KZ
Өскемен
+8°
облачно с прояснениями жел 4 м/с, ОШ
448.15 483.46 4.86

Жас инспекторлар ән шырқады

29.03.2018, 09:38 185

Жуырда Өскемен қаласының Ахмет Байтұрсынов атындағы №20 орта мектебінде жас жол қозғалысы инспекторлары жасақтарының 45 жылдығына арналған ән фестивалі болып өтті. 


Бүгінде аталмыш жасақтардың міндеті жол ережесін балалар арасында насихаттау, жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселесіне тұрғындар назарын аудару болып отыр.


– Мен мемлекеттік автоинспекцияда қызмет етіп жүрген уақытта, осыдан тура 45 жыл бұрын жол қозғалысының жас инспекторлары жасақтары алғаш құрыла бастады. Қозғалыс ауқымы өте кең болып, жас инспекторлар слеті 2-3 күнге созылатын. Бұл – жас ұрпаққа жол ережесін тиянақты түсіндіруді, қайғылы жағдайлардың алдын алуды мақсат еткен ізгілікті іс. Осы жұмыстардың әлі де сол қарқынмен жалғасып, дамып келетініне ризамын. Барлықтарыңызды мерейтоймен құттықтаймын! – деді жиынға құрметті қонақ ретінде қатысқан ІІД Жергілікті полиция қызметі әкімшілік полиция басқармасы ардагерлер кеңесінің төрағасы Хадис Құрманғалиев.


«Жігер» балалар-жасөспірімдер клубтары бірлестігінің қосымша білім беру педагогы Ақгүл Атудинованың айтуынша, қала оқушылары 15-тен астам ән орындады. Әрбір қатысушы дипломмен және автомектептер ұсынған естелік сыйлықтармен марапатталды. Фестивальда «Біз жол қауіпсіздігін таңдаймыз» бейнеүндеулер байқауының қорытындысы да шығарылды. Бұл конкурсты өскемендік «Жігер» клубының жас жол инспекторлары штабы мен әкімшілік полиция басқармасы ұйымдастырды. №29 орта мектептің, Крупская атындағы интернаттың және «Спутник-6» балалар клубының үндеулері үздік деп танылып, көпшілікке көрсетілді. Жол қозғалысының қауіпсіздігін насихаттайтын роликтердің авторларына естелік сыйлықтар берілді.


Іс-шара соңында жас жол қозғалысы инспекторлары қалалық штабының оқушыларына сертификаттар табыс етілді. Сондай-ақ қаланың жас инспекторларына «Жол ережесін сақтаймын!» ұранымен өтетін ресейлік марафонға шақырту түсіп отыр. Ұйымдастырушылар жыл бойы алдын алу шараларын өткізіп тұруды және солардың нәтижесінде бейнекітап шығаруды жоспарлауда.



 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив