәтте болды барлығы... – деп оқиғаны есіне алған Перизаттың дауысы әлі де дірілдейді.

Ағысы қатты өзен бүлдіршіннің кіп-кішкентай денесін төмен қарай ала жөнелді. Жалма-жан ұлының артынан секірген анасының мұздай суық судағы қимылы өнбейді. Жоғары жақта бір әйелдің «Бала суға кетті! Көмектесіңдер!» деп жанұшыра айғайлағаны да құлағында. Әйтеуір бір кезде біреудің екінші алаңқайдың маңында суға секіргенін, сәбиін ұстап алғанын ғана байқап үлгереді. Одан кейінгісі еміс-еміс есінде. Өзін де біреу судан алып шықты...


Баланы құтқарған «Экспертиза и анализ» ЖШС-нің электрмонтерлері Ернар Қадылбеков пен Айдын Төртбай болатын. Таңертеңнен Ертіс жағалауындағы шамдардың жарығын ауыстырған жігіттер жұмыстарын бітіріп, қайтуға жиналып жатқан.



-Баланың суға кеткені туралы айғай-шуды естідік. Оны өзеннің  ағысы төмен қарай әкетіп бара жатқанын байқап, әріптесім Айдын екеуміз сол  жаққа  жүгірдік, - деп есіне алады Ернар. – Жағаға түсіп қарасақ, бір метр тереңдікте баланың денесі жүзіп келеді. Қолым жетпейді екен, секірдім. Сәбиді ұстап алып, жағада тұрған Айдынға бердім. Баланың анасын да біреудің құтқарғанын көріп қалдым. Ол жүргізуші Виталий Бақтыбаев екенін артынан білдік.

Кішкентай бүлдіршін осы аралықта су жұтып үлгерген екен. Көкпеңбек болып кетіпті.


-Су жұтып қойған, баланы автоматты түрде құтқара бастадым, бұрын жасап көрмегем. Мұрнын бастым да, дем жіберіп, кеудесінен бірнеше рет бастым. Кинодан жасанды дем жіберуді көргем, сол бойынша шұғыл қимылдау керек болды, - деп күлді Ернар.

Жасанды дем берілгеннен кейін шашалып барып көзін ашқан бүлдіршінді құтқарушысы жедел жәрдем дәрігерлерінің қолына тапсырған.


Ернардың әкесі - әскери қызметкер, анасы  ТМК-да жұмыс істейді. Өскемен қаласында туғанымен, әкесінің қызметіне орай Теміртау, Семей қалаларында тұрған. Семейдің электротехникалық колледжін тәмамдапты. Дос-жарандары Ернардың батылдығына риза болып, хабарласып жатқан көрінеді.


Қазір бір ажалдан қалған сәби әлі де ауруханада. Өзін құтқарып қалған Ернар келіп, халін біліп тұрады. Батыр ағасы сыйлаған ойыншығын балақай қолынан тастамайды екен.


-Баламды аман алып қалған Ернарға алғысым шексіз. Бізді құтқаруға атсалысқан барлық адамдарға отбасымыздың атынан үлкен алғысымды білдіремін. Ауруханадан шыққан соң осылардың басын қосып, құран оқытып, садақа берсек деген ойымыз бар, - дейді Перизат.

21 жастағы Ернарға ешқандай атақтың керегі жоқ. Бірақ біз əділдік үшін оқиғаның қалай өрбігенін жазуды жөн көрдік.


 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив