KZ
Өскемен
+19°
пасмурно жел 2 м/с, СБ
448.89 477.93 4.76

Жарысқа Әлем чемпиондары да қатысты

15.02.2018, 07:37 169

Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов кентінде қол күресінен облыстық біріншілік өтті. Бір айта кетерлігі, облыстық спорт ардагерлері кеңесінің мұрындық болуымен өткен жарысқа ардагерлерден бөлек мүмкіндігі шектеулі жандар да қатысты.


Білектілер сайысына Өскемен, Семей, Риддер қалаларынан, сондай-ақ Глубокое, Жарма, Зырян, Тарбағатай және Шемонайха аудандарынан 130-ға жуық спортшы жиналып, өзара мықтыны анықтады. Сайыстың ашылуында еліміздің армрестлинг федерациясы директорының міндетін атқарушы Сергей Соколов, қол күресінен Әлемнің үш дүркін чемпионы Еркін Әлімжанов, облыстық спорт ардагерлер кеңесінің төрағасы, Бүкіләлемдік қол күресі федерациясы президентінің кеңесшісі Мұхаметолла Ағзамов сөз сөйлеп, қатысушыларды жарыстың басталуымен құттықтады. Тағы бір айта кетер жайт, жарыстың ашылуында 2017 жылдың қараша айында Польшада өткен армрестлингтен Әлем кубогінде сәтті өнер көрсеткен шығысқазақстандық мүмкіндігі шектеулі жандар облыстық қол күресі федерациясының арнайы сыйлықтарымен марапатталды.


Жарысқа қатысушылар салмағы мен жасына қарай 27 топқа бөлініп, күш сынасты. Жүлде үшін күрес жүргізгендердің ішінде халықаралық аренада айтулы жетістіктерге жеткен Ораз Басаров, Зарина Примак, Владимир Уфимцев, Мұхаметолла Ағзамов сынды белгілі спортшылар да болды. Тартысқа толы жарыс қорытындысында жүлдеге іліккен саңлақтар облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының мақтау қағаздары мен естелік сыйлықтарына ие болды.


Айта кетейік, бұл ағымдағы жылы спорт ардагерлері кеңесінің бастамасымен өткен облыстық деңгейдегі екінші ірі жарыс болды. Осыдан біраз бұрын ардагер спортшылар мен мүмкіндігі шектеулі жандар Өскемен қаласында армлифтингтен ұйымдастырылған додаға да қатысқан-ды.


Облыстық спорт ардагерлері кеңесінің төрағасы Мұхаметолла Ағзамовтың айтуынша, жыл соңына дейін Шығыс Қазақстанда дәл осындай тағы 10 жарыс өтпек. Оларға қатысушылар волейбол, тоғызқұмалақ, гір спорты, қазақ күресі, жеңіл атлетика, самбо, үстел теннисі, дойбы мен шахматтан шеберлік байқасатын болады.


 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив