KZ
Өскемен
+10°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, С
449.58 486.94 4.86

Зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер жайлы не білеміз?

27.02.2018, 05:15 396

Зейнетақы жүйесі – халықтың барлық әлеуметтік топтарын қамтитын тақырып. Биыл зейнетақы заңнамасына енгізілген бірқатар маңызды өзгерістер жайлы сауалдарға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Қарлығаш Байділдаева жауап берген еді. Сонымен, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттік бюджеттен төленетін базалық зейнетақыны есептеу тәртібі өзгере ме? Зейнетақы қорындағы жинақты қандай жағдайда алуға болады? Зейнеткерлікке сегіз жыл бұрын шығуға бола ма? Бөлімшелер неліктен жабылуда?


 БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері тек ай сайын жүзеге асырылады


-Зейнетақы жүйесін жаңғыртудағы басты міндет - оны нығайту және зейнетақы төлемдерінің тиімділігін арттыру. 2018 жылдан бастап әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасын ұлғайту және базалық зейнетақыны есептеуге қатысты өзгерістер күшіне енді. Бұл ретте базалық зейнетақыны тағайындауда 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі, сондай-ақ зейнетақы жарналарын төлеумен расталатын, 1998 жылдан кейінгі еңбек өтілі ескерілетін болады. Бұдан басқа, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан берілетін зейнетақы төлемдерін есептеу тәртібі мен оларды алу кестесі де өзгеріске ұшырады,-дейді зейнетақы қорының облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Қарлығаш Байділдаева.

Еліміздің зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес, зейнеткерлік жасқа толуға және I, II топтардағы мүгедектік мерзімсіз болып белгіленуіне байланысты БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу барысында зейнетақы жинақтарының бүкіл сомасын біржола алуды жою жоспарланған. Бұл ретте жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының сомасы ең төменгі зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаған жағдайда, бұл сома алушыға БЖЗҚ-дан бір рет толығымен төленеді. 2018 жылы бұл сома: 33 745 x12 = 404 940 теңгені құрайды. Ал егер салымшы зейнетақы төлемдерін алу үшін зейнетақы Қорына жүгінген күні оның зейнетақы жинақтарының сомасы ең төменгі зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен асатын болса, зейнетақы төлемдері тек ай сайын ғана жүзеге асырылатын болады.


БЖЗҚ-дан төленетін ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің мөлшері Үкімет Қаулысымен бекітілген, Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесіне сәйкес, зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасының он екіден бір бөлігі ретінде (12/1) айқындалады. Әдістеме бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы, алушының тиісті жасындағы зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының коэффициенті ескеріледі. Бұл коэффициент – зейнетақы жинақтарының инвестициялық басқаруда болған мерзімін есепке ала отырып, олардың болашақтағы құнын ескеретін көрсеткіш. Зейнетақы төлемдерін алушының жасына қарай оның зейнетақы жинақтарының сомасы тиісті коэффициентке көбейтіліп, 12-ге бөлінеді. Одан шығатын сома зейнетақы Қорынан жүзеге асырылатын ай сайынғы төлем болып шығады. Бірақ, ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің мөлшері тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан төмен болмайды.


Базалық зейнетақыны есептеу тәртібі өзгереді


Қарлығаш Науанқызы түсіндіріп өткендей, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттік бюджеттен төленетін базалық зейнетақы еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін ескере отырып тағайындалады. Яғни, базалық зейнетақыны есептеу тәртібі өзгереді.


Бүгінде базалық зейнетақы барлық зейнеткерлерге 14 466 теңге көлемінде төленеді (ең төмен күнкөріс деңгейінің жартысынан сәл жоғары). Зейнеткердің жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл және одан төмен болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құрайды. 10 жылдан асқан әрбір жыл үшін оның көлемі екі пайызға ұлғайтылып отырады. Ал өтілі 33 жыл болғанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызын құрайтын базалық зейнетақының ең жоғары мөлшерін алуға болады. Яғни, адам неғұрлым көп жұмыс істеген сайын оның жинақтаушы және базалық зейнетақысы да көбірек болады.


Ал ынтымақты зейнетақыға қатысты айтар болсақ, 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі жоқ немесе ол алты айдан төмен болған азаматтар ынтымақты жүйеден зейнетақы ала алмайды. Яғни, 1980-1982 жылдардан кейін туған азаматтарға еңбек өтілі бойынша бюджет қаражаты есебінен зейнетақы тағайындалмайды. Дегенмен, бұл азаматтар мемлекет тарапынан зейнетақымен қамсыздандырудың ең төменгі кепілдіктерін алуға құқылы. Бұл - бүгінгі базалық зейнетақы. Мамандардың айтуынша, ынтымақты құрамдауыш біртіндеп жойылып, жинақтаушы құрамдауыштың үлесі артады. Сөйтіп, 2030 жылға дейін зейнетақы жүйесінде жинақтаушы құрамдауыштың үлесі басым болады. Қордағы зейнетақы төлемдері салымшы өтініш жасаған күннен бастап белгіленіп, таусылғанша төленеді.


Филиалдық желісін оңтайландырды


БЖЗҚ бөлімшелерінің санын 218-ге дейін қысқартуды жоспарлап отыр. Қор бөлімшелеріне түсетін жүктемені, келушілер саны мен жүзеге асырылған операциялар санына талдау жасай келе, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры өзінің филиалдық желісін оңтайландыруды ұйғарды. Бұл ретте зейнетақы қызметтерін қашықтықтан көрсету және кеңестер беру арналарының дамытылып жатқандығы ескерілген. Осыған орай, салымшылардың аз келуіне байланысты ақпан айында елді мекендердегі сегіз дербес қызмет көрсету орталығы жабылатын болды. Олардың ішінде Серебрянск және Шар қаласындағы қызмет көрсету орталықтары бар.


-Айта кетелік, жоғарыда аталған елді мекендер аудан орталықтары емес. Оларға жақын орналасқан аудан орталықтарындағы БЖЗҚ бөлімшелері жұмыстарын жалғастыратын болады. Сонымен қатар тұрғындарға көрсетілетін қызметтер электрондық қызмет және көшпелі қызмет көрсету әдісі арқылы жүзеге асырылады,-деді Қарлығаш Науанқызы.

Сондай-ақ бірінші ақпаннан бастап Өскемен, Семей қалаларында бір бөлімшеден ғана қалды. Республика бойынша бес бөлімше жабылды. Атап айтқанда, өңіріміз бойынша Өскемендегі Виноградов көшесіндегі және Семей қаласы Затаевич көшесіндегі бөлімше қызметін тоқтатты.


Зейнетақы қорындағы жинағын кімдер ала алады?


1.«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңға сәйкес, ерлер 63 жасқа, әйелдер 58 жасқа толғанда (2018 жылғы 1 қаңтардан бастап – 58,5 жасқа, осылайша жыл сайын алты айдан қосылып, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – 63 жасқа толғанда);


2.Заң тармағына сәйкес, ең төмен зейнетақы мөлшерiнен кем емес төлемдi қамтамасыз ету үшiн зейнетақы жинақтары жеткiлiктi болған кезде:


- ерлер 55 жасқа толғанда, зейнетақы жинағы 9 миллион теңге болса; әйелдер 50 жасқа толғанда (2018 жылғы 1 қаңтардан – 50,5 жасқа, осылайша жыл сайын алты айдан қосылып, 2027 жылғы 1 қаңтардан – 55 жасқа толғанда), зейнетақы жинағы 12 миллион теңге болса,  сақтандыру ұйымымен сақтандыру төлемдерін өмір бойы жүзеге асыру туралы зейнетақы аннуитеті шартын жасау арқылы. Бұл кәсіпкерлікпен айналысып, қомақты қаражат табатындар үшін ұтымды ұсыныс болып тұр.


Егер мүгедектiгi мерзiмсiз болып белгiленсе, 1, 2 топтардағы мүгедектердiң;


4.Елден тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен, кету дерегін растайтын құжаттарды ұсынған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың мiндеттi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақы төлемдерiн алуға құқығы бар.


 


 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив