KZ
Өскемен
+10°
ясно жел 10 м/с, С
443.85 474.3 4.8

Семейдің көлік - логистикалық әлеуеті зор

20.02.2018, 03:54 159

Осыдан үш жыл бұрын ел Президентінің «Нұрлы жол – нұрлы болашаққа бастар жол» атты Жолдауының міндеттемесі аясында Семей қаласы әкімдігінің ұйытқы болуымен шаһарда көліктік-логистикалық хаб құру туралы тың бастама көтерілген еді. Бүгінде аталмыш іргелі шараның үштен бірі толық орындалып, жаңа кезеңге көтерілді.


Мемлекет басшысының ел Шығысынан логистикалық хаб құру туралы тапсырмасы бірінші кезекте жергілікті теміржолшылар тарапынан да зор қолдау тапты. Осынау мақсатта «ҚТЖ» ҰК» АҚ Семей жүк тасымалы бөлімшесі филиалы ауқымды жұмыстар жасады. Нақтырақ айтсақ, аталмыш бағытты дендеп зерттеп, өңірдегі көліктік-логистиканы дамытудың өзіндік бағдарламасын да әзірлеп шыққан еді. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жобалар аясында теміржолшылармен бірге, әуе және су жолдары мен жергілікті атқарушы билік бірлесіп жұмыс жүргізуде. Жалпы, Семейде бой түзеуі тиіс көлік-логистикалық орталық үш бөліктен тұрмақ. «Солтүстік», «Оңтүстік» және «Әуежай» орталықтарының функционалдық қызметтеріне бірінші кезекте «қойма операцияларын» жүзеге асыру кіреді. Қазіргі күні алғашқы орталық толық салынып болып, қолданысқа берілді. Бұл нысанның жалпы аумағы үш жарым гектарды құрап отыр. Екі жарым мың шаршы метр жерге азық-түлік өнімдерін саудалауға арналған модулі бар. Оған қосымша өндірістік тауарларды сатуға арналған модульдің құрылысы да толық аяқталды. Сондай-ақ, әлеуметтік құрылым әзірлеу үшін көліктік-логистикалық орталығы құрамына қосымша үш гектар жерді қосып беру мәселесі де көтеріліп, қолдау табуда.


Сол тәрізді қала іргесіндегі «Әуежай» көлік-логистикалық орталығының құрылысын жүзеге асыруға қажетті шаралардың барлығы атқарылған. Орналасатын жер телімі анықталып, бекітілді. Әуежайдағы ұшу-қону жолағына қатысты мәселелер жұмыс толық шешімін тапты. Бір ерекшелік биылғы жылы аталмыш нысан облыс әкімі Даниал Ахметовтың ұйытқы болуымен күрделі жөндеуден өтіп, қайта жаңарды.


Бұл ретте пікір білдірген халықаралық «Семей әуежайы» ЖШС-ның жер беті қызметі басшысы Рашид Ғазизов логистикалық ортақ жүйе құру үшін екі немесе одан да көп көлік қызметі пайдаланылатынын айтады. Осы орайда Семей қаласының геосаяси маңыздылығы зор. Халықаралық Омбы-Майқапшағай автокөлік желісі, Ертістегі Ресей мен Қытайды жалғайтын су жолы, әуе жолы, Транссібір магистраліне шығаратын теміржол мен Трансазия магистралінің солтүстік және орталық дәлізі зор мүмкіндіктер береді. Мәселен, Семей әуежайымен ең жақын теміржол желісінің арақашықтығы не бары екі шақырымды ғана құрайды екен.


Ал, «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Семей ЖТ бөлімшесі» филиалының логистика және тасымалды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Еркін Тойкеновтың айтуынша логистикалық хаб құру мақсатында қаланың Жаңасемей аумағынан 42 гектар жер бөлінген. Инфрақұрылымдық негіздемелері толық әзірленді. Ел үкіметі бекітсе, таяу арада құрылыс қарқын алмақ. Аталмыш аумақ Жаңасемей жол дистанциясы баллансына қарайды. Соның аясында қалалық әкімдіктің кәсіпкерлік бөлімі қызметкерлерімен бірлесіп жобаны нақтылау жұмыстары жүргізілген-тын.


Қазіргі күндері семейлік теміржолшылар көліктік - логистиканы дамыту бағдарламасының болжалды нәтижелерін де бағдамдап қойыпты. Соның ішінде орын алуы тиіс ең үлкен жетістік – Семей порты арқылы контейнер түріндегі жүк аударымын жылына 60 мың тоннаға жеткізу мүмкіндігі болып отыр. Бұл тарапта Семейде осыған дейін бірнеше мәрте халықаралық деңгейдегі басқосулар болып өткен-ді. Мәселен Семей қаласы - Ресей мен Қытайдың транзиттік жүк ағынының дәл орталығында орналасқан. Қала аумағынан Майқапшағай және Бақты кеден бекеттеріне тікелей халықаралық автокөлік жолы бар. Бұл да аталмыш жобаның тиімділігін еселей түседі. Тағы бір маңызды ақпарат, бүгінде Қытай үкіметі ішкі Моңғолиядан Бақты кеден бекеті аралығында теміржол желісін салмақ. Ал бұл желі жаңа жоба бойынша Шәуешек шаһарынан шығып Аягөз қаласына дейін созылып, магистральмен түйісетін болады. Таяу болашақта салынатын орталықтың әлеуетін бұл жоба тағы да еселейді. Ал логистикалық орталықты салу алдағы екі жыл ішінде жүзеге асады деп көзделуде. Бүгінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ Елбасы бастамасымен «Қазақстан – жаңа Жібек жолы» мега жобасы аясында еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруда маңызды қадамдарға көшті. Ал жүк тасымалындағы әлеует әлі де арта берері анық. Яғни, Семей байырғы Жібек жолы бойындағы тарихи рөлін қалпына келтіріп, Еуропа мен Азияның арасындағы өзіндік көпір ретінде Орта Азиядағы ірі іскерлік транзиттік хабқа айналатын күн алыс емес.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив