KZ
Өскемен
+15°
облачно с прояснениями жел 8 м/с, С
446.49 475.38 4.79

Дін өкілдері Зырян ауданына сегіз тонна гуманитарлық көмек жеткізді

7.04.2018, 04:00 98

Өңірдегі түрлі діни бірлестіктердің өкілдері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, биылғы тасқыннан зардап шеккен аудандардың тұрғындарына материалдық және моральдық тұрғыдан көмектерін көрсетуде. Өткен бейсенбі күні олар Зырян ауданында болып қайтты.


Естеріңізде болса, аймақтағы көктемгі су тасқынынан қатты зардап шеккен аудандардың бірі – Зырян ауданы болатын. Наурыздың соңғы күні басталған тасқын судың зардабын жергілікті жұрт әлі де тартып жатыр. Соңғы деректер бойынша тоғыз елді мекендегі және аудан орталығындағы үйлер мен аулаларға қарғын су қаптаса, соның ішінде Зырян қаласындағы, Зубовка кенті мен Малеев ауылындағы баспаналар өзгелерге қарағанда көбірек бүлінді. Соған орай облыстағы діни бірлестіктер өкілдері осы үш елді мекенге арнайы келіп, зардап шеккен баспаналардың иелерімен кездесті.


Мәселен, аудан орталығындағы «Горняк» мәдени-бос уақыт өткізу орталығында киім-кешек, көрпе-жастық, матрас және күнделікті тұрмыстағы гигиеналық заттар жинақталса, аудандық мешіт үйінде ұн, макарон, жарма, күнбағыс майы, нан секілді азық-түлік молынан жиналған екен.


– Бұл жерге жергілікті тұрғындардан да киім-кешектер мен заттар молынан келіп жатыр. Арнайы құрылған комиссия дүйсенбіден бері оларды тіркеп, іріктеп, нақты мекенжайы бойынша тасқыннан зардап шеккен отбасыларға таратып жатыр. Кеше діни бірлестіктерден үлкен көлемде материалдық көмек келді. Төрт-бес күннің ішінде 300-ге тарта адамға қажетті заттарды тараттық. Сонымен бірге, зардап шеккен тоғыз ауылдық округте де осындай комиссиялар жұмыс істеуде, ондағы әкімдік өкілдері өздеріне тиесілі көмекті бөліп алып, әкетіп жатыр, - деді аудандық Достық үйінің директоры, комиссия төрайымы Галина Дедова.

Келесі ретте облыстан келген діндарлар баспаналары су астында қалып, өздері уақытша Грехов кентіндегі мүгедектерге арналған оңалту орталығында тұрып жатқан тұрғындармен кездесті. Орталық директоры Дмитрий Фаустов оларға жағдай жасалғандығын алға тартты.


– Баспанасыз қалған отбасыларға төртінші қабатты түгел босатып бердік. Төрт уақыт тамақтанады, жуынатын бөлме бар, төсек-орын бәрі берілген. Психолог, медициналық қызметкер тұрғындарға қызмет жасауда. Гуманитарлық көмек те жеткізілді. Алғашында 25 адам келсе, оның оны бала болды. Қазір өз еркімен кейбірі үйіне, туыстарына қайтса, дәл қазір 12 адам қалды, оның төртеуі бала. Бұлардың бәрі Малеев ауылының тұрғындары, - деді ол.

Мұнан соң облыстан келген топ аудандағы Зубовка кентіне ат басын тіреп, баспаналарын су алған халықтың қазіргі жағдайымен танысты.


– Апат айтып келмейді ғой. Біз қашанда халықпен біргеміз. Осыған дейін 18 тоннаға жуық қайырымдылық көмегін жасадық. Мұның алдында Өскемен қаласына, Глубокое, Ұлан аудандарына барсақ, бүгін Зырянға сегіз тонна көмек жеткіздік. Жағдайды облыс әкімі назарына алған соң, көп мәселе ретімен шешілуде. Ортақ іске облыстағы өзге дін өкілдерінің барлығы да ауызбіршілік танытып, жұмылып отыр. Мұның өзі Елбасы саясатының дұрыстығын, дінаралық татулықты паш етіп отыр, - деді діни бірлестік өкілі Ермек Мұқатай.


– Қазақстан халқы қашанда қайырымдылығымен, мейірімділігімен ерекшеленген. Әсіресе дін жолындағы адамдардың бірлік танытқаны қуантады. Әрине, өңірдегі тасқынның зардабы бәрімізді де алаңдатады. Бүгін барлық діни бірлестіктер жиналып, мүмкіндігінше көмек көрсеттік, - деді діни бірлестік өкілі Владимир Вольф

 


Мақала облыстық Дін істері басқармасының тапсырысымен әзірленді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив