KZ
Өскемен
+9°
небольшая облачность жел 1 м/с, С
439.43 473.31 4.82

Арынды арыстардың ізі қалған...

12.02.2018, 10:14 149

Қазақтың ұланғайыр сахарасында қасиетті жерлер аз емес. Әдетте киелі орынға белгілі бір өлкенің тау-тасы, географиялық ландшафты яғни табиғи аймағы баланып жатады. Ол заңды құбылыс. Алайда кешегі ұлылардың ізі қалған елдімекендер мен нысандарды бұл қатардан алып тастау, сөзсіз қателік болары анық. Осы турасында Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында нақтылап айтқан-тын. Айтулы мақаланың шеңберінде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы қолға алынды. Соның арқасында елдегі рухани орындар анықталып, олардың біріңғай тізімі әзірленді. Қуантарлығы жалпыұлттық киелі жерлердің арасынан Шығыс Қазақстанның жауһарларыда табылып отыр. Солардың ішінде бірі де бірегейі Семейдегі «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» мұражайы. Бүгінгі мақаламызға да дәл осы тарихи ғимарат арқау болмақ.


Өз заманында мұнда Алаш қозғалысының белсендісі Әнияр Молдабаев тұрған. Ал бұл үйді оған хакім Абай алып беруге көмектескен деседі. Бұл ретте Әнияр Молдабаевтың өмірінен біраз мағлұматтарды келтіруді жөн санадық. Ол қазақ қоғамында түрлі қызметімен халыққа етене таныс еді. Белгілі тұлға, шенеунік, мемлекеттік банк қызметкері дәрежесіне дейін көтеріле білді. Қоғам қайраткері 1856 жылы Шыңғыс болысында дүниеге келген. Əкесі Қожабай ағаштан түйін түйген бесаспап шебер болған екен. Осы орайда ол ұлы Абайдың тәрбиесін көргенін айта кету керек.


-Данышпан ақын дарынды Əниярды Семейге əкеліп «Русско-киргизское училищесіне» оқуға табыс етеді. Бұл оқу орнын ХІХ ғасырдың орта тұсында қазақ балаларын оқытуға үкімет арнайы ашқан. Патшаның кеңселеріне керекті қазақ тілмаштары мен көмекшілерін, жалпы ұсақ шенеуніктерді сондай мектептерде дайындаған. Кемеңгер жазушы М. Əуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Əниярдың прототипі  Данияр  Қондыбаев деген атпен берілді. Мұнда Абайдың бірнеше жетім балаларды оқуға түсіргендігі, соның ішінде Əнияр туралыда айтылады, - деген Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-мұражайының жетекші ғылыми қызметкері Нұрсұлу Санақбекқызы, Семейде алған бес сыныптық білімін ол Ташкентте жалғастырғанын атап өтті.


Ұлт-азаттық қозғалысы жылдары Əлихан Бөкейхановтың басшылығымен «Алаш» партиясы Семей облыстық комитетінің қазынаш


ысы ретінде Əнияр Молдабаев бекіген-ді. Сол сияқты осы жылдары ол Шəкəрім Құдайбердіұлы, Көкбай Жанатайұлы,  Нəзипа Құлжанова, Турағұл Абайұлы, Халел Ғаббасов, Əлімхан Ермеков, Райымжан Мəрсеков, Ахметжан Қозыбағаров және Биахмет Сəрсенов сынды ұлт зиялыларымен бірге Земство басқармасының мүшелігіне қабылданған екен.


-Əниярдың қазақ интеллигенттерімен тығыз байланыста болғандығы туралы Сəкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» романында: «Семейде областной«Алаш» партиясының ашылған  хабарын  жазған  едік. «Сарыарқаның» соңғы  нөмірінде  бұл туралы мынадай мақала басылды: «Алаш» партиясының Семейде уақытша областной комитеті ашылды. Комитетке кірген кісілер: Əлімхан Ермекұлы,  Райымжан Мəрсекұлы, Имам Əлімбекұлы, Ахметжан Қозыбағарұлы, Турағұл  Құнанбайұлы, Сыдық Дүйсенбайұлы, Данияр (Əнияр) Молдабайұлы және тағы басқалар. Комитет председателі Халел  Ғаббасұлы, секретары Сыдық Дүйсенбайұлы, қазынашысы Əнияр Молдабайұлы, құрметті председателі Əлихан Бөкейханұлы», - деп көрсетеді. Ұлы Абай көзі тірісінде оған едәуір қамқорлық көрсетті. Мұны атап өтпей кетуге болмайды. Себебі дәл осы тарихи үйді де тікелей қазақтың бас ақыны көпес Москвиннен сатып алуға қол ұшын берген. Мұнда    Кəкітай, Шəкəрім, Мағауия, Ақылбай, Турағұлдар жиі келіп жүрген. Кезінде Мұхтар Əуезовте осында тұрған, - деп сол кездегі тарихи жылнамамен бөлісті қорық-музейдің жетекші ғылыми қызметкері Мұратбек Кенемолдин.

Сол сияқты азаматтық қарсыласу жылдары мұнда Алашорда басшылары Əлихан  Бөкейханов және Міржақып Дулатовтың отбасылары мекендеген екен. Бұл туралы Гүлнар Міржақыпқызы «Алаштың сөнбес жұлдыздары» атты мемуар еңбегінде: «Əкем1921-1922 жылдары Семей губсотында жұмыс істеді де, біз Комиссар көшесіндегі Əнияр  Молдабаевтың екі қабатты жекеменшік үйінде тұрдық. Үстіңгі қабатында біз – Дулатовтар, біріншісінде Əлихан атекемнің (Бөкейханов) үй-іші жайғасқан еді», - деп естелігімен бөліскен. Ал көрнекті жазушы Сапарғали Бегалин «Замана белестері» кітабында осында тұрғандығын, сондай-ақ ерлі-зайыпты Нұрғали жəне Нəзипа  Құлжановтардан дəріс алғанын тілге тиек еткен. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлыда әйелі Бадрисафамен бұл үйде мекен еткенін сарапшылар дәлелдеп отыр. Ағаштан салынған тарихи ғимарат, ерекше сәулет үлгісімен көрікті. 1944 жылы Абайдың100 жылдық мерейтойына орай М.Əуезовтің ұсынысымен бас ақынның мұражайы, осы үйге орналасыпты. Кейіннен 1967-1990 жылдары қалалық балалар кітапханасы болған. Тек 1990 жылы аталмыш нысан Абай мұражайының қарамағына берілді. 1996-1997 жылдары ғимарат күрделі жөндеуден  өтті. 1997 жылы 23 қыркүйекте М.Əуезовтің 100 жылдығына байланысты мұнда Абайдың мемлекеттік мұражайының «Алаш арыстары– Мұхтар  Əуезов» бөлімі  салтанатты  түрде  ашылды. Оның ашылу салтанатына сол уақыттағы ҚР Мемлекеттік хатшысы Əбіш  Кекілбаев пен Республика премьер-министрінің  орынбасары, білім жəне мəдениет  министрі Иманғали Тасмағамбетовке беріліпті. Былтыр Алаш автономиясының ғасыр тойына орай мұражайдың экспозициясы толығымен жаңарды.



 


-Бұрнағы жылдары музейдің экспозициясы екінші қабатта ғана болатын. Ал реэкспозициядан кейін оның көлемі ұлғайтылды. Астыңғы бөлімдер сол кезеңдегі тұрмыс-тіршілікті көрсететін құнды жәдігерлермен толықты. Жаңартылған бөлімнің ғылыми тұжырымдасын дайындауға Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің беделді алаштанушы ғалымдары Диқан Қамзабекұлы және Сұлтанхан Аққұлұлы көмектесті. Соған сәйкес тақырыптық-экспозициялық жоспар бекітілді. Ол Алаш қозғалысы тарихының 6 кезеңін қамтып отыр. Тың құжаттар мен деректер өзгеше қырынан көрсетілген, - дейді Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Мейрамгүл Қайрамбева.

Тағы бір айта кетерлігі мұражайдың екінші қабаты айрықша мәнерде жасалыпты. Нақтырақ келтіргенде бұл жерге Ә. Бөкейханұлы, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатов, Ш. Құдайбердіұлы, сол секілді М. Әуезовтің балауыз мүсіндері қойылған. Оларды дайындау барысында суретшілер заман талабына сай керамопласт, шыныталшық сынды материалдарды қолданды. Балауыз фигуралары астаналық Төлеуғазы Байғалиев бастаған суретшілер тобының қолынан шыққан. Бүгінде жаңарған экспозицияға қызығушылық білдіргендердің қарасы қалың. Жәнеде келушілердің дені жастар екен. Бұл жас ұрпақтың ел тарихын білуге деген ынтаның жоғары екенін көрсетсе керек. Одан басқа музейде бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған құжаттар мен фотосуреттер орын алып отыр. Сонымен қатар белгілі ғалымдар Диқан Қамзабекұлы және Сұлтанхан Аққұлұлы, ғылыми тұжырымдамадан бөлек, қолдағы құнды материалдарымен бөлісіп жаңғыртылған экспозицияның мәнді де мағыналы болуына үлкен септігін тигізген. Тарихтан тағы бір құнды дерек. 1922 жылдың күзінде бұл үйде тұрып жатқан ұлт көсемі Әлихан Бөкейханұлы мен Міржақып Дұлатовты маршал Тухачевскидің 5-ші армиясы тұтқындап әкетіпті. Олармен бірге Семейдегі түрмеге Турағұлды жабылған. Бұл туралы Алаш тақырыбында қалам тербеп жүрген зерттеуші М. Кенемолдин былай деп айтып берді:


-Егерде қазақ зиялыларын жергілікті НКВД тұтқындаса, халық арасында үлкен толқу болады деген қауіп болды. Ал армиядан көпшілік сескенетін. Сондықтан бұл тапсырма әскерге жүктелді. Әлихан бастаған үш адам Міржақып және Турағұл Семейдегі түрмеде 3-4 айдай қамалып жатты. Сол жылы Міржақып пен Турағұл босатылды. Бөкейхановті керісінше Мәскеуге тергеуге алып кетті. Көрдіңіз бе, бұл үйдің тарихы тереңде. 1917 жылдың өзінде Алаш қозғалысының мүшелері мұнда жиі келіп, ұлт тағдырына қатысты маңызды жоспарларын талқылаған, - деді М. Кенемолдин.

Алдағы уақытта «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» мұражайы туристік маршрутка енеді деп көзделуде. Музей ұжымы мәдени ошақтың үлкен туристік нысанға айналарына сенімді. Осы ретте Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің барлық нысандарының координаттары онлайн-картаға берілгенін атап өткен абзал. Ол үшін 2GIS мобильді қосымшасы жеткілікті. Сол арқылы әр адам арынды ұлылардың ізі қалған киелі мекенге жол тарта алады. Тұтастай алғанда Алаш және Семей, егіз ұғым. Бұл пікірімізді көкірегі ояу ғалымдардың кез келгені мойндайтыны анық. Тәуелсіздікті алғанымызға ширек ғасыр ғана толғанын ескерсек, «Алаш» тақырыбы әлі де болса толық зерделеуді талап ететіні әсте белгілі. Өйткені бұған қатысты беймәлім құпиялар баршылық.


Мақаланың толық нұсқасын «Дидар» газетінің алдағы санынан оқи аласыздар.     


  

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив