KZ
Өскемен
+7°
переменная облачность жел 6 м/с, СБ
446.49 475.38 4.79

Қатерлі дерттің алдын алу үшін не істеу керек?

7.02.2018, 10:04 181

Әлемде онкологиялық аурулардың саны жылдан-жылға артып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, қатерлі ісікпен ауыратындар және осы ауру салдарынан көз жұматындар саны 2020 жылға дейін әлем бойынша 1,5-2 есеге артады деген болжам бар. Соңғы жылдары онкологиялық аурулардың «жасарып» келе жатқандығын ескерсек, әр адам өз денсаулығы үшін медициналық тексеруден өтіп тұруы қажет. Осы орайда Дүниежүзілік онкологиялық ауруларға қарсы күрес күніне байланысты облыстық онкологиялық диспансерде ашық есік күні өтті. Бұл күні тұрғындар тұрғылықты жеріне қарасты емхана дәрігерінің жолдамасы болмаса да білікті онколог дәрігерлерден кеңес алды.


                                        Ауырып ем іздегенше...


Ауруды ерте анықтау және емдеудің жаңа технологиялары бойынша жинақталған әлемдік тәжірибені пайдалана отырып ауру асқынуының алдын алуға болады.  Аурудың қай сатыда анықталғанына байланысты ем жасалады. Өйткені мамандардың айтуынша, ауруды асқындырып алған жағдайда емдеу қиынға соғады.


Зерттеушілердің мәліметінше, обыр ауруының себептері тамақтану сипаты, шылым шегу, созылмалы ауруларды дер кезінде емдемеу, алкогольді ішімдік, қоршаған ортаның ластануы, тұқым қуалау сияқты бірнеше факторлардан тұрады.


Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, онкологиялық аурулардың әрбір үшіншісінің алдын алуға болады. Мәселен, шылымды, алкогольді қолданбау, денсаулыққа зиянды химиялық тағамдардан бас тартып, табиғи тағамдарды пайдалану, спортпен шұғылдану, өз жасына сай дене салмағын сақтау және тұрақты түрде медициналық тексерулерден өту қатерлі дерттің алдын алуға ықпал етеді.


[su_slider source="media: 23470,23474,23473,23471,23449"]


                 Сырқаттанушылар саны өсіп келеді


Өкінішке қарай, облысымызда обырмен сырқаттанушылардың абсолюттік саны ұлғайып келеді. Қатерлі ісікпен ауыратын науқастар санының өсуі 4,5 пайызды құрап отыр. Ал обырдан қайтыс болу көрсеткіші біршама азайған. Бұл өңірімізде жүргізіліп жатқан скринингтік бағдарламалар, профилактикалық тексерулер және емханалардағы арнайы тексеру бөлмелерінің санын көбейту арқылы онкологиялық аурулардың алдын алуға бағытталған жұмыстардың нәтижесі деуге болады.


-2016-2017 жылдары науқастардың қатерлі ісіктен қайтыс болу деңгейі екі пайызға төмендеді. Бұл ең бірінші кезекте, қатерлі ісіктерді ерте сатыларда анықтауға және емдеу нәтижелерінің тиімділігіне байланысты,-дейді облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігерінің міндетін атқарушы Ләйлә Әміреева.


Ләйлә Мұратқызының айтуынша, өңірімізде соңғы екі жылда ауруды ерте анықтау көрсеткіші  0,3 пайызға артқаны, бес жыл өмір сүру көрсеткішінің 0,4 пайызға артқаны, сонымен қатар, қатерлі ісіктердің асқыну көрсеткішінің 17 пайызға төмендегені байқалады.


                                   Ойып беру!


30-70 жас аралығындағы әйелдер төрт жылда бір рет жатыр мойнындағы өзгерістерді анықтап, қатерлі ісіктен сақтану мақсатында окноцитологиялық сараптамадан өтуі тиіс.


40-70 жас аралығындағы әйелдер сүт бездеріндегі өзгерістер мен осы ағзадағы ісікті ертерек анықтау үшін екі жылда бір рет скринингке қатысып, маммографиялық тексеруден өткені жөн.


50-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер полипоз, тоқ ішек обырының алдын алу үшін скринингтен өтуі керек.


                  Шетелдік дәрігерлермен тығыз байланыста


2017 жылы «Шығыс Қазақстан облысында денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттырудың 2017 – 2019 жылдарға арналған кешенді жоспары» жасалып, жүзеге асырылуда. Кешенді жоспардың негізгі екі бағыты –білікті  мамандар даярлау және материалдық-техникалық базаны жақсарту болды. Аталған бағдарлама аясында 401 онкологиялық қызмет көрсету маманы мен алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметкерлері білім-біліктерін көтерді.


Облыстық онкологиялық диспансер базасында шетелдік білікті мамандардың қатысуымен емдеудің жоғарытехнологиялық хирургиялық әдіс-тәсілдері бойынша екі шеберлік сыныбы өтті. Атап айтқанда, бұл халықаралық ғылыми-тәжірибелік шеберлік сыныптарына медицина ғылымдарының кандидаты, «ЛИСОД» Израиль онкологиялық клиникасындағы хирургия бөлімінің басшысы Сергей Байдо және  уролог-дәрігер, Святитель Лука атындағы клиниканың бас дәрігері, медицина ғылымдарының докторы Сергей Попов қатысып, лапароскопиялық немесе эндовидеохирургиялық ота жасаудың заманауи әдіс-тәсілдерімен бөлісті.


Бүгінге дейін онкологиялық диспансерде 90-нан астам лапароскопиялық оталар жасалған. Эндовидехирургиялық отаның артықшылығы – жарақаттың аз болуы, дәлдік, адам ағзасындағы қол жетпейтін жерлерге ота жасау мүмкіндігі. Сонымен қатар, бұрынғы дәстүрлі хирургиялық емдеудің әдіс-тәсілдерімен салыстырсақ, лапароскопияда отадан кейінгі асқынулар аз болып, науқастың жылдам қалпына келуіне және ем қабылдау мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.


Былтыр Ұлыбританиядағы онкологиялық орталықта өңіріміздің жеті түрлі маман иелерінен құралған онколог дәрігерлер тобы білім-біліктерін арттырып қайтты.


                         Заманауи қондырғылармен жабдықталды


Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің тапсырмасын жүзеге асыру аясында облыстағы онкологиялық диспансерлерді заманауи медициналық құралдармен жабдықтау және қатерлі ісікті анықтау мен емдеудің жаңа технологияларын енгізуде біршама жұмыстар атқарылды. Бүгінде облыстық онкологиялық диспансерде 868 018 800 теңгенің 17 медициналық техникасы сатып алынды. Атап айтқанда, заманауи компьютерлік томограф, ультра дыбыстық зерттеу аппараты, гастроинтестиналды видеоскоп, портативті УДЗ аппараты, эндовидеохирургиялық кешен, лапароскопиялық отаға арналған екі мониторлы 3D видеоформат, наркоз аппараттары, хирургиялық үстелдер, арнайы төсектер мен химиотерапия жүргізуге арналған креслолар алынған. Сәулемен емдеу орталығының шатырына күрделі жөндеу жүргізіліп, компьютерлік томограф орнатылатын орын дайындалды. Диспансерді қажетті құралдармен жабдықтау және жаңғырту жұмыстары биыл да жалғасатын болады.


Ләйлә Мұратқызы айтып өткендей, жуық арада сәулемен емдеу орталығын ағымдағы жөндеуден өткізу, ал диспансердің хирургиялық ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.


Еліміздегі онкологиялық науқастарды сауықтырумен айналысатын жалғыз оңалту бөлімі облыстық онкологиялық диспансерде орналасқан.


Бұл бөлімде жыл сайын 200-ден астам науқас қалпына келтіру ем-шараларын алады. Мұнда ақ халатты абзал жандар науқастарды отаға дейінгі және кейінгі дайындықтан өткізіп, емдік денешынықтыру жасатады. Сүт бездеріндегі қатерлі ісік салдарынан радикалды ота жасатқан науқастарды сауықтырумен айналысады.


 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив