KZ
Өскемен
+7°
ясно жел 2 м/с, СБ
443.85 474.3 4.8

«Рудный Алтай» газеті екінші ғасырға аяқ басты

11.04.2018, 03:01 138

Бүгін өңіріміздің шежіресі саналатын облыстық «Рудный Алтай» газетіне тура 100 жыл толды. Осыдан бір ғасыр бұрын, 1918 жылдың 10 сәуірінде ол кезде «Голос Алтая» аталған басылымның алғашқы саны жарық көрген болатын.


Соған орай бүгін облыстық Пушкин кітапханасында «Рудный Алтайға» – 100 жыл: тарих парақтары» атты көрме ұйымдастырылды. Көпшілік назарына 40-шы, 50-ші, 60-шы жылдары шыққан газет нөмірлері ұсынылды.


Осы айтулы күнге орай газеттің ардагер журналистерімен кездесу де болып өтті. Оған көп жылдар бойы осы салада қажырлы еңбек еткен, басшылық жасаған тілшілер Шәкерхан Әзмұхамедов, Анатолий Акава, Владимир Никифоров, фототілші Сергей Суров, қазір де белсенді жұмыс істеп жүрген Андрей Кратенко, Мейір Тоқабаев сынды журналистер қатысып, қызықты да әсерлі естеліктерімен бөлісті, газеттің кешегісі мен бүгінгісі жайында келелі әңгіме өрбітті. Болашақ журналистика туралы ой айтқан ардагерлер алдағы уақытта интернет-журналистиканың дәуірлейтінін де жеткізді.


-Заман ағыны өзгеріс үстінде. Бала кезімізде ауылда бір ғана көлік пен оның бір ғана шоферы болатын. Қазір әркімде дерлік жеңіл көлік бар. Сол секілді бұрын журналистер саусақпен санарлық еді, бүгінде ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты әркім-ақ әлеуметтік желіде қалағанын жаза береді, онысы бұқараға тарап жатады. Бірақ, бұл ретте бір айырмашылық бар – кәсіби журналиске жауапкершіліктің ауыр жүгі артылған, – деп ой білдірді Владимир Никифоров.

Іс-шараша облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ирина Смит қатысып, редакция ұжымына шығармашылық табыс тіледі.


-Бұл облыстың іргелі әрі байырғы басылымы – «Рудный Алтай» газетінің 100 жылдығына қатысты іс-шаралардың басы ғана. Алдағы уақытта газеттің мерейтойына арнап кітап шығару, бейнефильм түсіру, арнайы газет санын жариялау жоспарымызда бар, – деді басқосуда «Шығыс ақпарат» ЖШС-нің басқарма төрағасы Серік Жеңісов.


Кездесуге қатысқан студенттер, болашақ журналистер ардагерлерден мамандықтың қыр-сырына қатысты өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив