KZ
Өскемен
+6°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, З
448.15 483.46 4.86

Биыл 16 жылыту бекеті дайындалған

7.02.2018, 12:03 132

Облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Марат Хасенов кеңес өткізіп, былтырғы жылды қорытындылап, биыл қолға алынар жұмыстар турасында баяндады.


Кеңесте облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауын талқылады. Басқосуда Марат Хасенов барлық қызметкерді Президент Жолдауында жүктелген міндеттерді бірлесіп орындауға шақырды.


Кеңес барысында негізінен екі мәселе қаралды. Оның біріншісі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдарды жүзеге асыру жайында болды. Ал екінші мәселеде өрт сөндіру техникаларын жаңарту жөнінде кеңінен әңгіме өрбітілді.


Жиында белгілі болғандай, өткен жылы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің кезекшілік қызметі 530 оқиғаның алдын алу үшін жедел іс-әрекеттер жасаған. Сонымен қатар, өртке қарсы құтқарушылық бөлімшелерінің қызметкерлері 7600 жедел оқиға орнына барып, 1300 адамды құтқарып, зардап шеккен 500 адамға алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Бұдан бөлек, мамандар 2300 адамды қауіпсіз жерлерге көшіріпті.


Биылғы қыс маусымында мамандар облыстағы төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында жергілікті полиция қызметімен бірлесіп жұмыс істеуде. Ресми дерек көздеріне сүйенсек, өңірде қарлы бұрқасын соғып тұратын 11 аумақ тіркелген. Бұл жерлерде стационарлық қарды ұстап қалатын сегіз шақырымдық қалқандар орнатылған. Осы орайда, қарлы бұрқасындар мен қолайсыз ауа райы кезінде зардап шеккен жолаушыларға көмек көрсету үшін облыста 16 жылыту бекеті дайындалғанын айта кеткен орынды.


– Бақылауға алынған объектілерде өрттің алдын алу мақсатында  облыстық төтенше жағдайлар департаменті  2500 тексеру жүргізді. Нәтижесінде 1600 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өрттің 80 пайызы жеке тұрғын үй секторларында орын алады. Ал мұндай жағдайда қауіпсіздік ережелерін сақтамаған үй иелеріне «Әкімшілік бұзушылықтар туралы» Кодекске сәйкес «ескерту» жасалып, айыппұл салынады, - дейді Марат Хасенов.

Былтыр өңірдегі аудандардың шалғай ауылдарында бес өрт сөндіру бекеті құрылған. Ал биыл дәл осындай 10 бекет құру жоспарланған. Айта кетейік, қазір облыс бойынша 59 өрт сөндіру бекеті жұмыс істеуде.


Кеңесті қорытындылай келе, Марат Хасенов облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлеріне міндеттелген тапсырмаларды дер кезінде орындап, қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды.


 


 


 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив